Қайран, «Қазақия». Бір жарым ғасыр бұрынғы қате – бүгінгі сенсация

356
Adyrna.kz Telegram

Зерттеуші Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың қазақ тарихына қатысты мақаласын талдаған тарихшы Берекет Кәрібаев ол бұрынғылардың қатесін қайталап отыр деп тұжырады. Сыдықназаров картадағы атауға сүйеніп, тарихты басқаша топшылайды, бірақ тарихшы оның негізі жоқ деп санайды. Тарихшы зерттеушінің бұрын қате оқылған атауға сүйенгенін айтады.

Биыл 9 қараша күні “Егемен Қазақстан” газетіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы Мұхит-Ардагер Сыдықназаровпен сұхбат, яғни «Мемлекеттілігіміз 890 жылы араб картасында «әл-Қазақия» деп көрсетілген» деген атаумен мақала жарияланды. Сол күні осы сарында жазылған Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың өзінің мақаласы «Казахстанская правда» газетінде жарық жарық көрді. Дегенмен, бұл жөнінде дау көбейді. Еліміздің бірқатар тарихшылары Сыдықназаровтың  тұжырымдамасы шындыққа жанаспайтынын айтуда. Оның тарихта белгілі Естахридің ортағасырлық картасынан «әл-Қазақия» атауын енді ажыратқаны да дау тудырып отыр.

Осының жөнін білу үшін араб, мұсылман әлеміндегі карталарды білгірі, белгілі шығыстанушы-арабтанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Болат Көмековпен байланысқан едік.  Дегенмен, ғалым “Егемен Қазақстан” газетіне ғана ресми жауап бергенін, өзге басылымдарға пікір білдіре алмайтынын айтты.

“Адырна” ұлттық порталы ғалымның шәкірті, ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы  профессор Берекет Кәрібаевпен сұхбаттасты.

САЯСАТТАНУШЫ ЖӘНЕ ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХ

Берекет аға, аталған мақаланы оқып, танысып шықтыңыз. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

Сұхбат түріндегі  мақаламен танысып шыққаннан кейін ондағы айтылған пікірлерге қатысты бірнеше ойлар келді. Онда мынадай қортынды айтылады:

1) Қазақ хандығы XV ғасыр ортасында (1465 жылы) құрылған деген тұжырымды қайта қарау керек деген пікір;

2) «әл-Қазақия» деген атау арқылы 890 жылдары қазақ мемлекеті болған деген пікір;

3) IX-X  ғасырлардағы Қазақ мемлекеті  Шыңғыс хан империясының құрамында, одан кейін екі ғасыр бойы  Жошы және Шағатай ұлыстарының құрамында сақталынып, олар әлсірегенде жеке бөлініп шықты деген нұсқалар айтылады.

Енді осы пікірлерге қатысты ойымды білдірейін. Жалпы, Қазақ хандығының құрылуы мәселесі - тарих ғылымында 1864 жылдан бері күн тәртібінде келе жатқан мәселе. Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі Қазақ хандығының тарихына қатысты құнды дерек мәліметтерін алғаш рет XIX ғасырдағы атақты орыс шығыстанушысы В.В.Вельяминов-Зернов өз зерттеуіне пайдаланып, ғылыми айналымға түсіреді. Ғалымның төрт томнан тұратын еңбегі өзінің ғылыми маңызын әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ. Сол кезден күні бүгінге дейін хандықтың құрылуы мәселесімен айналысқан зерттеуші мамандардың басым көпшілігі М.Дулати дерегіндегі датаны мойындайды.

Тек кейбір жекелеген тарихшылар ғана Қазақ хандығының құрылуы уақытын XIV ғасырдың 60 жылдарына (З.Қинаятұлы), 1428 жылға (Ә.Хасенов),  1445 жылға, XV  ғасырдың 90-шы жылдарына (А.Семенов), XVI ғасырдың ортасына (С.Ибрагимов) апарады. Қалған тарихшылардың бәрі Қазақ хандығы  XV ғасыр ортасында, яғни 1450-1470 жылдар аралығында болған деп есептейді.

