Қоғамға сын. Мәжілісмен Талғардағы оқиғаға қатысты пікір білдірді

229
Adyrna.kz Telegram

Мәжіліс депутаты Талғар маңында қаза тапқан Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне қатысты жағдай барша қоғамға сын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасында бүгінгі оқиғаға қатысты пікір білдірді.

«Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс", - деді Аймағамбетов.

Мәжілісмен полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керектігін айтты.

"Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет.
Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз. Кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейді. Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды", - деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ, мәжілісмен халықты тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырды.

"Тексерілмеген ақпараттарды таратып, елді дүрліктірмейік. Барлық шешімдер тек заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Құқық қорғау органдарының қажетті күштері толық жұмылдырылды. Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қахарлы күшін көрсету маңызды", - деп жазды Аймағамбетов.

Айта кетейік, 12 қазан күні Талғарда төбелес салдарынан қаза тапқан Шерзат Болаттың тұрған үйі өртенген болатын.

Пікірлер