Толассыз 100 әнге әзірлік. Рекордқа талаптанған әнші жолдама кешін өткізді

1701
Adyrna.kz Telegram

Шәкәрім университетінің оқытушысы, мәдениет саласының үздігі, танымал әнші Қайрат Қабышев Гиннестің рекордтар кітабына үзіліссіз 100 ән орындауға өтініш берді. Осы ерекше мақсатқа орай 12 қараша күні Семейде жолдама концерті ұйымдастырылды.

Бұл шараның басты мақсаты – қазақ әнінің бай мұрасын, оның биіктігі мен сұлулығын әлемге таныту және қазақ әншісінің дауыс қуатының ерекше екенін дәлелдеу. Келесі кезеңде Гиннес рекордтар кітабының өкілдері арнайы келіп, Қайрат Қабышевтің үзіліссіз 100 ән орындау рекордын куәландыру үшін тыңдауға қатысатын болады.

Концерт көрермендерге ерекше әсер қалдырған сияқты. Тамашалаушылар Қайрат Қабышевтің өнеріне зор қолдау көрсетілді. Осы кеш көрермені болған белгілі ғалым, профессор Амантай Исин әлеуметтік желідегі парақшасында өз әсерімен бөліскен. «Бүкіл ұжымға бүгін толассыз 100 ән орындаушының жеке концерті бұйырды. Бұл – болып көрмеген құбылыс, әншінің де, тыңдарманның да бақыты. Бұрын армандаушы едік, шіркін,  Мәдениет, Болат, Санақ, Келденбай, Тұрсынғазы, Нұриден, Амангелді айта түссе екен қатарымен көп әнді деп. Сахнаға бір-екі, әрі кеткенде үш әнмен шығып жүрді ғой ол дүлдүлдер. Мына идея қатты ұнады. Қайрат Қабышев толассыз 100 әнді кәсіби асқан шеберлікпен және асқақ дауысымен айта алатынына, еліміздегі бес ән мектебінен тараған әндерді өз мәнерінде, өз бояуында  жеткізе алатындығына көзіміз жетті!» - деп жазды ол.

Осы орайда, әнші Қайрат Қабышевпен тілдесіп, концерттен алған әсерін сұрадық.

ҚҰРМАНБЕК ЖАНДАРБЕКОВТАН КЕЙІНГІ ТАЛАП

- Ән кеші қанша уақытқа созылды? Нақты неше ән шырқалды? Бұл идея қайдан туды?

- Ән кеші 2 сағат 15 минутқа созылды. 25 әндей орындалды ғой деймін. Кезінде ауыл-ауылды аралап жүрдік қой. Бүгінгі ән кеші содан туған ой болды. Ауылды аралағанда микрофонсыз-ақ, сағаттап айтқан кездерім болған. Кейіннен Көкшетауға да бардым. Сондағы тыңдармандарым сұрақ қоятын еді. «Ана ауылда ән айтып, түнгі 4-ке дейін ән айтқан кездеріңіз болды. Сонда Қайрекең демалсын дейтін еді» деді. Сонда бір жігіт: «Аға, байқап отырмын, сіз ұзағынан ән шырқап отырсыз. Қазақта таңды-таңға жалғап, ән айтқандар болған. Сіз неге солай айтып көрмейсіз?» деген. Ой содан туған ғой. Кезінде үлкен ансамбльде әріптестерім де таңғалатын. Гримерка, дайындық кабинетіме кіріп алып, 3 сағаттап дайындалатынмын. Сол кезде өзімнің жағдайымды білдім. Көптеген әншілер бар, бірнеше әннен соң тамағы ауырып қалатындарын көрдім. Өзімнің студенттерім бар, байқаймын. Одан кейін кезінде консерваторияға барған кезде студенттермен кездесу болып, сонда сөйлеп отырып, 2,5 сағат ән айтыппын. Бір шәкіртім сұрақ қойып еді. «Аға сіз бағанадан бері сөйлеп отырсыз, ән салып отырсыз. Байқаймын, тамағыңыз ауырған жоқ. Ал біз 5-6 ән айтсақ, тамағымыз ауырып қалады. Соның сырын айтыңызшы», - деген болатын. Осындай-осындай әңгімелердің бәрі Гиннестің рекордтар кітабына ену туралы идеяға бастап әкелді. Содан ой туып, неге соны істемеске дедік. Кезінде Құрманбек Жандарбеков атамыздың осылай бір демде толассыз 100 ән шырқағаны туралы айтылады. Соның бәрі осы бағытта жұмыс істеуге болатынын көрсетеді.

УНИВЕРСИТЕТТІҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ ЖӘНЕ 100 ӘН

- Бұл кеш Гиннеске жетуге жолдама ма?

- Қазақтың өзінің қанында бар ғой, талай әнші таңды атырып ән салған. Мен жаңалық ашып отырған жоқпын. Сол атадан келе жатқан дәстүрді жалғастырып жүрмін. Айта алатыныма сендім. Университет басшылығы мені шақырып алып, «бұл Гиннеске шығу үшін дәлел керек. Соған орай Шәкәрім университетінің 90 жылдығына арнап, концерт берсеңіз қалай болады? Ары кетсе 2 cағат болады ғой. Сол концертті біз ұсынсақ, рекордқа қабылдай ма сосын айтады», - деді. Мен келісе кеттім. Бүгін концертті беріп, халық та риза, мен де ән айтып, рақаттанып қалдым. Бірақ ары қарай да әнді айтуға шамам жететін еді. Оған халық шаршайды ғой. Сол себепті бүгін әдемі кеш жасадық. Бұл бір Шәкәрім университетіміздің 90 жылдығына той шашу сияқты болды. Өзім де риза болдым. Қазір көп концертте дәстүрлі әншіні шығармайды ғой. Шыққанның өзінде 1-2 ән айтқызады. Болмаса бүкіл әншіні жинап алып, бәріне бір-бір шумақтан айтқызып қояды. Оны «Ән шеру» деп атайды, мен оны жек көремін. Баяғыда халық алдына шыққан әншіге 10-15 ән айтқызып, жібермей қоятын болған ғой. Қазір ондай жоқ, азайып кетті. Гиннестің рекордтар кітабы талабымызды қабыл алып жатса, біз әрине, дайынбыз.

- Көптің алдында ән шырқау өте қиын ғой. Оның үстіне тоқтаусыз ән шырқау қаншалықты қиын болды?

- Көп алдында ән шырқау қиын. Әрине, біздің концертіміздің ерекшелігі болды. Бүгін халық «ана әнді айтыңызшы, мына әнді айтыңызшы» деп сұрады. Сол кезде біреуі жоғары тон, біреуі төмен тондағы әндерді сұрап жатты. Әннен әнге көшу оңай емес. Әннің де өз образы, мінезі бар. Көрермен де, өзім  де ән айтқан сайын тамағым ашылатынын байқадым. Кейбірі мені дәл бүгін 100 ән айтады деп ойлапты. Мен 100 әнді Гиннес рекордтар талабына келсе ғана айтамын. Оны шырқау да оңай емес. Сондықтан бұл концертіміз Гиннестің рекордтар кітабына жолдама ретінде берілді.

- Жиынға қанша адам жиналды?

- Зал өзі 200 адамға арналған. Залдың бәрі ақылы ғой. Шәкәрім университетінің залы 200 орындық. Концерт барысында сыймай, түрегеп тұрғандар да болды.

«КОНЦЕРТ БОЛМАҒАН СОҢ ӨНЕРПАЗ ДА БОСАҢСИДЫ»

- Концерттен алған әсеріңіз қандай? Көңіл күйіңіз жақсы ма?

- Ал енді көңіл күйім өте жақсы. Мойнымнан ауыр жүк түсті. Бұл да бір тойға шашуым ғой.  Бұрын соңды әншілеріміз жанды дауыспен айтып жүрді. Қазір көп айта алмай жүр. Атақты әншінің өзі 7-8 әннен кейін барып қызады екен. Әншіні көру үшін оған әнді көп айтқызу керек. Сонда ғана әншінің әншілігін көре аласың. Бізде мықты-мықты әншілерге тек 1-2 ән айтқызады. Содан кейін, мысалы, маған біреу сұрақ қойды. «Тойда неге дәстүрлі ән айтылмайды?» деп. Тойда дұрыс микрофон да болмайды. Көптеген дәстүрлі әншілер домбырасын қойып, эстрадаға кетіп қалып жатады.

Әрине, мұндай кештер жиі өтіп тұратын болса жақсы. Концерттерде баяғы бір сарын, эстрада шырқалады. Содан кейін бәрі бір-біріне ереді. Жеке дәстүрлі ән кеші, жеке күйшілер кешін ұйымдастырып тұрса олар да өз қалпын ұстап отырады ғой. Көптеген мықты күйшілер бар. Соларға «неге күй тартпайсың?» деп сұраймын. «Аға, күй тартатын концерт жоқ қой» деп айтады. Концерт болмаған соң өнерпаз да босаңсып, дайындалмайды екен. Сол себепті осындай кештер көп болсын деген тілегім бар. Баяғыда «Адырна» бірлестігі Балуан Шолақтың ән кешін ұйымдастырғанда халық 3-4 сағат кетпей қойды. Сондай кештер көп болса дейміз.

- Сұхбатыңызға рахмет! Талабыңызға жетіңіз!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер