Осыдан 100 жыл бұрын Парижде өткен ЭКСПО көрмесіне барған Әміре Қашаубаевтың тағдыры мен өліміне қатысты сұрақ көп. Әншінің бірнеше суреті мен құжаттары ғана сақталған.
1925 жылы Халықаралық заманауи декоративті және өнеркәсіптік өнер көрмесінде талантымен талайды таңқалдырған әнші Әміре Қашаубаев та Совет делегациясы құрамында барғаны белгілі.
«Central Asia Times» басылымы әлем мойындаған әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың архивте сақталған фотосуреттерінің бірін жариялады.
100 ЖЫЛ БҰРЫНҒЫ ЕУРОПА ГАСТРОЛІ
«Central Asia Times» басылымы мәлімдегендей, қазақ музыкасының алғашқы жазбалары 1903-1909 жылдары неміс зерттеушісі Ричард Карутцтің Түркістан сапарлары кезінде жасалған. Оның «Among the Kirghiz and Turkmens in Mangyshlak» атты кітабы 1911 жылы Ресейде жарық көрді. Оны неміс ұлтының атақты этнографы, археолог және педагог Василий Радлов өңдеген. Дегенмен, тек 1925 жылы ғана Әміре Қашаубаевтың талантының арқасында еуропалықтар қазақ халық әндерін жанды дауыста естуге мүмкіндік алды.
Әміре Қашаубаевтың тағдыры Кеңес Одағының алғашқы жылдарындағы мыңдаған талантты адамдардың тағдырына өте ұқсас. Өйткені, олардың еркін шығармашылық жұмыстары коммунистік идеологияның талабына бағынбайтын.
Әміре Қашаубаев – 1888 жылы Семей облысы, Абыралы ауданында дүниеге келген. Оның әнші ретінде кәсіби алғашқы қадамы — қазіргі Петропавл қаласына жақын Коянды ауылының базарында, қазақ ауыз әдебиетінің фестивалінде өнер көрсетуімен басталды. Әміре Қашаубаевтың өнері арқылы қазақ музыкасы бүкіл Қазақстанға танылды. Сол кездегі Халық ағарту комиссары Анатолий Луначарский оны Париждегі Халықаралық көрмеге қатысу үшін жеке шақырған. Сонымен қатар, Әміре Қашаубаев алғашқы қазақ кәсіби театрының құрылуына да белсене қатысты.
1927 жылдың сәуірінде Әміре Мәскеуде концерт беріп, кейіннен Франкфуртта өнер көрсетті. Ол радиода қазақ халық әндерін орындап, тыңдаушыларды әуезді, әрі терең даусымен таңғалдырып, жиі өнер көрсеткен. Оның театрлық қойылымдары да үлкен қызығушылық тудырды.
КӨШЕДЕГІ ҚАЗА
Париж сапары бір жағы Әмірені әлемге танытса, бір жағынан өміріне қауіп төндірді. Өйткені, ол сол сапардан кейін кеңестік мемлекеттік қауіпсіздік органдарының назарын аударды.
Париж көрмесінде талантты әнші қазақ саяси оппозиционері — 1917 жылы Түркістанда алты ай ғана өмір сүрген Қоқан автономиясының басшысы Мұстафа Шоқаймен танысқан. Ол кезде Шоқай «Алаш» партиясының белсенді мүшесі болған және Кеңестер оны «буржуазиялық элемент» деп санап, қудалайды. Ал Әміре Қашаубаев большевиктердің саяси қарсыластарымен байланысы үшін түрмеге қамалмаса да, биліктің үлкен қысымына ұшыраған.
1934 жылдың 6 желтоқсанында Әміре Қашаубаевтың мәйіті Алматының көшелерінің бірінен табылған. Оның өліміне не себеп болғаны әлі күнге дейін белгісіз.
СУРЕТ СЫРЫ
Бүгінде Қазақстанның мұрағат мекемелері мен мұражайларында Әміренің бірнеше фотосуреті мен құжаттары ғана сақталған. Себебі, большевиктер тарапынан саяси қуғын-сүргінге ұшырағандықтан көп құжатты әріптестері мен жақындары жойып жіберген делінеді.
Фотода Әміре Қашаубаев әйелі Оразкемен
Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік фильм, фото құжаттар және дыбыс жазбалары архивінде Әміре Қашаубаевтың топпен бірге түскен суреті бар. Фотосуретте Әміре Қашаубаев артқы қатарда терең ойға шомып, мұңайып тұр. Бұл оның кеңестік партия іс-шаралары мен съездеріне қатысуға мәжбүр болғаны туралы сезімін білдірсе керек.
Парижден оралған соң, Әміре Қашаубаев өмірінің соңғы күндеріне дейін мұңлы күн кешкені анық. Фотосуретте ол Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасынан делегат болған Мәскеуде өткен КСРО Кеңестерінің 4-съезіне қатысушылар қатарында бейнеленген. Оның бұл шараға қатысқанын 1927 жылы сәуірде КСРО Орталық Атқару Комитеті берген делегат дауыс беру билеті растайды, оның түпнұсқасы қазір Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұражайында сақтаулы.
Суреттегі адамның шынымен Әміре Қашаубаев екеніне әлі нақты дәлел жоқ. Дегенмен, оның қалған фотосуреттерімен салыстырсақ, әншіге ұқсастықтар көзге ұрып тұр.