Олар өз тұжырымдарын нақты бір деректерге сүйеніп, қисынды   келістіріп, Дешті Қыпшақ аумағындағы тарихи үдерістермен байланыстыра қарастырады. Осы жолдардың авторы 2014 жылы «Қазақ хандығының құрылу тарихы» атты еңбегін жарыққа шығарды. Хандықтың құрылуына қатысты басты мәселелер ол кітапта жеке тараулар мен тараушалар түрінде қарастырылады.

Ал Қазақ хандығы 1465 жылы құрылды деген тұжырым «Тарих-и Рашиди» дерегіндегі мәліметке негізделіп, 1970 жылдардың соңы – 1980 жылдардың басында жарық көрген «ҚазССР тарихы» атты академиялық 5 томдықтың 2 томында айтылады. Сол кезден бүгінге дейін бұл тұжырым отандық тарих ғылымындағы үстем пікір болып келеді. Осы датаға сүйеніп, осыдан 9 жыл бұрын,  яғни 2015 жылы Қазақ хандығының құрылуының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде бір жыл бойы атап өттік,  хандықтың негізін қалаған хандар – Керей хан мен Жәнібек ханға ескерткіштер ашылды, көшелер берілді. Осылайша, ұлттық сипаттағы қазақ мемлекеттілігі – Қазақ хандығы XV ғасырдың ортасында құрылған деген тұжырым берік орнығып, санаға сіңген.

Енді солардың  бәрін жоққа шығарып отырған Мұхит-Ардагер Сыдықназаров – саяси ғылымдардың докторы, яғни бүгінгі күндердегі болып жатқан саяси үдерістерге  талдаулар жасап, ертеңгі күндерде болатын үдерістерге болжамдар жасайтын маман. Яғни отандық тарихтың мәселелеріне, оның ішінде ортағасырлық  тарихтың мәселелеріне қатысы жоқ саясаттанушы.

«ӘЛ-ҚАЗАҚИЯ» ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Демек, Мұхит-Ардагер Қаржаубайұлының тұжырымы шындыққа жанаспай ма?

– Тарихқа қатысты зерттеуші-мамандардың  арасында мынадай  берік орныққан қағида бар: олар   тарихшыларды әуесқой тарихшы және кәсіби тарихшы деп екіге бөледі.

Екеуінің айырмашылығы мынада. Әуесқой тарихшы дегеніміз – басқа мамандық иесі бола тұра  ол өз елінің тарихын  өте жақсы көреді. Тарихи кітаптарды көп оқиды, тарихта жаңалық ашқысы келеді және  бір тарихи мәселерге қатысты өзіндік ойларын айтады, халыққа түсіндіргісі келеді.

Ал кәсіби тарихшылар ондай емес. Олардың жаңалықтары – жасаған тұжырымдары. Ал тұжырым жасау үшін ол төрт заңдылықты бастан өткереді. Біріншіден, кез - келген ғылымдағы тұжырым, ол – ең алдымен  шығармашылық жұмыстың нәтижесі. Оны түс көріп айта алмайсың, яғни,  ақыл мен ойлаудың, білімнің, зерттеудің, ізденістердің,  шығармашыл ойдың жемісі. Екіншіден,  жоспарлылық заңдылық, яғни, алынған  бір жаңалық-тұжырым, бұл атаулы мәселені зерттеу үшін арнайы құрылған жоспарлы түрдегі ізденістердің нәтижесінде алынады.   Үшіншіден, үздіксіздік заңдылығы, яғни қандай ғылыми мәселе болмасын, үздіксіз, тоқтамай жүргізілген ғылыми зерттеулер мен ізденістердің нәтижесінде алынады. Төртінші, сабақтастық заңдылығы. Бұл дегеніміз – нақты бір мәселені зерттемек болсаңыз, сол мәселеге қатысты күні бүгінге дейін зерттеуші-мамандардың айтқан, жазған еңбектерімен, ой-пікірлерімен, тұжырымдарымен  таныс болуың керек.  Егер сол сабақтастыққа  сүйенбесең, назарға  ілмесең, онда сол қарастырып отырған мәселе туралы бұрын бір немесе бірнеше  тарихшылар  айтып кеткен   ойларды қайталауың мүмкін. Мұны плагиат дейді. Сол себепті де қарастырып отырған тақырыбыңның зерттелу тарихын, яғни тарихнамасын білу шарт.  Әрбір кәсіби зерттеуші өз зерттеулерінде  осы төрт заңдылықты сақтайды.  Мәселенің  тарихнамасын міндетті түрде қарайды, тіпті оны арнайы тақырып етіп жеке қарастырады.

