«Hershey» корпорациясының негізін салушы. Жомарттығымен ел есінде қалған миллионер. XX ғасырдың басында шоколад өндірісін қолға алған сирек кәсіпкерлердің бірі. Кондитерлік саланың кемеңгері.
Милтон Сневели Херши 1857 жылдың 13-қыркүйегінде Пенсильвания штатының Дерри Черч қаласында дүниеге келеді. Әкесі Генри Херши мен анасы Вероника Сневели діндар кісілер болды. Милтонның ата-бабалары XVIII ғасырда Германия мен Швейцариядан келген неміс иммигранттары деседі. Әкесі жұмыс бабымен бір орыннан екінші орынға жиі көшіп жүргендіктен, Милтон мектепте төрт-ақ жыл оқыды. Ол мектептегі білімге қосымша Пенсильванияның ауылдарындағы сол заманға тән бір бөлмелі мектептерден дәріс тыңдайды. Солардың бірі «Derry» Шіркеу мектебі болатын.
Діншіл ата-анасы Милтонды 4-сыныптан соң мектепте оқытпады. Кітап пен мектеп балаға зиян келтіреді деп санап, оны кәсіби ортаға қосады. Ол алғашқы қызметін жергілікті неміс газетіне баспагер болудан бастайды. Алайда Милтон Хершиді бұл сала аз қызықтырды. Жұмыс орнын кондитерлік фабрикаға ауыстырып, ол жерде карамель мен балмұздақ сатушы болып істейді. Жаңа қызмет орны жас маманның тынысын ашып, Милтон мұзконфет дайындаудың қыр-сырын меңгереді.
Жасы 18-ге толғанда Филадельфиядан «M.S. Hershey, Wholesale and Retail Confectioner» атты жеке кәсіпорнын құрады. Әйткенмен, ісі оңға баспай, сату көлемінің аздығынан, төлемдердің көбеюінен тұралап қалған кәсіпорынды сатып жіберуге мәжбүр болады. Алғашқы бизнесі банкрот болған Милтон Херши алған бетінен қайтпады. Келесі кондитерлік фирмасын Колорадоның Денвер қаласынан ашады. Осында жүріп жаңа піскен сүтті карамельге араластыру арқылы дәмді конфет даярлауға болатынына көз жеткізеді. Бірақ ол Денверде ұзақ тұрақтай алмай, Чикагоға қоныс аударады. Одан соң Нью-Йоркке барып бизнесін қайта бастағанымен тағы да банкротқа ұшырайды.
Сәтсіздікке толы онжылдық өмірі бар 28 жастағы Милтон Херши Ланкастер қаласына келіп, Денвер қаласынан үйренген рецептісі бойынша алғашқы карамель конфеттерін өндіреді. «Hershey’s Crystal A» деп аталған жаңа конфет тек жергілікті тұтынушылардың ғана емес, шетелдіктердің де көңілінен шықты. Өндіріс көлемін ұлғайту үшін, Ланкастер ұлттық банкінен несие алуға тура келеді. Десе де, компанияның жаңа өрлеу кезеңі басталған еді. Оның компаниясының филиалдары Маунт Джой, Нью-Йорк Сити, Ридинге және Чикаго қалаларынан ашылады. Хершидің карамельдері сол жылдардың өзінде-ақ Еуропаға, Қытайға, Австралияға тарапты. Милтон Англия, Франция, Мексика, Египет елдерін аралап, өндірістің жаңа бағыттарын іздестіреді. Ол 1893 жылы-ақ миллионерге айналған болатын. Алайда оған негізгі капитал мен брендті шоколад алып келеді.
1893 жылы Чикагодағы Халықаралық Колумбия көрмесінде Милтон Хершидің көзі шоколад дайындайтын неміс құрал-жабдығына түседі. Оны дереу сатып алып, кондитерлік фирмасына орнатады.
Алғашқыда шоколадты конфеттің өзегіне салып пайдаланады. 1894 жылы карамель конфеттер өндіретін компаниясына еншілес етіп «Hershey Chocolate Company» фирмасын құрады. Оның компаниясы сұйық какао мен шоколад дайындады. Милтон сүтті шоколад өндірісін қолға алуды іштей мақсат етті. Ол кезде сүтті шоколад АҚШ-қа Швейцариядан тасымалданатын. Милтон Херши 1900 жылы тек сүтті шоколад өндірісімен айналысуға бел буады. Карамель шығаратын кәсіпорнын өзінің басты бәсекелесі болып келген Филадельфиядағы Американ карамель компаниясына 1 миллион долларға сатып жіберіп, тек шоколад цехын ғана өзіне алып қалады.
