Қазіргі таңда құмар ойындарға тәуелділік – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік, көптеген адамдардың өміріне психологиялық, әлеуметтік және қаржылық қиындықтар әкеліп, отбасылардың берекесін қашыруда. Қазақстанда бұл құбылыс жыл өткен сайын кең етек жайып, әсіресе жастар арасында алаңдаушылық туғызып отыр.
2023 жылы жүргізілген зерттеулернәтижесі бойынша елімізде 200 мыңнан астам адам құмар ойындарға тартылған. Оның ішінде жастардың үлесі айтарлықтай жоғары. Виртуалды және офлайн казинолар мен букмекерлік кеңселер адамдардың психологиясын терең зерттеп, олардың назарын толықтай аударып алды. Ойыншы өзін тоқтата алмай, шынайы өмірдің маңызды жақтарын ұмытып, виртуалды әлемге тәуелді болып қалады. Бұл тек жеке адамның ғана емес, оның отбасына да, айналасына да үлкен проблема туғызады.
Лудоманияның басты белгілері – ойынға деген бақылауды жоғалту, «енді ғана жеңіске жетемін» деген үмітпен ойынды жалғастыра беру және қаржылық шығындарға қарамастан тоқтамау. Ойынның шырмауына түскен адам өзінің жағдайының ауырлығын түсінсе де, тоқтауға күші жетпей қалады. Бұл тек қаржылық шығындарға ғана емес, психологиялық күйзеліске, тіпті отбасындағы жанжалдарға әкеледі.
Қаржылық ауыртпалық – лудоманияның ең елеулі салдарының бірі. Құмар ойындарға тәуелді адам қаржысын бақылауды толықтай жоғалтып, үлкен қарыздарға белшесінен батып кетеді. "Келесі жолы ұтамын" деген үмітпен соңғы ақшасын салып, қарызға батып, несиелерін қайтара алмай қалады. Осылайша, қаржылық дағдарыс отбасының әл-ауқатын төмендетіп, өмір сүру сапасын нашарлатады.
Психологиялық тұрғыда лудомания адамның психикасын әлсіретеді. Құмар ойындарға тәуелді адамдардың көпшілігі өзін кінәлі сезініп, ішкі жан дүниесінде күйзеліс пен мазасыздықты сезінеді. Бұл психологиялық жағдай олардың өзін-өзі бағалауын төмендетіп, жалғыздыққа, депрессияға, тіпті суицидтік ойларға әкелуі мүмкін. Бұл тәуелділік психологиялық және медициналық тұрғыдан ұзақ әрі күрделі емдеуді талап етеді.
Қазақстанда лудоманияға қарсы күрес енді-енді қолға алынып келеді. Құмар ойын бизнесіне қатысты заңнамалар күшейтіліп, жасөспірімдердің құмар ойындарға қатысуына қатаң тыйым салынуда. Алайда, бұл мәселені тек заңнамалық тұрғыда шешу жеткіліксіз. Ең бастысы – әр адамның өзінің жауапкершілігі мен ерік-жігерін пайдаланып, бұл тәуелділіктен арылуға ұмтылуы қажет. Лудоманияға тап болған адамдар мамандарға жүгініп, психологиялық қолдау алудан қашпауы керек.
Қоғамдық деңгейде бұл мәселені ашық талқылау және құмар ойындардың салдары туралы ақпараттандыру жұмыстарын күшейту маңызды. Құмар ойындарға қарсы арнайы реабилитациялық орталықтар мен психологиялық қолдау көрсету қызметтері артып келеді. Бірақ бұл шаралар жеткіліксіз. Әрбір адам құмар ойындардың өз өміріне қандай қауіп төндіретінін түсініп, алдын алу шараларын өзі қолға алғаны жөн.
Құмар ойындардан аулақ болу – шынайы өмірдегі жетістік пен тыныштыққа жетудің басты жолы. Лудоманияға түскен адамдар тек уақыт пен қаржысын жоғалтпайды, олар өз болашағына да қауіп төндіреді. Қоғамның әрбір мүшесі осы зиянды әдеттен бас тартып, өз өміріне жауапкершілікпен қарап, шынайы бақыт пен тұрақтылықты іздеуі керек