Қазір тарихнама  тарих ғылымының жеке бір ғылыми саласы болып кетті,  оның жеке шифры да болған.  Тарих ғылымында  деректанудың қандай маңызы болса, тарихнаманың да сондай маңызы бар.  Нақты бір тарихи тақырыптың деректері, тарихнамасы (зерттелу тарихы) және тарихи проблеманың өзі үшеуі бірігіп сол тақырыптың тарихын қалыптастырады. Әйтпесе, осылардың біреуі кем болса, бұл толыққанды жұмыс болмайды.

Осы тұрғыдан алып қарағанда Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың  айтқан тұжырымдары әуесқойлыққа жатады. Осы мақала жөнінде отандық тарихтың ерте ортағасырлық кезеңінің маманы, есімін әлем таныған ғалым, ел тарихында жеке бір мемлекет ашқан зерттеуші,  академик, тарих ғылымдарының докторы, профессор, менің ұстазым  Болат Көмеков ол пікірді  «картадан жасалған үйшіктей» деп атап,  ешқандай сын көтермейтінін айтқан.

– “Әл-Қазақия” деген атау қайдан шықты? Қазақ тарихына қатысы бар ма?

– «Қазақ» деген сөздің зерттеліп келе жатқанына 200 жылдан аса уақыт болды. Осы аралықта қаншама ойлар мен тұжырымдар айтылды. Солардың көбісі, атап айтсақ, Н.Карамзин, А.Вамберидің жолымен  Х ғасырдың ортасындағы   Византияның императоры Константин Багрянородныйдың дерегіндегі мынадай деректі тілге тиек етеді. «Кавказдың солтүстік-батысындағы – «Қазахия елі» деген деректі талдайды. Кейбір мамандар бұл деректі «касах», «касак», «касог» деп оқып, қазақ сөзімен байланыстырмақ болады. Тіпті қазіргі Әзербайжанның батысында «Касак» деген жер атауы бар деп, оны қазақ сөзімен байланыстырып жатады. Фирдаусидың «Шах-намасынан» «қазақ» деген сөзді іздестіреді. Басқаша айтқанда, сол кездегі пікір айтушылардың ең басты қателігі – «қазақ»  сөзіне ұқсас келетін атауларды Қазақстаннан алыс жерлерден іздеуі және қазақ жеріндегі тарихи-мәдени-этникалық үдерістермен байланыстырмауы болды.

X ғасырдың ортасындағы араб саяхатшысы Әбу Дулаф қазіргі Қазақстан жері арқылы Қытайға барған. Оның түрік тайпалары туралы жазбасын орыс шығыстанушысы, филолог, археолог, нумизмат Н.Пантусов аударып, ондағы «харлұқ» сөзін «хазлақ» деп оқиды да, оны «қазақ» сөзімен байланыстырады. XIX ғасырдағы шығыстанушы Н.Пантусовтың сол қатесін арада бір жарым ғасыр уақыт өткенде біздің замандасымыз тағы қайталап отыр. «Харлұқ» сөзінің «қазақ» сөзімен  байланыстырғаны жөнінде  мақала авторы білсе мұндай тұжырым айтпас болар еді деп ойлаймыз.

Егер «қазақ» атауының мәні мен мазмұны жөнінде кімде-кім нақты ғылыми тұжырымды білгісе келсе, 2010 жылы жарық көрген «Көне замандардан бүгінге дейінгі бес томдық  Қазақстан тарихының» 2 томындағы «Қазақ термині туралы» тараушаны қарауды ұсынамын.

Қазіргі кезеңде «қазақ» сөзінің тек Дешті Қыпшақ аумағында, қыпшақтық тілдік-мәдени ортада пайда болғаны жөніндегі тұжырым толық орныққан. Ол сөз алғашында әлеуметтік мәнде қолданылған. Одан кейінгі эволюцияға ұшырап, уақытша саяси-әлеуметтік, одан кейін саяси-этникалық, ал адан кейін таза этникалық мәнге ауысқан.

