Мирзиёев Палестинаның шығыс Иерусалимді астанасы ретінде тану қажеттігін қолдады

176
Adyrna.kz Telegram
Фото: uzlidep.uz
Фото: uzlidep.uz

Түркітілдес мемлекеттер ұйымының  мемлекет басшылары кеңесінің отырысында сөйлеген сөзінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 1967 жылғы шекаралар негізінде астанасы Шығыс Иерусалимде орналасқан тәуелсіз Палестина мемлекетін құру Таяу Шығыстағы қақтығысты шешудің жалғыз жолы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Фергана агенттігіне сілтеме жасап.

Мирзиёев соңғы айларда халықаралық жағдайдың айтарлықтай шиеленіскенін атап өтті.

«Бұның бәрі ең алдымен Батыс Азияда жалғасып жатқан әділетсіз соғыс пен  қос стандартқа қатысты. Газадағы және Ливандағы гуманитарлық апатты бейбіт халыққа, әсіресе, балаларға, қарттар мен әйелдерге жасалған шабуылдарды ештеңе ақтай алмайды. Біз сондай-ақ Палестинадағы босқындарға көмек көрсету мақсатында БҰҰ-ның Батыс Азия агенттігінің қызметін шектеуге бағытталған әрекеттерді қатаң айыптаймыз», – деді Өзбекстан президенті.

Мирзиёев келесі аптада Эр-Риядта өтетін араб-мұсылман мемлекеттерінің саммитінде «бұл мәселенің сындарлы саяси шешімі табылады» деп үміттенетінін айтты.

Палестиналықтар 1988 жылы қарашада астанасы Шығыс Иерусалим болатын Палестина мемлекетінің құрылғанын жариялады. Сонымен бірге КСРО Палестина мемлекетін ресми түрде мойындап, 1990 жылы Мәскеуде Палестина мемлекетінің елшілігі ашылды. 1992-2000 жылдары Палестинаны Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия және бірқатар Латын Америкасы елдері мойындады. 2012 жылдың қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы 67/191 қарарын қабылдады, оған сәйкес Палестинаға БҰҰ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесі берілді. 2024 жылдың маусымына дейін БҰҰ-ға мүше 193 елдің 146-сы Палестинаны мемлекет ретінде мойындады.

1948-1949 жылдардағы араб-израиль соғысының нәтижесінде Иерусалим қаласы Трансиорданияға (қазіргі Иордания) бөлініп, оның шығыс бөлігі сол елдің бақылауына өтті, ал батыс бөлігі Израильге өтті. 1967 жылғы алты күндік соғыста Израиль бүкіл қалаға бақылау орнатты.

1950 жылдың қаңтарында Израиль Иерусалимді өзінің астанасы деп жариялап, оның батыс бөлігіне мемлекеттік мекемелерін көшірді, ал 1980 жылдың 30 шілдесінде Иерусалимді өзінің «біртұтас және бөлінбейтін астанасы» деп атады.

Қаланың шығыс бөлігіндегі Израильдің егемендігін БҰҰ немесе халықаралық қауымдастықтың көпшілігі ресми түрде мойындаған жоқ. 2017 жылдың 6 желтоқсанында сол кездегі президенті Дональд Трамп болған Америка Құрама Штаттары Иерусалимді Израильдің астанасы ретінде мойындап, елшілігін Тель-Авивтен осы жерге көшірді. Екі аптадан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы 128 дауыстың көпшілігімен Иерусалимді Израиль астанасы ретінде тануды айыптады.

Пікірлер