Тоқаев Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығын қорытындылады

920
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Орта дәліздің» әлеуетін толық пайдалану қажеттілігін атап өтті. Бұл дәліз түрік әлемінің әрі қарайғы экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызды болып табылады. Қазақстан Президенті осы мәселеге қатысты пікірін  Түркі мемлекеттері ұйымының 11 саммитінде жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Саммитте Тоқаев Қазақстанның Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығының нәтижелерін қорытындылады. Оның айтуынша, Қазақстан төрағалығы кезінде TURKTIME ұранымен бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылған. Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары мен ортақ түрік алфавитінің қабылдануы маңызды тарихи оқиғалар болды. Бұдан басқа, тұрақты өкілдер институты құрылды. ТМҰ-на қатысты ережелер дайындалып, бекітуге жіберілді.

Мемлекет басшысы қаржы және инвестициялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын да атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселеде Түркі инвестициялық қоры ерекше рөл атқара алады. Ол сондай-ақ барлық тараптар Орталық банктер кеңесін құру бастамасын бірауыздан қолдағанын хабарлады.

Көпшілік «Орта дәліз» деп атап кеткен Транскаспий халықаралық көлік жолы – Қытайды Орталық Азия, Кавказ, Түркия, сондай-ақ Шығыс Еуропа арқылы Еуропа одағымен байланыстыратын теміржолдағы контейнерлік жүк тасымалдау желісі. Бұл көпжақты даму жобасы саналады. Ресейдің санкцияға ұшыраған Транссібір бағытына балама, қысқа жол.

Пікірлер