Газеттегі мақаланы бір қарасаңыз, көлемі жағынан кішкентай ғана. Бірақ онда тарихымыздағы  бірнеше мәселесі  қамтылған. «Қазақ мемлекеттігі 890 жылда болған» деп санайды.  Мен айтар едім, Қазақстан жеріндегі мемлекеттіктің үш мың жылдық тарихы бар. Біздің жыл санауымызға дейінгі IX-VIII ғасырларда  скиф  тайпалары  Ұлы дала аумағында өмір сүрген. VIII ғасырдың соңында (шамамен 720 жылдары) скифтерді сақ-массагет  тайпалары жеңіп, Ұлы Дала аумағынан ығыстырып шығарады.   Оларда көшпелі тайпаларға тән өзін - өзі басқару жүйесі, яғни мемлекеттілігі болды.  Қазақстан аумағындағы алғашқы мемлекеттілікті негізін қалыптастырған – скиф-сақ тайпалары. Ал Қазақ хандығы құрылғанға дейін Қазақстан аумағында жиырмадан аса мемлекеттер мен  саяси құрылымдардың   болғаны белгілі. XV ғасыр ортасында Дешті Қыпшақтың  тарих төріне көтерілген   Қазақ хандығы солардың жалғасы болып келіп келеді. Қазақ хандығының өзіне дейінгі мемлекеттерден айырмашылығы  – оның  ұлттық сипаттағы мемлекет болуы еді. Сол ғасырда этникалық үдерістер өз мәресіне жетіп, жаңа этнос қалыптасады да ол жаңа атауға -  «қазақ» атауына ие болады. Дешті Қыпшақ аумағында  Қазақ хандығы құрылғанға дейін қазақ деген не ру, не тайпа, не мемлекет болған емес. Этникалық сипаттағы «қазақ» атауы XV ғасырдан бастап бүкіл Дешті Қыпшақ тұрғындарының жиынтық атауын білдіреді. Күні бүгінге дейін солай аталып келе жатырмыз.

«АТЫҢ ШЫҚПАСА, ЖЕР ӨРТЕ»

– Газеттегі мақалада «Қазақ мемлекеті 890 жылдары болған, бірақ моңғолдардың шапқыншылығынан кейін толық жойылып кеткен жоқ, жекелеген ұлыс ретiнде сақталып, моңғолдар мемлекетіне, Жошы, Шағатай ұлысына конфедерация ретінде кірген» деген ой айтылады. Біз мұны қате пікір деп санаймыз.

Қазақ хандығының құрылуы тарихнамасының  160 жылдық зерттелу тарихы бар. Зерттеушілер  хандықтың  құрылған жылынан басқа, құрылу барысы қалай жүзеге асқан мәселе төңірегінде өз ойларын білдірген.   1950 жылдары Сапар Ибрагимов деген өте керемет тарихшы-зерттеуші болды.  Ол  «Қазақ хандығы құрылғанға дейін қазақ ұлыстары  болды. Олардың бірігуінің нәтижесінде ХVІ ғасырдың ортасына таман басында Қазақ хандығы құрылды» деген ойды ұсынды. Ешбір тарихшы бұл тұжырымды қабылдамады. Оның тұжырымы тек тарихнамалық материал ретінде ғана қалды. Ал Сыдықназаровтың ойы С. Ибрагимовтің пікіріне ұқсас, бірақ уақыттары сәйкес емес, тым алыс.

Осылайша, ойымызды қорыта келе, мақала авторының бір ғана шағын  мақаламен отандық тарихтағы ең күрделі мәселелерді теріске шығаруын дұрыс деп санамаймыз және оның түпкі ойы біз үшін  түсініксіз. Яғни, әуесқой тарихшы тарихи процессті, тарих туралы пікірлерді білмегеннен кейін бір қатеден кейін екінші қатеге тап болып отыр.

Қазақстанның ресми бас газеті “Егемен Қазақстан” газетіне жарияланғаннан кейін халық оны ақиқат деп ойлайды. Бұл “атың шықпаса, жер өрте” дегенді білдіреді.

Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

 

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

Пікірлер