– «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында «Қазақтың мың күйі», «Қазақтың мың әні» жобасы ел-жұртты бір сілкінтіп тастағаны белгілі. Бірақ бұл жарық көрген әндер мен күйлер қарапайым халыққа қолжетімсіз болып отырған көрінеді…
– Еліміз әнге де, күйге де бай. Шығармашылық тұлғаларымыз да жеткілікті. Атаулы жобаға әндер мен күйлер іріктеліп қана алынды. Қаншама рухани қазынамыз қаңтарылып тұр. Жапондар ұлттық өнерді дамытушыларды «Қызыл кітапқа» енгізіп, арнайы мемлекет қамқорлығына өткізеді екен. Жағдай жасағаннан кейін барып, шығармашылық дүниелерінің әлемді таңғалдыратындай болуын талап етеді. Біз қолөнер шеберлерін нарыққа салып қойдық. Ұлттық бұйымдар қайтіп нарыққа бейімделеді? Қазақы танымдағы, қолонердің қадірін біледі-ау дейтін ауылдағы жұрттың қалтасы қағылғалы қай заман? Мәдени мұраларымыздан айырылсақ, елдігімізден не қалады?
– Француздар бүкіл әлемнің өнерлілерін өздеріне жинап, өз мәдениеттерін дамытқан екен. Ал біз неге өз еліміздегі ұлттық өнердің өкілдерін ескермейміз?
– Мен мысалы, Парижде 4-5 рет концерт бердім. Өздері шақыртады, қаржыландырады, жазып алып, зерттейді. Рысбай Ғабдиев, Мағауия Хамзин, Қаршыға Ахмедияров тәрізді керемет күйшілер бақилық болып кетті. Сондай ел ішіндегі мықты тұлғалар орталықтарда үнтаспаларын жаздырып, шәкірттер тәрбиелесе, нұр үстіне нұр болар еді. Ол үлкен шығынды да қажет етпейді. Құлдыраған экономиканы қалпына келтіруге болмайды, ал мәдениет жойылса, оның орны ешқашан қайтып толмайды.
– Қазақ өнерпаздарының басы бірікпейтін тәрізді. Барлығы тізе қосып, «бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарса», бүгінде көп мәселе өз шешімін тапқан болар ма еді? Қалай ойлайсыз?
– Өнер адамдарының жан-жаққа тартатындай да ешнәрсесі қалған жоқ. Біз үнемі өзіміздің «ұлттық өнердің театры болса» деп айтып жүрміз. Егер сен жыр, ән, күй тыңдағың келсе, баратын жерің бар ма? Жоқ! Ал әнші-жыршылар, күйшілер концерт берейін десе, шашетектен шығынға батады. Әлгіндей ұлттық театрымызда бір күн Біржан сал, Ақан сері әндеріне кезек берілсе, келесі күні Қазанғаптың күйлері орындалса, жыршы-жыраулардың шығармашылық кештері болса, қандай ғажап. Оны толықтай мемлекет қаржыландыру керек. Ондай орталық болмағаннан кейін, қазақтың өнерін іздеген жұрт қайда барады?
– Жүйелі насихаттың жоқтығынан ауылдағы ел ұлттық өнердің алтын арқауынан ажырап қалғандай ма, қалай?
– Әсіресе, жастар жағы ұлттың музыкасынан мақұрым болды. Олар шетелдік әншілерді білуі мүмкін, ал өзіміздегі небір мықтылардың бар екенінен тіпті де хабарсыз күйде жүр.
– Бәріне қолайлы, жұрттың нағыз «көк жәшікке» телміретін прайм тайм уақытта түкке қажеті жоқ түрік, корей телехикаялары беріліп жатады. Соның орнына ұлтымызға ұсынар қажетті тарихи-мәдени хабарлар ұйымдастырылса ғой. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау шекараны шегендеумен ғана шектелмейді, рухани құндылығымызды дәріптеу, оны жас буынның бойына сіңіру арқылы да жүзеге асады емес пе?
– Әлбетте, солай. Лезде-ақ дәстүрімізден айырылып қалатын түріміз бар. Кезінде Наушаның күйлерін жоғалтып алдық. Бүгінде жүйелі түрде ел ішіндегі әндер мен күйлерді іздеп, зерттеп, оларды айналысқа енгізіп жатқандар жоққа тән. Мәдени мұраларымыз көзден бұлбұл ұшқан соң, ертең кімге өкпе артамыз?
– Осы бағытта ашылған «Мәдениет» телеарнасы да ауыл-аймақтарда мүлде көрсетпейді…
– Ауыл түгіл, қаланың өзінде ол телеарнаны көру мүмкіндігіне ие болатындар некен-саяқ. Бізде ұлттық бағыттағы кез келген дүниеге самарқаулық сезіледі.
– Ресей бағдарламаларын көшіруге келгенде алдына жан салмайтын қазақ телеарналары төл өнерімізге келгенде неге Шықбермес Шығайбайдың кебін киеді?
– Ұлттық құндылыққа байланысты бағдарламалар «рейтингі төмен» деген желеумен жабылып жатады. Сөйтіп, күні-түні жастарды желіктіретін арзанқол дүниелер назарға ұсынылады. Мәселе тек сұраныста десек, эфирді эротикалық өнімдермен толтыруымыз қажет пе? Тұрақты насихатталып, өз көрермені қалыптаспаса, қайтіп сұраныс болады? Сұранысты ғана ойласақ, болашағымызға балта шаппаймыз ба?
Кезінде Жүсіпбек Елебеков, Ғарифолла Құрманғалиевтердің өнері теле-радио арқылы елге еркін тарап отырды. Олардың содан тұлғалық қасиеті қалыптасты. Бүгінде сыбызғыда, жетігенде, шертерде ойнайтын мықты күйшілердің шығатын сахнасы, өнер көрсететін ортасы жоқ. Елдің беткеұстар Құрманғазы оркестрінің өзі көзден де, көңілден де кете бастады.
Күймен көмкерілетін бағдарламаларды естуден қалдық. Жаңалықтардың ішінен кішкене үзіндісі берілген Тәттімбеттің «Саржайлауын» жұрт жүрек түбінде, көңіл түкпірінде сақтап, бойға сіңірмейді дейсіз бе?
– Бір ғана Біржан салдың 80-ге шамалас әні бар екен. Қазақтағы қаншама ұлы композиторлардың шығармалары түгенделмей де, зерделенбей де келеді.
– Осы мәселелердің барлығы мені қанша жылдан бері толғандырып жүр. Қазақтың балаларын бірінші сыныптан бастап ән-күйге баулудың «Мұрагер» атты бағдарламасын қолға алған едік. Мұнда баланы қалай домбыра тартуға, суырып салып айтысуға, жыр жырлауға жылдам бейімдеуге болатыны жан-жақты қарастырылды. Ән-күйлердің шығу тарихы да баяндалады онда. Қазір осы бағдарлама негізінде елімізде 10 мыңнан астам бала тәлім алуда. Оның өзін шетелдік қоғамдық ұйымдардың демеушілігімен атқарудамыз. Әйткенмен, бұл бастаманы мектеп бағдарламасына енгізе алмай отырмыз. Мектеп стандартына кірмегеннен кейін ертең «Мұрагерге» тыйым салып тастаса қайтеміз? Бүкіл оқулықтары мен әдістемелері жазылды. Алғашқы нәтижелерін беріп те жатыр. Кейбір мектептерден 500-1000 балаға дейін шықты. Олардың барлығы домбырашы болмай-ақ қойсын, қандай саланың құлағын ұстаса да, ұлттық өнеріміз өмірлеріне рухани азық болады ғой. Ол сол жобамен оқытылған балалардың тыңдаушысы жоқ. Біздің өнеріміздің мықты болатын себебі – тыңдаушының сапасы жоғары болды. Жақсы тыңдаушысы бар орындаушы өзін-өзі шыңдау үстінде жүреді. Сын-ескертпенің арқасында шеберлігін жетілдіреді.
– «Мұрагер» бағдарламасында қазақтың домбырадан басқа да аспаптары қамтылған ба?
