Қоғамға сын. Мәжілісмен Талғардағы жағдайға қатысты пікір білдірді

209
Adyrna.kz Telegram

Мәжілісмен қаза тапқан Шерзат Болаттың үйінің өртенуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Telegram-арнасында қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.

"Талғарда болған қайғылы оқиға жаға ұстатты. Жас жігітті өлтіріп, отбасының үйін өртеп жіберген жауыздық, хайуандық және әділетсіз қылмыс бәріміздің қабырғамызды қайыстырды. Бұл оқиға тек құқық қорғау органдарына ғана емес, бүкіл қоғамға сын. Шерзат Болаттың отбасына қайғырып көңіл айтамын. Бұл істі тергеуде барынша ашықтық пен әділдік қажет. Кінәлілердің барлығы заң алдында жауапқа тартылып, өз жазасын алуы тиіс. Полиция мен прокуратура ешкімнің жазадан құтылып кетпеуін қамтамасыз етуі керек. Бұл қылмыс құқық қорғау органдарында жүйелі реформаларды іске асыруға себеп болуы қажет.
Бұл заңның талабы ғана емес, қоғам алдындағы парызымыз", - деді ол.

Одан бөлек, мәжілісмен бәрі заң аясында болуы керектігін айтты.

"Кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейді. Қақтығысты ушықтырмай, өз наразылығымыз бен позициямызды білдіру кезінде заңды бұзбай, оңтайлы жолды қолданған жөн. Барлық мәселені заң аясында шешуге болады және біздің қоғамда кез келген мәселе солай шешілуі қажет. Бұл қайғылы оқиғаны қасақана түрде жағдайды тұрақсыздандыру үшін пайдалануы мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сондықтан қазір арандатуға бой алдырмау, әділ жазаны қамтамасыз ету және құқық қорғау жүйесінде терең, жүйелі реформалар жасау үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды", - деп жазды Аймағамбетов.

Мәжілісмен тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге шақырды.

"Тексерілмеген ақпараттарды таратып, елді дүрліктірмейік. Барлық шешімдер тек заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Құқық қорғау органдарының қажетті күштері толық жұмылдырылды. Бұл іс Бас прокурордың бақылауына алынған, ал отбасы полиция қорғауында. Қазіргі уақытта қылмыскерлерді жазалап, құқықтық жүйенің барлық қахарлы күшін көрсету маңызды", - деді ол.

Айта кетейік, 12 қазан күні Талғарда марқұм Шерзат Болаттың тұрған үйі өртеніп кетті.

Пікірлер