Түркі мемлекеттері саммиті. Сегіз құжатқа қол қойылды

131
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Бішкекте өткен Түркі мемлекеттері ұйымының  XI саммиті аяқталды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Саммит «Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және баршаға қауіпсіздік» тақырыбы аясында болды.

Қырғызстан президентінің резиденциясына алғашқы болып Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Қазақстанның көшбасшылары және Венгрия премьер-министрі келді. Қырғызстан президенті «Ынтымак-Ордо» ғимаратының кіреберісінде Түркі тілдес мемлекеттердің ұйымы мүшелерін жеке-жеке қарсы алды. Іс-шара Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың төрағалығымен өтті. Саммит барысында Бішкекке Түркітілдес мемлекеттер ұйымының  цифрлық астанасы мәртебесі берілді. Бұл туралы Садыр Жапаров айтты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұйым аясында сауда-экономикалық, энергетикалық, қаржылық және инвестициялық салаларда байланыстар орнатылғанын мәлімдеді.

«Түркі инвестициялық қорының тиімді қызметі түркі елдерінің интеграциясын тереңдетуге ықпал ететін нақты қадам болды деп есептеймін. Соңғы 10 жылда ТТҰ мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар айтарлықтай нығайды. 2024 жылы өзара тауар айналымы 45 миллиард АҚШ долларынан асты. Бұл көрсеткішті арттыруға барлық мүмкіндіктеріміз бар», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында басым міндет — көлік-логистикалық байланыстарды нығайту.

Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінің қорытындысы бойынша сегіз құжатқа қол қойылды:

Түркі мемлекеттері ұйымының 11-саммитінің декларациясы;

«Түркі әлемінің жасыл көрінісі: тұрақты болашақ бірлігі» шешімі;

Бішкекті 2025 жылға Түркі мемлекеттері ұйымының цифрлық астанасы деп жариялау туралы шешім;

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанды «Түркі әлемінің жоғары орденімен» марапаттау туралы шешім;

Түркі әлемінің Хартиясын қабылдау туралы шешім;

Түркі мемлекеттері ұйымы бас хатшысының орынбасарларын тағайындау туралы шешім;

Түркі мемлекеттері ұйымының тұрақты өкілдері туралы ережені бекіту туралы шешім;

Түркі ынтымақтастық ұйымдарының туларын бекіту туралы шешім.

 

Пікірлер