– Онда қазақтың ғана емес, түркі, шығыс халықтарының, тіпті Еуропаның музыкалық аспаптары орын алған. Опера, симфония, үнді биі сияқты өнердің сан саласы да түсіндіріледі. Бәрі де баланың жас ерекшелігіне, қабылдау деңгейіне байланысты оқытылады. Психологиялық тұрғыдан да жіті есептелген.
– Қайткенде атқамінерлер қазақ өнеріне жанашырлықпен қарайтын болады?
– Ел-жұрт, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы келелі талқылаулар ұйымдастырғанда ғана іс алға басады. Әйтпесе, лауазымды тұлғалардың есігінен сығалаудың өзі мұңға айналған заман емес пе?
– «Көкіл» мектебінің іргетасын өзіңіз қалағаныңыз мәлім. Осы мектеп жайында аз-кем мағлұмат бере кетсеңіз.
– 1995 жылы Алматыдағы алғашқы жекеменшік қазақ мектебі ретінде құрылды. Мектепте негізінен жалпы білім береді. Баланың қазақшасының дұрыс қалыптасуына көп күш жұмсалады. Сонымен қатар, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуда бейнелеу өнеріне арналған орталық, ән айтуға арналған студия жұмыс істейді. Және де ритмика залында балалар би үйренумен айналысады. Музыка сабағы «Мұрагер» бағдарламасы негізінде жүргізіледі. Оқушылар ән-күй сабағында халқымыздың әншілерінің, жыршыларының, күйшілерінің шығармаларын тәжірибе жүзінде домбырамен орындап үйренеді.
– Мектебіңіздің қасынан құрылған ансамбль де бар емес пе еді?
– «Көкіл» ансамблі әртүрлі қалалық, республикалық, қала берді, халықаралық конкурстарға қатысып, жүлдері орындарға ие болып келеді. Әлемнің көптеген елдерін аралап, концерттер қойып қайтты.
– Қазіргі кезде қандай шығармашылық жұмыспен айналысудасыз? Сондай-ақ зерттеушілік қырыңызды танытатын сүбелі дүниелеріңізді атап өтсеңіз.
– Бір кездері өзім аспирантурасын бітіріп, дәріс оқыған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық музыкалық консерваторияда соңғы бір-екі жыл көлемінде қайтадан сабақ беріп жүрмін. Қазанғаптың шығармашылығын зерттеп, «Ақжелең» деген күй жинағын құрастырған болатынмын. Қазақтың қобызынан бастап, көптеген музыкалық аспаптарын қамтитын «Күй – қайнар» деген еңбек жазған едім. Жазған оқулықтарым мен ғылыми мақалаларым да біршама болып қалды. Француз тілінде қазақ өнері туралы Парижден бір кітап шығардым.
– Қазақта домбырадан өзге аспап жоқ тәрізді. Бұл – өзге ұлттық музыкалық аспаптарымыздың насихаты төмендігінен бе?
– Осы күні өзге аспаптарды былай қойғанда, домбыраның өзін есту мұңға айналып қалды. Қобыз, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, шертер және тағы басқа аспаптарымызды еститін құлақ бар ма? Мәдени мұраға бай халықпыз. Бабалардан жеткен ауыз әдебиетімізді, шешендік сөздерімізді, жыр-дастандарымызды, әндеріміз бен күйлерімізді, ұлттық ойындарымызды күнделікті дәріптеуіміз қажет. Осы мақсатта «Мұрагер» бағдарламасын 70-ке жуық мектепте аштық.
– «Мұрагер» бағдарламасы бойынша дәріс беретін ұстаздардың сапасына қаншалықты көңіл бөлесіздер?
– Жыл сайын жүзге жуық мұғалімдерді он күнге орталыққа жинап, біліктілігін шыңдап отырамыз. Олар өзара тәжірибе алмасып, әртүрлі мәселелерін талқылап жатады. Мұны да сол шетелдік қордың демеушілігімен жүзеге асырамыз.
