Қазақтың кедейлігін жалқаулығынан көретіндер көбейді, шындығында солай ма? 

3188
Adyrna.kz Telegram

Қазір халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында атқарушы билік бірқатар идеяларды жүзеге асырып-ақ жатыр. Жұмыссыздардың санын азайту, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуетін көтеру, жалғыз-жарым, қамқоршысыз қалғандарды қолдау, баспанамен қамту дейсіз бе, бір қарағанда елімізде әп-әдемі жобалар баршылық. Бірақ жағдайы гүлденіп, өркендеп өсіп-өнім кеткен адамның қарасы аса көп емес. Ресми деректерге жүгінсек, біздің елдегі байлар мен кедейлердің арасы тым алшақтап кеткен.

Экономист-сарапшы Жұмаділда Баяхметовтың айтуынша, Қазақстан халқының 60 пайызы айлықтан айлыққа әрең жететіндер, бұл яғни атқарушы билік «орташа өмір сүреді» деп санайтын топтар. Қалған 30 пайызы бай-манаптар болса, елдің 10 пайызы кедейлер.  

Қазақстандағы кедейшілік шегі ең төменгі күн көріс деңгейімен есептеледі. 

Біздегі ең төменгі күн көріс  деңгейі 26490 теңгені құрап отыр. Ал әлеуметтік жағдайы аз қамтылғандарға бізде осы күн көріс деңгейінің 40 пайызын яғни 10560 теңгесін көмек ретінде беріледі. Ал осы 10 мың теңгеге адам күн көре ала ма? Мемлекет әлеуметтік жағдайы өте төмен отбасыларға, әлеуметтік аз қамтылған топтарға нақты жағдай көрсетуі керек. Бізде қазір қазақтың кедейлігін «жалқаулығынан» дейтіндер көбейіп кетті. Алдына жағдайын айтып барса, «еңбектену керек» деп көсемситіндер бар» дейді  маман Жұмаділда Баяхметов. 

Сөйтіп маманның пайымынша, «қазақты жалқау халық» дегенмен келісуге болмайды. «Негізінде, жұмыссыздық, кедейшілік туралы сөз еткенде, қайсыбір қауымның «қазақтың өзі жалқау, халық өзі тырбанып еңбек еткісі келмейді. Халық нарыққа бейімделе алмай отыр» дескен пікірлерді өрбітеді. Дегенмен бұл жерде халықтың алдындағы мемлекеттің борышы ұмыт қалмауы керек» деді маман.

Жалпы, елде халыққа нақты-нақты құрылымдық көмектер әлі де жетіспейтінін алға тартқан маман: 

«Біздің елімізде халықтың өмір сүретін аймақтары қолайлы және қолайсыз аймақтар болып бөлінеді. Оның бірі егіні бітік, сулы-нулы жерлер болса, енді бір аймақ – қуарған, шөл және шөлейт жерлер. Ол жерлер – жатқан бір қу дала. Осы аймақтарда халық тұрып жатыр. Сол халықтың ішерге суы жоқ, малының жейтін азығы жоқ, азығы өз алдына, малдың басын көбейтейін десе, оны өрістетіп жаятын жайылымы жоқ. Міне, жағдай қандай! АҚШ-та, Канадада, басқаны қойғанда, «бізден дамуы артта қалды, ғылымы жетілмеді» деп, біз мұрын шүйіріп, менсінбейтін Оңтүстік Африкада құнарсыз, суы тапшы, нәрсіз жерлерде тұратын жандарға жалақысына қоса, үстеме төлемақы төленіп тұрады. Бұл үрдіс жағдайы төмен деңгейдегі Үндістанның өзінде жүзеге асып отыр. Бұл – бізге сабақ болатын дүние. Қазір қазаққа қойылатын басты айыптардың бірі – қазақты «жалқау халық» дейді. Мұнымен келісуге болмайды. Өмір сүруіне қолайсыз аймақта тұрып жатқан халықты жалқау деуге болмайды. Құзырлы орындар бұл мәселені мықтап ойланып, халықтың алдындағы борышын ұмытпауы керек. Ішкі миграция мәселесін оңтайлы ойластырып, шөл және шөлейт аймақта тұратын, қолайсыз ауылдарды мекен еткен халыққа жұмыс істейтін орындар, өндірістер ашылуы керек. Болашақта халықты болашағы бар елді мекендерге ауыстыру ісін жеделдеткен жөн. Олай етпесек, 5-6 жылдан соң, шынымен де, бұқараның жұмыссыз қалуы үдейді. Мемлекеттің нақ қазір алаңдауы тиіс дүниесі осы болуы керек»,-деді. 

Сондай-ақ маманның пайымынша, біз үшін алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді өсіру мәселесі де өзекті болуы керек. Бұл ретте маман «Ирландия, Словения, Грецияның тұрмысы төмен отбасыларға төлейтін жәрдемақысы бізге үлгі болса деймін. Экономикасы «қоқысқа малтықты» деп біз сынап жататын көрші Ресейдің өзі кедей-кепшігіне 200 долларға жуық жәрдемақы төлейді. Сондықтан әлеуметтік жобаларға бөлінген қаржының «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпегені біз үшін маңызы»,-дейді маман. 

Біз маман сөзі дәлелді болуы үшін бірқатар елдерде төленетін жәрдемақы көлемін арнайы сызбамен көрсеттік. 

 

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер