Академик Әлкей Марғұлан айтқандай, саят өнерін көне мәдени ескерткіш, құсбегілерді орнитолог маман деп бағалауға әбден болады. Бүгіндері мемлекеттік рәмізге айналған қыранның киелі қасиеті мен оған қатысты көне наным-сенімдер жүйесі халық мұрасында жан-жақты айқын таңбаланған. Осындай ежелгі дүниетанымның бірқыдыруын бүркіт туралы айтылатын мифологиялық мәліметтерден байқай аламыз. Қазақ ең қыран құстың бір түрінің мифтік атауын «бидайық», ал ең әйдік саятшыны «мініскер құсбегі» (Қазақ пен қырғызда «құс төресі – бидайық, ит төресі – құмайық» деген мақал бар. Қазақ, қырғыз, татарлар ең дәулескер құсбегіні «мініскер» деп атаған) десе, құсбегі пірін Жалайыр Шора деп атаған. Халықтың ұғымында Жалайыр Шора алғаш рет қыран құсты қолға үйретумен бірге бүркіттің жабдықтары томаға, аяқбау, биялайды ойлап табушы. Ал оның әкесі Шанышқылы Шора тіпті мылтықты, алғашқы оқты жасаған, жезтырнақтардың көзін жойған сұрмерген ретінде аңыздалады.
Академик Ә.Марғұлан Жалайыр Шораны ХVІІІ ғасырда өмір сүрген адам ретінде айтады,бірақ себебін түсіндірмейді. Ғалым Б.Хинаят «Бабырнама» еңбегіндегі Хасан Әли Жалайыр құсбегіні Шораға түпнегіз болған тұлға деген ойды айтады.«Бабырнама» еңбегінің «Кабул» атты бөлімінде былай деп жазады: «Мұхаммед Бұрындық білгір, ұлы басшы болатын. Ол қыран құс салуға құмар еді. Егер қырандарының бірі жоғалып немесе өліп қалса, Мұхаммед Бұрындық мырза ұлдарын ауызға алып: «Қыран жоғалғанша, қыршындардың неге желкесі үзілмейді» деп қарғанатын. Сұлтан Құсайын мырзаның Хасан Әли Жалайыр деген әкімі де болды. Оның шын аты-жөні Құсайын Жалайыр, бірақ жұртқа Хасан Әли деген есіммен көбірек танымал-ды. Оның әкесі Әли Жалайырға Бабыр мырза қамқорлық көрсетіп, бек дәрежесін берді, содан кейін Жәдігер Мұхаммед Гератты алған кезде Әли Жалайырдан жоғары адам жоқ-ты. Хасан Әли Жалайыр құсбегі әрі ақын еді. Өлеңді жазғанда Тахаллус Туфеил тәсілін пайдаланатын».
Ел аузында «Тінейдегі қасиет – ұялас екен Сарықұспен, Шорадағы қасиет – тілдес екен бар құспен» деген де сөз орамы бар.
Шетел қазақтарында құсбегі найман Тіней мен оның Сарықұсы туралы да желілес аңыз-әпсаналар таралған. Тінейдің Сарықұсы алғыр қыран екен, ол зар күйіне жеткенде сілеусінге, қасқырға, тіпті айдаһарға түсіпті, ақыры иесіне де шабуыл жасап, ажал құштырыпты деген әпсана таралған. Ел аузында тасбауыр жандарға қарата айтылатын «Тінейдің Сарықұсындай, өзіңе-өзің шеңгел сал» деген мәтел бар. Ол туралы мынадай әпсана таралған:
«Ертеде Тіней деген құсбегі қайыруы жетпеген алғыр қыраны Сарықұсты өзім келгенше аңға салмаңдар деп, бір жаққа кеткенде, тентек өскен жалғыз ұлы құсты алып шығып, аңға салады. Бірақ ол қайыруы жетпегендіктен, аңды ала алмай қалып, ашулы қыран баланың өзіне түсіп, бүріп өлтіреді».
Тінейдің Сарықұсын кейде халық асырап отырған иесін де алған сұсты қыран кейпінде түсіндірсе, кейде иесіне адал, тіпті иесі өлген соң оның моласына келіп соғылып опат болған қыран ретінде бейнелейді.
− Қайран қыраным-ай, Алтайдың алты асқарын асып сен қайдан келіп едің, алты қабат Алатауды басып мен қайдан келіп едім? – деп күңіренеді. Сөйтсе сол тұтқын әйгілі құс сыншысы екен де, Тінейге бұл құсты ту биенің қазысын беріп қайыру керек екенін ұқтырады. Айтқандай-ақ Сарықұс ерекше алғыр қыран болады. Иесі өлген соң оның моласына соғылып, ақыры опат болады.
Тінейдің Сарықұсы мен әйгілі ұрының кездесу мотивін кейде ел былайша да айтады: «Ұры Тінейдің Сарықұсына «Аспаннан сен жерге түспек емес едің, мен аттан жерге түспек емес едім?! – депті. –Бұл құс егіз еді, мұны босат, иығында екі тал ақ қауырсыны бар, соны жұлып таста да қоя бер, содан ол қарашада келеді өзі.Бұл сіңлісі, сыңарын ертіп әкеледі. Келген соң ту биенің қазысымен қайыр, сонда алмайтын аңы болмайды, аң ала алмаса шамырқанып адамға да түсетін болады.Сонда менің қандай сыншы, Сарықұстың қандай қасиетті екенін көресің» депті.Айтқандай-ақ сыңарын тапқан Сарықұс қайтадан келіпті де, таңғажайып қыранға айналыпты».
Асырап сақтаған иесіне шабуыл жасаған долы қыран туралы сюжет кейде немересі төрт ата ел боп таралған Төлегатай бабаның жалғыз ұлы Қытайға да телінеді.
Халық Жалайыр Шораны құсбегілердің пірі деп дәріптесе, Тінейді кереметке ие Сарықұстың иесі деп ұққаны байқалады.Құсбегілер қыран затының сыны туралы небір келісті байламдарды, өрнекті өлшемдерді, желілі әңгімелерді осы екі тұлғаның төңірегіне топтайды.
Жиналған мәліметтерге қарағанда бүркіт сыны өлең түрінде де, қара сөз, мақал-мәтел, айшықты теңеу, ажарлы сөз орамы үлгісінде де ел арасына таралғаны байқалады.Қазақ даласының әр өлкесінен әр заманда жинақталған бүркіт сыны туралы мәліметтер бір-біріне тамырлас, сарындас, сабақтас болуы – қыран затын баптау өнері байырғы заманнан дамып тұрақтанып, жұрт арасына құсбегілік ілімі жүйелі де бірізді жайылғанын көрсетеді. Төмендегі өлеңдерде бүркіт сынының келісімді кескіндері, ажарлы айшықтары, бедерлі белгілері ұқсас бейнеде мүсінделгенін көруге болады.
Саңғыру жүні сабалақ, алқалы кер,
Өндіршекті, өр мінез, қайтпайтын ер.
Қалың езу, қара тіл, шын қыраннан,
Кезіксе де аң құтылмас қиуасыз жер.
***
Саңғыру жүні сабалақ, алқалы кер,
Тақысы, бүкісі жоқ қомағай ер.
Айыр сүйек ашамай арасы кең,
Болса жақсы, бұл-дағы бір қарар жер
Топшысы әлді біткен жоғарылау,
Шалғысы құйрығына барса таяу.
Ұшса ұшқыр, тау басында
шақырмайтын,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау.
***
Имек емес, сәл иін, аю тұяқ,
Саласы бұрыс емес, шаршы саусақ.
Тұтам төрт елі жуан шоқпар санды,
Төрт болат, көкшіл түсті, бұжыр аяқ.
Мақтадай түбіті бар қалың жүндес,
Дауысы жарықшақсыз жылан үндес.
Аршыса арылмайтын ақалалы,
Қыран құс қайда екен қолға түспес?!
Бірінші өлеңді ҚХР ШҰАР Алтай аймағы құсбегісі Ш.Жәңгірұлы жарияласа, екінші жыр Семейде «Абай» журналында жарияланған, үшіншісі «Көктоғай ауданының өлең-жырлары» жинағында жарық көреді. Әрбір өлең ұлы даланың әр өлкесінен, әрқилы адамдардың аузынан, әртүрлі кезеңде жазылып алынғанмен қалыпқа құйғандай ортақ сипат танытады. Қолға түскен деректерді саралағанда қыранның мүсіні, кескін-келбеті, тұлға-тұрқы, сүйек бітімі, мінез-құлқы, жас ерекшелігі, қауырсын-қанаты, түр-түгі, ат-атақтары бірізді екендігіне көз жеткіздік.
Мініскер құсбегілер «бас бастайды, аяқ қостайды», «үйірімен үш тоғыз» дегенді айтып, қыранның әрбір мүшелерін үшке жіктеп, жеке-жеке талдап сынаған. 1989 жылы құсбегі Шаяхмет Жәңгірұлы жариялаған бүркіт сынымен 2013 жылы экспедицияда ҚХР Алтай аймағы Шіңгіл ауданында тұратын Құрманбек Тоқтаубайұлы айтқан мәлімет ұқсас болып шығып, бірін-бірі толықтыра түсті. Анықтағанымызда Қ.Тоқтаубайұлы Ш.Жәңгірұлының мақаласымен таныс емесі айқын болды, сонымен бірге осы бағыттағы деректер Қазақстанда, Моңғолияда жарияланған мұралармен негізінен үндес екені, тіпті қырғыз саятшылық сынымен де сабақтасып жатқаны құсбегілік өнердегі дәстүр жалғастығын аңғартады.
Бұл жайттарды байыптай келе бүркіт сыны туралы пайым мен таным, ұғым мен түсінік есте жоқ ескі заманнан ел аузында айтылып, елек-сүзгіден әбден өтіп, барша қазаққа ортақ болып сұрыпталып, бір арнада қалыптасқан деп қорытынды жасауға болады.
Экспедиция кезінде Құрманбек Тоқтаубайұлы аудандық қарт құсбегі Дәукей ақсақалдың «Жонның саршегірі» деген құсын қолына қонғызып, дәстүрлі бүркіт сынын айтып берді. Құсбегі Қ.Тоқтаубайұлының бүркіттің әрбір мүшесін жеке-жеке саралап, қолымен ұстап, саусағымен нұсқап мұқият түсіндіру сәті телекамера арқылы жазылуы – бұрын түсініксіз бұлдыр болып келген көп жайттың басын ашуға ықпал етті әрі қыранның анатомиялық күрделі кескін-келбетіне жақыннан қанық болуға мүмкіндік туғызды.
Біз осы зерттеуде Қ.Тоқтаубайұлы аузынан жазып алған деректерді халық қазынасының білгірі Ш.Жәңгірұлымен қосымша толықтырып, ішінара басқа мәліметтермен кешенді салыстырып, бүркіт сыны туралы дерекқорын бірізге түсіріп, жүйелеп, сұрыптап, жіктеп, саралау жұмысын жүргізу арқылы дәстүрлі бүркіт сынын жаңғырта толықтауға, топтауға ден қойдық.
Саятшы Құрманбек Тоқтаубайұлының айтуынша, бүркітті алғаш қолға үйреткен Жалайыр Шора, ол «Көкшенің қаусырмасы» деген құсты ұстаған. Бүркіттің үй тұғырдағы жасы отызға толады, яғни отыз рет түлейді деген сөз бар болғанымен, құсбегілер негізінен бір бүркітті 9-10 жыл баптап ұстаған. Оның айтуынша бүркіттің жасы төмендегідей: 1.балапан; 2.қантүлек; 3.тірнек; 4.тастүлек; 5.жана; 6.қана; 7.ана.
Қ.Тоқтаубайұлы кейбір құсбегілер бүркіттің жасының томар, бармақ, баршын, молатүлек, шолақтүлек (Қартайған сайын құйрығы қысқарып кететін себепті), т.б. атауларын қосып жиырмаға таман жеткізетініне де назар аударды. Жалпы, құсбегілер жергілікті ерекшелікке сай құстың жасын әртүрлі айтатыны белгілі. Мысалы, осы Шіңгіл ауданының құсбегісі Дәукей ақсақал бүркіт жасын басқаша таратып берді. Олар мынадай:1.балапан; 2.тірнек; 3.тастүлек; 4.ана (4 жасында құс бірінші рет жұмыртқалап ана болады) 5.құмтүлек; 6.қутүлек (5-6жасқа келгенде құс туғандықтан түлемей қалады, сол себептен құмтүлек, қу түлек дейді); 7.мұзтүлек (7 жасында құс тумай ту қалады, сол себептен мұзтүлек дейді); 8.қана; 9.балабаршын; 10.тұлымыр; 11.сана (Бұл сана деген сөз осыдан кейін жас жоқ, оны өзің сана, тап дегені).
Бүркіттің басы. Кешкіл бас. Басы онша үлкен емес ықшам, кішкене, сопақтау шықшыты қабақты келеді, тұмсығы жұқа, желке жүні жонына төгіліп түспеген, қысқа. Жалпы кешкіл деген кішірек, кейкі деген сөз, мысалы жыланбас деген қырандықтың белгісі болғандай, бұл кешкіл деген ықшамдықты білдіреді. Тұмсығы жұқалтаң ұзындау, ал бас қаңқасының ені ықшам болады. Ш.Жәңгірұлы бойынша:«Кешкілбас құстың милығы кішірек, тұмсығындағы сары терісі мен көк мүйізінің айырылған шекарасы қарамаққа сәл батыңқылау немесе оязырақ көрініп, көк тұмсығы шәушиген болады».
Жалпы құсбегілер кешкілбас, кешкіл тұмсық, кешкіл маңдайды қырандық белгі деп таниды. Мұндай құсқа «кезеген кешкіл» деп атақ та береді.Қырғыз халқында да «кечкил тумшук» құсты қыранға санайды. Б.Солтоноев: «Көк тұмсық, көк аяқ, тұмсығы ұзын, кешкіл, төс сүйегі мүйізді және қырлы болат» деп жазады.
Жыланбас. Басы сұқсиыңқы, сұңғақ, көзі қабақты, екі шықшыты шығыңқы, төбесі сопақ. Аңға аса жарамды, алғыр қыранның белгісі. Ш.Жәңгірұлы бойынша: «Жыланбас құстың екі шекесі қысыңқы, милығы кішірек, маңдайының үсті тар келеді».
Бақабас. Төбесі жалпақ, тұмсығы негізі қысқалтаң, тұштиғандау болады. Аңға баруы сараң, мұндай құстар көбінде еркек саршадан шығады, ондайды «сарша, бұқатана» деп көңіл жұбатып та атайды, яғни онша қыран емес. Нағыз қыран қолға түспегенде осы бұқатананың өзін де баулып аңға түсіре алады мініскер құсбегі. Ш.Жәңгірұлы бойынша:«Жалпақбас құстың екі шекесі шығыңқылау, милықты келеді.Мұндай құстарды бақабас деп те атайды. Бақабас құстар ұлы денелі құстардан көп кезікпейді, қайта бұқатанамен өте кішкене саршалардан көп кездеседі».
Бүркіт көзінің сыны. Жадағай көз. Адамға мейірі аз, жалтақойлау, аңға да сараң барады. Ж.Бабалықұлы жазуынша, «Көздің арты жазаң, жайдақ, тайқы келсе, мұндай құс жүрексіз, жалтақ, жасқаншақ болады дейді де, керген түлкіге түспейді деп есептейді. Құсбегілер тілінде жайдақ қабақ құс «кергенге түспес кер жайдақ» деп аталады».
Жылан көз. Көз ұясы кішілеу, көзінің сырты ойықты, өңіс қабақ, көреген, бұл қырандықтың нышаны.
Су көз. Сәнге болмаса аңға бармайды, көзінің алды мөлтілдеп суға толып тұрады. Жалтақой, қорқақ келеді.
Саят құсының көз жанарының өң-түсі, бүркіттің туған жерінің реңіне, яғни жағырафиялық ортасының ерекшелігіне байланысты қалыптасатындықтан соған байланысты аталады, суреттеледі. Мысалы: саршегір, көкшегір, құмшегір, т.с.с. Ш.Жәңгірұлы бойынша: «Бүркіттің көз бітімі әртүрлі болуына қарамастан қайта қабағы биік, көзі шүңірек, ішкері біткен болса, бүркіт алымыр келеді дейді. Егер бүркіттің қабағы биік емес, жұқалаң, көзінің артқы жағы жайдақ келсе, ондай құстарды жалтақой, қашаған немесе айнымалы жүрексіз дейді».
Моңғолиялық құсбегі Т.Сауыржанұлы дерегінде қыранның жанарына қатысты «тоғайлы көз» деген атау да кездеседі: «Анықтап қарағанда шатынаған сарғыш көздерінің қарашығының айналасы күздегі сарыала тартқан шоқ-шоқ тоғайдың суреті іспетті елестейді».
Бүркіттің көзі ерекше өткір болады, ол туралы құсбегілер «Алтайда томағасы тартылған қыран Сауырдағы түлкіні көреді» деп әсірелейді.
Бүркіттің тілі. Қылтылдаған қызыл тіл. Бұл күйшіл, күйден жаңылғыш болады, бап талғайды. Бұл туралы Ж.Бабалықұлы «баптың азын да, көбін де ұнатпайтын қызыл тіл» деп жазады.
Қанға тоймас қара тіл. Бұл нағыз қырандықтың белгісі. М.Тәстембекұлы қолжазбасында «Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас, қанша қымбат алсаң да басын жоймас» деген мүсіндеу бар. Мұндай құсты Ж.Бабалықұлы «баптың артық-кемін де елемейді» дейді. Ел арасында мынадай өлең бар:
Қалың ерін, қара тіл,
Барлық құстан жаны асыл.
Өндіршекті, өр мінез,
Өзің баптап сала біл.
Болбыраңқы боз тіл. Бұл күй тартатын, аңға бармай әуре ететін осал құстың белгісі. Ж.Бабалықұлы «Бабы қиын, күйі қатты, тілін таппасаң зар күйіне түспейтін, қырланып-сырланып, құйқылжып-құбылып қалатын құстың тілі бозғыл түсті келеді дейді» деп жазады.
Сонымен бірге құстың езу шыбығын да (езуін) бірнеше түрге бөледі. Мәселен, осы Саршегір бүркіт езулі емес, ал қарымды құстардікі езу шыбығы қайырылып жатады. Ал бұл саршегір орта сүйекті құс болғандықтан езу шыбығы да сәл ықшам деуге болады. Ж.Бабалықұлы салпы езу, сыздықты езу (сыздықты перен), жырық езу ұғымдары қыранды даралайтын ерекше қасиет екенін айтады.
Бүркіттің тұмсығы. Бұл туралы сынды Ш.Жәңгірұлы дерегі бойынша береміз, себебі Қ.Тоқтаубайұлы ол туралы мәлімет айтпады.
Қылыш тұмсық. Алдынан қарағанда бейне қылыш тәріздес, жұп-жұқа көрініп тұрады. Астыңғы иегі (жағы) түзу, езуінің кемер шыбығы пышақтың сырты сияқты сыртына қайырылып біткен, тағы да тұмсығының сары терісі мен көк мүйізінің арасы жабысқақ болмай, қайта мәлім мөлшерде жіктеліп тұрады. Бұл аса толымды сын. Ж.Бабалықұлы мұндай қыранды «қылыш тұмсық қырып сал» деп жазады.
Қалың тұмсық. Тұмсығының үсті қоңырайған, алдынан қарағаныңызда дүрбиген қалың, астыңғы жақ сүйегі сәл үстіне қарата қиыстау болады, мұндай бейнелес құстарды әр қандай және үлкен болуына қарамастан аса бапшыл қыран емес деп қарайды. Ж.Бабалықұлы мұндай бүркітті «орақ тұмсық» деп жазған.
Сүйір тұмсық. Тұмсығының мүйізі ұзын, астыңғы жағы да түзу, езу шыбығы қайырылған болып, тек имек тұмсығының ұшы ғана құдды қарақаздың тұмсығына ұқсайды. Мұндай бітімді құстарды саяткерлер ең алғашқы құс пірісі Жалайыр Шора «Қарға тұмсықты құс салмадым, Қашар бітімді ат мінбедім» деп армандаған екен дей келіп, «қарға тұмсық қайытпас, қалың тұмсық байытпас, қылыш тұмсық қырғын» деген тәмсілмен қорытындылайды. Анығырақ айтқанда, бұл бітімді құстар сирек кездеседі.
Бұған байланысты халық арасында мынадай өлең бар:
Қарға тұмсық құс салмай,
Қашар тұяққа ер салмай
Саятшылық өнерің,
Жари қоймас бап болмай.
Құстың тұмсық сынына байланысты Моңғолиядағы құсбегі Бәйтей Бәбиұлы мына өлеңді айтып берді:
Кешкіл тұмсық, саршолақ,
Өзі қағып, өзі алар,
Бақытты жанға кез болар.
Құзғын тұмсық, қысық көз,
Қыз берсең де табылмас.
Шұбарбалақ, шынжыр төс,
Керегеңді кептірмес.
Ж.Бабалықұлы сүйір тұмсықты «кешкіл тұмсық» деп байыптайды: «Бүркіт тұмсығы ұзын, сүйірлеу келсе тұмсықтың үсті түсіңкілеу (ойқыл) келсе, құсбегілер мұны кешкіл тұмсық дейді. Кешкіл тұмсықты құс ұшқыш,кезгіш, шүйіп шабыттағыш келеді деп қарайды. Оған «кезеген кешкіл» деп ат қойып, айдар тағады». Академик Ә.Марғұлан «Қыран құстардың тұмсығы бітеу біткен әлді, кейкі тұмсық, мұрнының имегі ішіне қарай түсіңкі кешкіл, танауының тесігі кеңсірігіне кесе көлденең үңірейе біткен кең, ысқырғанда, саңқылдағанда дауысын әдемі ашық шығарып тұрады» деп жазады.
Бүркіт аяғының сыны 1. Жарғақ аяқ. Қыран емес, «жарғақ аяқ жарытпас» деген сөз бар. Ш.Жәңгірұлы «Аяқ терісін екі түрге айырады… Екіншісі, жарғақ аяқ деп аталады: бүркіттің жіліншік жүнінен төменгі аяқ терісі тауар былғарының сырты сияқты майда болса, Құдай ұрғаны дей беріңіз» деп жазады. Ж.Бабалықұлы мұны «тақыр аяқ» дейді.
2. Бұжыр аяқ.Бұжыр аяқ немесе қожыр аяқ қырандықтың белгісі. Бұл туралы Ш.Жәңгірұлы «Біріншісі, бұжыр аяқ деп аталады да, мұның аяғының сыртқы жалпы қышыры көксауырға ұқсас, бүршікті болып, қолмен сипағанда тікенек тәріздес білініп тұрады. Мұның да ерекше қышырлысы мен орташа қышырлысы болып, сайып келгенде, бұжыр аяқ деп аталып, бұл бейнелес бітім бүркіт жөнінен алғанда, басты орындағы баға есептеледі» деп жазады.
Ал Ж.Бабалықұлы: «Бүркіт саусағының үстіндегі буын-буын бұдырларды құсбегілер «болат» деп атайды…Саусақтың үстіндегі буын-буын болат бұдыры бес буынды әрі қалың, әрі көтеріңкі болса, сын тілінде бұл «қожыр аяқ» делінеді. Болаты төрт, үш буындылары да түлкіні алуға жарайды. Ал болаты үшеу болғанымен жұқа, сыптығыр келсе, ол «тақыр аяқ» делінеді де, түлкіге шамасы келмейтін құс қатарына қосылады» деп жазады.
Т.Сауыржанұлы «төрттен беске жеткен баданадай болат тастары сыншылардың таңдайын қақтырады» деп жазады. Шаяхмет Жәңгірұлы «Бүркіттің саусақтарының үстіндегі тастары жүгері дәніне ұқсас домалақ болады. Бүркітшілер мұны аяғының тасы деп атайды. Егер осы тас төрт саусақтың үстінде теп-тегіс төрттен болса, оның маңдайалды сыны болады немесе ортаңғы саусағының тасы төртеу болып, басқа салалары үштен болса да үміт күту керек. Санағаныңызда, төрт саусағының тастары түгел үштен болса, ондай құстардың кәдеге жарай қоюы екіталай» деп жазады.
Деректерді саралағанда тас деген атауды көбінде құсбегілер «болат тасы» деп те атайтыны белгілі болды. Мысалы, ең қыран құсқа Бесболат деген атақ берген. Алайда болат тасы деген атауды бүркіттің тұяғының болатымен шатастыруға әсте болмайды. Қыранның тұяғының болаты туралы Ш.Жәңгірұлы «Алымыр құстар жөнінде» деген мақаласында «Тұяқтарының түбі құдды сиырдың мүйізі сияқты былтығыр, ұшы инедей үшкір болып, әр тұяғының бір жағына жабысып біткен пышақтың жүзіндей табиғи мүйізін «тұяғының болаты» деп атайды» деп жазады.
Ж.Бабалықұлы бұл болатты «пышақ» деп атайды: «Тұяқтың бауыры ойық, өзек болады да, өзектің екі жағы тұяқ мүйізімен көмкеріледі. Осы мүйіз әрі биіктеу, әрі өткір болғандықтан «пышақ» деп аталады. Пышақтың өткірлігі –жақсылықтың нышаны» деп жазады.
Асқан қыран құс тұяғының осындай пышақтай өткір болатымен алған аңының ішін жарып та жіберетін болған. Ондай қыранды «ішжарғыш» деп атап кеткен. Кейде бүркіт түлкіге көп түсіп, тұяғының болаты мұқалған болса, құсбегілер оны пышақпен қырлап, жонып, өткірлеп қоятын болған. «Тегеуріні темір үскідей» деген теңеу де осындай қасиетке байланысты айтылса керек.
3. Арық аяқ. Қ.Тоқтаубайұлы мәліметі бойынша бұл құс та алымды болады.
Бұл жайында ол «Арық аяқ алымды, салалы аяқ салымды, бұжыр аяқ қарымды» деген сынды айтып берді.
Бүркіттің аяқ сынына байланысты халық арасында мынадай өлең кездеседі:
Бұжыр аяқ, көксауыр,
Бұған болмас тосқауыл.
Жарғақ аяқ жарытпас,
Жабыла баптап бақса ауыл.
Бұжыр аяқты кейде қожыр аяқ деп те атайды. Қ.Тоқтайбайұлы: «Бүркіт көк ауыз, көк тұмсық, көк аяқ, езу шыбығы да көк болса,«көк долы қыран» атанады. Мұндай құс аңнан еш қайтпайды, қол-аяғы, қанат-құйрығы жарақаттанса да, қорықпай қайта ұмтылады» дейді.
Мысалы, мынадай өлең бар:
Жұқалау көк тұмсығы, келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.
Көз ауданы шүңірек, кешкіл маңдай,
Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ.
Бүркіттің тұяқ сыны және табанының (жербасарының) бүршік томарлары. Қ.Тоқтаубайұлы бүркіттің табан астындағы бүршігін томары деп атады, оны Ж.Бабалықұлы «безі» дейді. Ғалым былай деп жазады: «Саусақтарының табан астындағы бұлшық бүртіктері «без» аталады.Табан қышыры қалың және емшек-емшек бүртіктері (бездері) ірі болып, әсіресе көбесінің астындағы шеткі без емшектілеу келсе, мықтылыққа жатады. «Аңдарды бүркіт тұяғымен емес, табанындағы бүрлері – бездері арқылы қысып өлтіреді» деген сөз бар».
1. Аютұяқ құлтабан. Бұл жұмыскер құл секілді табаны қап-қара, құжыр-құжыр, жарылған божыр, жалаңаяқ жүрген құлдың табаны секілді қарулы деген сөз.
2. Шеге тұяқ ұлтабан. Бұл да қыранның белгісі, томары сиырдың тіліндегі түктердей ұсақ-ұсақ бүршікті, қышырлы болып келеді.
3. Сырғатұяқ майтабан.Үкітұяқ деп те аталады. Ол саршаның белгісі, онда бүршіктер аз болады, қыран емес.
Қыранның тұяқ пен табан өлшемдері туралы мініскер құсбегі Ш.Жәңгірұлы: «Жирен тұяқ, қара тұяқ деп екіге айырылады да, «жирен тұяқ жібермес, қара тұяқ қайтпас» делініп, тұяқпен жербасарын (табаны) қосып, «шеге тұяқ құлтабан, шеңбер тұяқ ұлтабан, иір тұяқ ит табан» деп тұжырымдайды. Тұяғы жирен немесе қара болуына қарамастан, тұяғының түп жағы жуан тұқылды, ұшы үшкір, ортаң тұяғының сол жағына жабысып біткен мүйіз жалы (болаты) пышақтың жүзіне ұқсас өткір болса, және тұяғы қысқалау шеге тәріздес болып, жербасар майтабаны қалың бітіп, асты айырылып-айырылып тұрса, мұны «шеге тұяқ құлтабан» дейді. Бұл – ең бірінші қыран өлшемі. Тұяғы қарамаққа ұзындау тұғылды болып, имегі жөн ғана, шеңбері кеңірек біткен болса, өзі болаттырақ келсе, тағы жербасары қалың бейне балалардың жаз күндегі жалаң аяқ табаны сияқты қолыңызбен ұстағанда бұжырланып білініп тұрса, бұл «шеңбер тұяқ ұлтабан» делінеді. Бұл өлшем екінші орында тұрады. Қайсы тұяқ болуына қарамастан түбі нәзік ұзынша болып, доға порымдас иіріліп бітсе, және иттің май өкшесі сияқты майтабансыз болса, мұндай құстарды «иір тұяқ ит табан, қыран емес» деп қорытынды шығарады» деп жазады.
Ұлы Абай Көтібақ деген адамнан алған Бөстек деген бүркіті туралы былай деген:
Бөстегім, құтылдың ба Көтібақтан?
«Күйшіл» деп бабын білмей кінә таққан.
Құлтабан, кескіл тұмсық Бөстекбайым,
Кісіге бос берермін бір мін тапқан.
Деректерді саралағанда құлтабанды кейде күңтабан деп те атайтыны байқалады. «Ертеде құл мен күңдер күндіз-түні жалаңаяқ, жалаңаш отын шауып, от жағып, мал сауып, құрт қайнату сияқты ауыр жұмыстар істеген. Сондықтан құл мен күңнің аяқ-қолын күс басып, түйенің табаны сияқты мүйіз болып кететін. Сонымен қатар ол адамдар еңбектен ерінбейтін, қиындықтан қорынбайтын батыл болған. Бүркіттің бір тегін күңтабан деп атау осыдан шыққан».
Осындай бөгенайлы сынға байланысты ел арасында мынадай өлеңдер бар:
Қалың ерін, қара тіл, қанға тоймас,
Қанша қымбат алсаң да басын жоймас.
Жирен тұяқ шұбарды тауып салсаң,
Жаза ұстаса және ұшып әсте қоймас.
Шеге тұяқ, құлтабан,
Шеңбер тұяқ, ұлтабан.
Қанжығасын қандайды,
Бабын тауып жұмсаған,
Итырыққа түсірер,
Иір тұяқ ит табан.
Бүркіт қанатының сыны. 1. Құмай қанат. Қанатының тұрқы ұзын, ұшы имектеу орақ секілді, бұл ұшқанда шабан ұшады да, аңға сараң түседі. Яғни аңға жай барады, ұшуы қопақтау, жүрмейтін ат секілді шабандау.
2.Қылыш қанат. Қанат шалғысы қылышқа ұқсас, ұшы сәл иіндеу, түзу. Алыс-жақын демей шапшаң ұшады, көргенін құтқармайды. Аңға шапшаң барады, мерген түседі, көргенін құтқармайды.
3. Шыл қанат. Құйрығы ұзын болады да, қанаты қысқа, екі қанатының шалғысының ұшы сәл ғана айқасқан, ұшар кезіндегі балапанның қанатындай ғана көлемді. Аңға екі түспейді, өте мерген түседі, епті, мерген, нағыз қырандықтың белгісі.
Ш.Жәңгірұлы «Бірінші құзғын қанат, екінші құмай қанат, үшінші шыл қанат. Құзғын қанат, екі жағындағы алтыдан он екі шалғысының ұшы түзу болып, айқасып тұрады. Құмай қанат шалғыларының ұшы орақ порымдас болып, имектеліп айқасады. Ал шыл қанат дейтін түрі некен-саяқ кезігеді. Мұндай құс балапан жасында екі жақ шалғысы қысқа болып, тек шалғының екі ұшы әзер айқасып тұрады да, кейін түлекке отырған сайын ұзарып жетіледі. Мұндай құсты «балапанында көк борбай, тірнегінде қу борбай, тас түлегінде барлық мүшелері толысады» деп бағалайды. Жинақтап айтқанда, құзғын қанат пен шыл қанат – ұшқырлық пен алғырлықтың өлшемі. Құмай қанат ұшымы жайбыр, шабан, алымы аздығының белгісі» деп жазады. Ел арасында бұл айтқан сынға байланысты мынадай өлең тараған:
Балапанда көк борбай,
Тiрнегiнде қу борбай.
Толысар ма балапан,
Тастүлекке жыл толмай.
Құзғын ұйқы, шыл қанат,
Алғырлықтың белгiсi.
Құмай қанат, шабан ат,
Жайбырлықтың белгiсi.
Бүркіттің қаптал қауырсынының сыны. 1. Алма жапырақ. Жүні дөңгелек, теңбіл. Күй тартпайды, нағыз қыранның белгісі, өзі табиғи бабында тұратындықтан аңкөс.
2. Терек жапырақ. Алма жапыраққа қарағанда күйшіл, қалыпты орта етімен ұстағанда, баппен қайырғанда аңға бара береді.
3.Тал жапырақ. Бұл өте күйшіл, аң алуы сирек. Қаптал қанаты тал жапырағы секілді ұсақ бедерлі болғандықтан солай аталады. Бұл құсты аса баптағанда ғана аң алады, өте бап талғайды.
Бұл туралы Ж.Бабалықұлы «Бүркіт жүні табиғаты жағынан ұсақ жүнді, ірі жүнді болып екі түрге бөлінеді. Құсбегілер жүндердің ұшы үшкіл, жіңішке, елібтері тар, қияқтылау келгендерін ұсақ жүнді немесе «тал жапырақ жүнді» деп атайды.Жүндердің ұшы доғалдау, дөңгелектеу, елібтері кең қияқтылау келгендерін ірі жүнді немесе «тораңғы жапырақ жүнді» дейді. Кейбір құсбегілер жүннің осы екі түріне қарай ұсақ жүнді құсты – күйтшіл, бабы, талғамы, қатты құс деп, ірі жүнді құсты – күйі, талғамы, бабы, жеңіл, аса көп бапты тілемейді деп бағалайды» деп жазады.
Бүркіт санының сыны. Саны толық тұтамнан асып тұрса, «шоқпар сан» деп атайды. Саны бір тұтам, бір елі болса ол түлкілік дейді. Ал бір тұтамнан кем болса, сарша болады. Саны жуаны болуы – балуандықтың белгісі. Санының мөлшері алып құстардікі бір тұтам, төрт еліге дейін жетеді.
Бұл туралы Ш.Жәңгірұлы «Ет мөлшерінен айтқанда, сан еті назарға алынып, зор денелілерінікі – бір тұтам, төрт елі, бір тұтам үш елі, бір тұтам, екі елі деп өлшеніп, бұл өлшемге толмағандары сарша, кішкенелер қатарына жатқызылады. Ұзын денелі құстардың саны біркелкі, сыптығырлау болып, мұны «серке сан» дейді. Дөңгелек денелі құстардікі санын ұстап көргенде, толарсағының жоғарғы жағы домалақ білінеді де «шоқпар сан» деп аталады» деп жазады. Ел арасында «садақ сан», «жалпақ сан» деген атаулар да кездеседі.
Бұл туралы халық өлеңінде былай дейді:
Тұтам төрт елі саны бар,
Қолға түспес жануар.
Ұзын тұра, серке сан,
Ашқарақ мінез бабы бар.
Дембелше қыран дегдардың,
Тұяғы кеппес қаны бар.
Мұндай құстар қазаққа,
Ілуде біреу табылар.
Жемсау сүйегі, алқа өлшемі. Бұл туралы Қ.Тоқтаубайұлы айтпағандықтан Ш.Жәңгірұлы мәліметін келтіреміз: «Жемсауының орыны «алқа» деп аталады, жұдырықты түйіп алқасына ұсынғанда, төрт саусақтың басы сыйып кетсе және төсіндегі жара біткен қаңқа қыр сүйегінің сыртқы беті қалың болса, яки қой жауырынының сыртқы қармағы сияқты шеті қайырылып бітсе, аса көңілдегідей болғаны». Бұл туралы Т.Сауыржанұлы «Бүркіттің алқасы кең, мойын сүйегі жуан, иректері өткір.Төс сүйегі жалды, сүріншегі үшкір, мол, айыршағы кең екенін санап көрді де «кергеннен қайтпайтын сүрімді қыран екен» деп кесіп-пішті» деп жазады.
Осы сын туралы халық арасына мынадай жыр жолдары таралған: «Саңғыру жүні сабалақ, алқалы кер, өндіршекті, өр мінез, қайтпайтын ер», «Саңғыру жүні сабалақ, алқалы кер, тақысы, бүкісі жоқ қомағай ер»;
Жемсауы жұмыр алқалы,
Төс сүйегі қаңқалы,
Болса түлкі құтылмас,
Атқа мінсең арқалы.
Құйрық айырымы. Бұл туралы Ш.Жәңгірұлы мәліметін береміз: «Әсілінде, құстың құйрығы он екі тал болады. Бүркіттің балапан, тірнек, тастүлек, ана жасына дейін құйрық пен қанатының асты ақ болады. Тек ана жасынан өткенде қараяды («Адам қартайса ағарады, құс қартайса қараяды» деген мақал бар. Қартайған сайын ақ жүні азайып, қылаңдары жойылып, барандай бастайтындықтан кәрі бүркітті «баршын», «барқын» деп атау қалыптасқан. А.Тойшанұлы). Балапан жасында құйрығының ұшында төрт елідей қарасы болады. Онан жоғары жағы ақ болады. Анықтап қарағанда, құйрықтың ортасындағы шыбықтың екі жақ ақ елпінде аздаған шашыранды, қара ноқат белгілері болса, оны «қара тарлан, жай тарлан» деп тұжырым жасап, «сүрімді қыран шықпайды» делінеді. Егер құйрықтың елпіндегі шашыранды ноқаттары қызғылтым реңді болып біткен болса, онда «нағыз қызыл тарлан, қан тарлан» деп аталып, қыран сынына толғаны. («Тарлан салған тарықпас» дейді А.Тойшанұлы.) Құйрықтың астына қосылып біткен саңғыру жүні де ұзын, толық болуы – шарт және толарсағын ұстағанда, басбармақтың басқы буынымен толып шыққаны абзал. Енді бір жақтан бұтының арасындағы ашамай сүйегінің арасына екі саусақтың басы сыйса немесе бір бармақтың басы кең айналып тұрса, «айыр сүйек ашамай, арасы кең» деп Абай атамыз айтқан өлшем – осы. Егер ашамайсыз бітеу (тұйық) болса, жақсы болмағаны, аса күйшіл болғаны деп қарайды». Ж.Бабалықұлы «Айыр сүйек – бұл құс денесінің артқы есігі, ойығы» деп түсіндіреді. Мысалы:
Айыр сүйек ашамай арасы кең,
Болса жақсы, бұлдағы бір қарар жер.
Қ.Тоқтаубайұлы былай дейді: «Сонымен бірге ел аузында айтылып жүрген «Қарақасқа қыран» деген болады. Әдетте бүркіттің құйрығы он екі тал болады, ал қарақасқа деген ерекше қыранның құйрық саны он төрт болады да, ең шеткі қысқалтаң екі құйрығы шымқай ақ, ал құйрығының дәл ортасындағы екі құйрығы тарлан болмай меңсіз қара болады да, оны сол себептен «қарақасқа қыран» дейді қарт сыншылар.Мұндай құс зады аса сирек болады. «Қарақасқа қасқыр алады» дейді ел сондықтан».
Академик Ә.Марғұлан бұл жайында: «Ер бітімді, елгезек болып, ту құйрығы бірыңғай ақ, ұш жағы қара болып тұрса, мұндай құсты саятшылар «несібелі байқасқа» деп атайды. Өйткені ол ешбір жағдай тілемей, аңға қанша қосса да, жалықпай ала беретін, көнбіс қыран бүркіттің тегіне жатады» деп жазады.
Қ.Тоқтаубайұлы «Сонымен бірге «қыжалы қыран» деген ұғым да бар. Оның қанатының астыңғы сербегінен, яғни қанатының астынан жеке шыққан бір сүйем немесе бір қарыс иіріліп байланып шыққан қысқа бір тал қауырсын болады. Ол аңға оқталып-сұпталып, біздің тілмен айтқанда, шоқпардай болып денесін жиып шүйілгенде қанатының астынан ызылдаған, уілдеген ерекше бір дауыс шығарып, түлкінің зәре-құтын ұшырады» дейді.
Академик Ә.Марғұлан биология ғылымы байтақ отанымызда мекендейтін бүркіттерді бес топқа бөлетінін айта келе, ел саятшылары оларды мекен еткен жері мен жүнінің түсіне қарай 12 түрге бөлетінін жазады: «Оралдың ақиығы» (Құсбегілер бұл жайында «Оралдың орауызы», «Оралдың зор табаны», «Тапсаң құстың орын сал, таппасаң зорын сал» дейді А.Тойшанұлы), «Алтайдың мұзбалағы», «Қазықтының қаракері», «Құмның қызыл көзі», «Желектінің жирен тұяғы», «Ертістің саршолағы», «Қарағайдың қоңыр аласы», «Есбалақтың есерсоғы», «Дересіннің шұбары», «Жанбауырдың жарғыш тұяғы», «Өлтірмей бермес Өтеген», «Несібелі байқасқа».
Этнограф-ғалым Б.Кәмалашұлы бүркіттің тек-тұрпатына қарай 94 атауы бар екенін жазады. Б.Солтоноев қырғыздар бүркітті 65 түрге айырып, ішінара 19 ұрыққа (тұқымға) бөлетінін жазады.Бұл аталған он тоғыз тұқым ішінде қазаққа ұқсас атаулары «бидайық (көрмедік дейді), алып қара құс, чөгөөл (шөгел), шашкалаң сары (сасқалақ сары), байкашка (байқасқа) және т.с.с.
Қазақтағы қыранның кейбір сирек атауларына тоқталсақ, Ә.Марғұлан Алатау, Памир, Алтай тауларын мекендейтін шүгел (шөгел) қыранның үш түрі «мұзбалақ шүгел», «шашақты шүгел», «сүйелді шүгелге» жеке-жеке мінездеме береді: «Шүгел қырандардың тіршілігі көбінесе биік таудың ішіндегі арқар, киік, қасқыр сияқты аңдардан тоят алып әдеттенгендіктен, ешбір жанды заттан қорықпайтын ер, түсі суық, өте тәкаппар келеді» деп жазады.«Абай жолы» романында ұлы ақынның Қарашолақ деген бүркіті «Жанбауыр Шөгелдің» тегінен екені айтылады.Моңғолиялық Т.Сауыржанұлы да «Жанбауыршөгел» деген ерекше қыранның сыр-сипатына тоқталады. Баяғыда Саршолақ деген бүркітінен айырылған тағы бір құсбегі «Қыр мұрынды, қиғаш қас, шөгелім-ай, Көздің жасын көл қылып төгемін-ай» зарлаған екен деседі.
Моңғолиялық құсбегі Дәуітхан Замбы бүркітті төрт түрлі тек-тұрпатқа жіктеп айтты: «ақиық, кенесары, бұқатана, сарша». Оның пікірінше, ақиық пен кенесары бүркіттің ең алғыр қыраны, ал бұқатана оларға жетпейді, күйшіл, оны мықты құсбегі баптаса ғана түлкі алғызатын көрінеді.
Демек, Кенесары Қасымұлының есімі кенемен емес, аспан сермендесі қыран затына ырыми сабақтастықты аңғартады.
Т.Сауыржанұлы «Бүркіттің еркегін шәулі, ұрғашысын ұябасар дейді. Шәулі бақабастау, бітімі төртбақ, ұябасардан кішірек, саусақтары былтығыр, қанат-құйрығы келтелеу болады. Шәуліден өткір қыран шыққанымен ұябасарға жетпейді. Бүркіттің бұдан кішірегін бұқатанаға жатқызады. Ол күйіне келгенде бірлеп-екілеп түлкі алуға жарайды. Ең кішкене азғынын сарша дейді. Саршаның түлкіге әлі жетпейді, ұсақ қоян, тышқан сияқты жәндіктерді ғана алып жеп күнелтеді. Бұқатана мен саршаның ауданды тегі шәуліден шығады» деп жазады. Ж.Бабалықұлына 1978 жылы Батыс Қазақстан өңірінің құсбегісі Есіргеп Фаридинұлы «бұқатана, бәрін, шәулі» деген қыранның түрлері бар деген деректі айтып берген.
Жалпы, ескерте кететін мәселе, Қытай, Моңғолия, Қазақстан, Қырғызстан секілді елдердегі ғылыми басылымдарда көптеген зерттеушілер бүркіт сынына қатысты дәстүрлі ұғымдарды қате жазу орын алады. Мысалы, көбінде «кешкіл» дегенді «кекшіл», «бұқатананы» «бұқатанау», «тұрғыданы» «тұғырда», «түлкі керіп тұра қалдыны» «түлкі көріп тұра қалды», «қыран тілеп ұштыны» «қыран түлеп ұшты» деген секілді жаңсақтыққа жол берілетіндіктен, осы мәндес ескілікті атауларға абай болған орынды.
М.Әуезов «Аңшылықтың үміт, қуанышы көп. Ыстық оттай қызулы минуты көп, мағыналы өмір. Аңшылықта кісіні ақын күйіне жеткізетін сезім күйі көп. Бұл – салқындап кеткен кәрі ақылдың өмірі емес, сүйген ғашығыңды сағынып келіп, күліп-ойнап өткізген күндіз-түніндей ыстық сезім өмір. Өйткені бір минуттың ішінде қуантатын да, жүдететін де күйлерді кешіреді. Соның бәрін айтып жүргендіктен аңшының тілі шешен, қиялы жүйрік. Бүркіттің ұшқанына, түлкінің құтылмақ болған айласына, құсшының ебіне арналған талай шешен сөздер бар. Аңшылық өмірінен ілгері-соңғыдан қалған талай қызықты, жанды, сұлу әңгімелер көп» деп жазған еді.
Қыранның сыны мен сыры, кескіні мен келбеті, мінезі мен ділі туралы халық өлеңдерінің шұрайлы тілі, бағзы поэтикалық мән-мағынасы алуан қырлы, ажарлыда астарлы екені байқалады. Мәселен, мына өлеңде томаға тартқан құсбегінің сол мезеттегі көңіл-күйі, шабыттап шүйген хас қыранға ақ тілегі арналған:
Шынжыр балақ, шұбар төс,
Имек тұмсық, қанды көз.
Томағаңды тартайын,
Алдыңнан түлкi болсын кез!
Еркесiң бүркiт жер, көкте,
Ұстай көр, барып тез жет те.
Айбарынан түлкiнiң,
Айбынбай барып шеңбекте.
Қанжығымды қатырып,
Атымды босқа терлетпе!
Ә.Марғұлан құсбегі сонарда күніне 10-15 түлкі алдыру үшін күніне 30-40 шақырымдай жол жүретін кезі болатындықтан, көмпіс қарулы аттың қажет екенін айтады. Қырғызда «Бүркіт салсаң Алтайдың қызыл түлкісін киерсің, қаршыға салсаң, қалжа жеп, жазға жақын болғанда атының басын қарға жейт» деген тәмсіл бар. Өлеңде саятшының «Атымды босқа терлетпе» деуі – сол машақатты әуре-сарсаңнан аулақ болуды қалауы.
ХVІІІ ғасырда өмір сүрген деп аңыздалатын әйгілі құсбегі, Қожамбет сойлы Жәңгөдей дейтін құсбегі айтты деген мына өлеңге назар салайық:
Қайқы ерін, қылыш тұмсық,
кешкіл маңдай,
Шүңірек, қызыл көзі, жаққан шамдай.
Кең топшы, сұңқар қанат,
құзғын құйрық,
Қанішер, қара тілді, жырық таңдай.
Тарқайды қолыма алсам, серқұмарым,
Құс пірім Шора бабам тапсырғандай!
Мұндай өлеңдердегі этнографиялық ұғымдар мен айшықтар дәстүрлі құсбегілік ілім-білімінен бейхабар бүгінгі қауымға түсініксіз болатыны сөзсіз. Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданының тұрғыны, әйгілі құсбегі Иқанбай айтып берген мына өлеңдегі бүркіт сынының әрлі өрнектері құсбегілік ілім өлшемдерімен дәлдікті көрсетеді:
Жұқалау, көк тұмсығы келсе жалпақ,
Мелжемді қожыр аяқ, бұты талтақ.
Көз ауданы шүңірек, кешкіл маңдай,
Кең иық, саны жуан, төсі шалқақ.
Топшысы келсе алдына жоғарылау,
Шалғысы құйрығына тұрса таяу.
Көкте ұшқыр, тұрғыда шаңқылы жоқ,
Бір түлкіден басқаға болмаса жау.
Саятшылықтың қимас қызығы туралы ел арасына мынадай аңыз таралған: «Ер Жәнібек батыр: «Сұлу қыздың ақ білегі мен орман түлкінің қара қасқа сирағы-ай. Ұстағанда қайсысы ыстық екенін айыра алмай кеттім жалғаннан деген екен».
Алғашқы қансонарда саятшы айтқан мына бір өлеңде адам үшін айқасқа түсіп, аппақ қардың үстін алқызыл қанға бояйтын ақиық қыран мен алтайы қызыл түлкінің арпалысар сәтінің пердесі ашылғандай:
Бұтада жатқан бұғынып,
Жапсар тасқа тығылып,
Тұра қашқан жүгiрiп,
Түлкi бiр қызыл шұғынық.
Томағаңды тартайын,
Пейiлiм тұр сұғынып.
Тебiнгiден тер шықпай,
Қанжығама қан жұқпай.
Қақ тұмсықтан жан шықпай,
Көңiлiм менiң көншiмес,
Құмарымнан бiр шықпай!
Қорыта айтқанда, қыранның сыны туралы ұғымдар мен түсініктер, пайымдаулар мен топшылаулар халық мұрасының үлгілерінде ортақ қалыпқа құйғандай ұқсас екені айқындала түсті. Бүркіт сыны туралы ел арасында ауыздан-ауызға таралған өлеңдердегі байырғы этномәдени атаулар жүйесі халықтық құсбегілік іліммен сабақтас, өзектес, кіндіктес екендігі аңғарылды.Бұл саладағы өлеңдерді саятшылық өнерден хабары жоқ жандар дәлме-дәл түсінуі, тануы екіталай.Сол себептен де түрлі жарияланымдарда бүркіт сыны туралы байырғы атаулар мен кейбір көнерген сөздер жаңсақ басылып келгені аңғарылды. Қыран құс туралы құсбегілердің дерегін ел арасында таралған аңыз-әпсана, өлең-жырлар, мақал-мәтелдермен, түрлі ғылыми еңбектердегі тұжырымдармен кешенді салыстыра келе, дәстүрлі бүркіт сыны туралы дерекқоры осы зерттеуде мейлінше жүйеленіп, сұрыпталып, толықтырыла түсті.