– Есіңізде болса, баспасөз беттерінде мектептегі қоңырауларды күймен алмастыру мәселесі бірнеше рет көтерілді. Сіздің пікіріңіз қандай?
– Қоңырау сабақтың біткендігін білдіреді. Балалар улап-шулап, жүгіріп сыртқа шығады. Ал не пайда? Тап қоңырауды күймен алмастырғаннан ұлттық рухымыз оянады дегенге сенбеймін. Күйді адамның бойына терең сіңіріп, оның мән-мазмұнын ұғындыру керек.
– Күйді эстрадаға салып өндеуге қалай қарайсыз?
– Егер шығарма бұзылмай, кәсіби тұрғыда шебер өндеуге түссе, мен оған қарсы емеспін. «Ұлытау» тобы Махамбеттің – «Жұмыр қылышын», Асылбек Еңсепов Құрманғазының «Адайын» сәтті шығара білді. Бұл күйлер заманға сай түрленіп, жас толқынмен қауышты. Ал енді домбыраны эстрада көмегімен шетелдік шығармаларға пайдалануды өз басым түсінбеймін. Кішкентай баланың ермегі сияқты қойыртпақ дүние кімге керек? Оған қаржы жұмсап, уақытты еш кетірудің қажеті қанша? Мен жалпы, ұлттық мәдениетті жастардың бойына сіңіруде қандай жол ұсынылса да, екі қолдап қуаттаймын.
– Талантты жастарға әлеуметтік тұрғыда қолдау көрсетіле ме?
– Ешқандай қолдау жоқ. Өзің мысалы, жақсы жазып жүрген қандай жас журналистің еңбегінің еленіп, үйлі болғанын айта аласың? Өнерде де солай. Әйтеуір күнкөріс үшін той-томалақ жағалайды. Олардың одан да жетіскені шамалы. Біржан сал, Ақан серінің әндерін тыңдап отырған тойшыл қауымды көрдің бе? Концерт беру үшін қаншама қаржы қажет. Ол өзін-өзі ақтамайды да. Әсіресе, ұлттық өнердің кешіне халықты жинаудың өз машаһаты бар.
– Ұлттық ән-күйдің адам психологиясына әсері қандай?
– Бала өз тілінде сөйлеп, өз мәдениетінен нәр алмаса, денсаулығының нашар болатынын ғалымдар дәлелдеді. Жастардың әлжуаздануының бір себебі – ұлттық ділінен айырылуынан деп білемін. Рок сияқты шулы музыка қандағы кристалдарды бұзады екен. Бұл – адамды аспапты ұрғызып, айқайлатып, психозға дейін жеткізеді. Қазақтың күйі шабыттандырып, рахаттандырып, өмірге құлшындыра түседі, толқытып, жанды тербетеді. Қазақ баласы 12 жасқа дейін тек ұлттық ән мен күймен құлақтанып өсуі тиіс. Сонда ол түбі алтын қазығын іздеп табады.
Тосын ой
Халықтың талғамын қалыптастыратын бұқаралық ақпарат құралдары. Ұлттық өнерге кешенді насихат жұмысы қажет. Жапондардың жыл сайынғы сумо күресінің жеңімпазын ұлттық батыр ретінде императордың өзі қабылдайды. Бізде үздік әнші-жыршыны, күйшіні жыл сайын әкімнің өзі қабылдап, марапаттаса, жағдайын жасаса, ол өнерпаздан қадірлі ешкім болмас еді. Тәжіктерде «маком күндері» деген болады. Бір апта бойы Науаи, Хафиз жырларының негізіндегі маком орындалады. Оған Президенттің өзі қатысады. Барлық телеарналары осы ұлттық шараны үзбей эфирден береді.
Алашқа айтар датым…
Қазақ жастары шетінен талантты. Қай салаға салса да, үлкен жетістіктерге қол жеткізе алады. Бірақ еріншектігін қоюы керек. «Жарайды» деп қол сілтей салатын жаман әдетіміз бар. Өз денсаулығына келгенде де тақалған, тіпті дерт әбден асқынған шақта бір-ақ қозғалады.
Арман ӘУБӘКІР