Милтон Херши шоколад өндіретін құрал-жабдықтарын көлікке тиеп, туған жері Дерри Черч қаласына қоныс аударады. Мұнда оралуының екі себебі бар еді: біріншісі, қалаға жақын жерде сиыр өсіретін фермерлердің сүтін шоколад өндірісіне пайдалануды көздеген, екіншісі, Дерри Черчте еңбекке жарамды болса да, жұмыссыз жүрген адамдар көп еді. 1903 жылы сүтті шоколад өндіретін фирманың алғашқы кірпіші қаланып, 1905 жылы алғашқы өнімдерін нарыққа таратады. Бұл Америка тарихындағы тұңғыш шоколад өндіруші компания еді.
Тынымсыз ізденістердің нәтижесінде америкалықтардың сүйікті тағамы болған «Hershey’s» батончигі өмірге келеді. Тағы бір жыл өткен соң, бадам дәнектері қосылған шоколадтар нарыққа жол тартады. Уақыт өте келе «Hershey Chocolate Company» фирмасы шоколадтың 114 түрін дайындайтын кондитерлік компанияға айналды. Ал 1907 жылы «Hershey’s Kisse» батончигі өз тұтынушыларын табады. Рас, өтірігін кім білсін, осы батончикті дайындау үстінде кондитерлік машинадан сүйістің дыбысына ұқсас сигнал шыға берген екен деседі. Сол себепті батончикке «Hershey’s Kisse» («Хершидің сүйісі» деген мағына береді) деп ат қойылыпты.
Милтон Херши өнімдерінің жарнамасына өте мардымсыз ғана қаржы бөлді. Оның пікірінше «Жарнама жасаудың ең тиімді жолы – сапалы тауар өндіру», сапалы өнім жарнамасыз-ақ тұтынушысын өзі іздеп табады.
Милтон Херши жарнамаға шығындамаған қаржыларын қайырымдылыққа жұмсады. Берік діни көзқарасы бар Херши жиған ақшаларының рақатын жалғыз өзі көруді ар санаушы еді. «Hershey Chocolate Company» фирмасындағы еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықпен күресу, бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің білім алуына мүмкіндіктер туғызу Милтон Хершидің қайырымдылық шараларының негізгі нысанасы болды.
Кәсіпорын жұмысшыларының жағдайына көп көңіл бөлетін Милтон шоколад фабрикасын қоршай жаңа қалашық тұрғызады. Жекеменшік үйлер салынып, көшелер төселеді. Көшелердің аты какао бұршақтарын өндіретін елдімекендердің атымен аталды: Тринидад, Каракас, Ареба, Цейлон, Пара. Қалашық көшелерінің бойынан кабак, шошқа қоралар, лас өндіріс ошақтары, ұстахана салуға тыйым салынып, олардың орнына шіркеу, банк, қонақүй, парк, дүкен, кір жуатын орындар, гольф алаңдары, зоопарк салынды. Қалашықтағы жеке үйлер «Hershey Chocolate Company» фирмасының қызметкерлеріне пайдалануға беріледі. Баспана жетпей, сырт қалған жұмысшыларының да әлеуметтік жағдайын ұмытпады. Олардың жұмыс орнына оңай жетуі үшін, арнайы трамвай жолын төсеттіреді. Жаңа қалашыққа «Херши» деп атасының атын береді.
Тағдырдың бұралаң жолымен төрт класстық қана білім ала алған «Шоколад королі» жас жеткіншектердің еркін білім алуына жол ашу үшін, 1909 жылы арнайы индустриалды мектептің тұсауын кеседі.
Көзі тірісінде 1918 жылы Милтон Херши есепшотындағы 60 миллион долларын өзі құрған мектептің атына аудару жөнінде мирасхат жазып қалдырады. Ол бұл шешімін өмірінің соңына дейін өзгертпейді.
30-жылдардағы ұлы депрессия кезінде, бүкіл өндіріс орындары жабылып, жұмысшылар қысқарып жатқан уақытта Милтон Херши адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында алып қонақүйдің құрылысын бастап жібереді. Экономикалық қиын-қыстау кезеңде алып құрылыс жұмыстарын жүргізудің көптеген тиімсіз жақтары болғанын қазіргі күнгі экономистер мойындайды. Алайда діндар ата-анадан тәрбие алған, көпбалалы отбасының мүшесі Милтон коммерциялық табыстан гөрі, моральдық игілікті құп көрді. Қонақүйдің прототипі етіп, Мысырға барғанда өзі куә болған «Heliopolis Hotel» қонақүйінің үлгісін алады. Отельдің ашылуы 1933 жылы 26-мамырда өтті.
Екінші дүниежүзілік соғыс тұсында АҚШ Қарулы Күштерінің шаруашылық бөлімі Хершидің компаниясына майдандағы жауынгерлер үшін арнайы батончик дайындауға тапсырыс береді. Сонымен қатар өздерінің де талаптарын қояды: батончиктің салмағы 1 және 2 унция (28гр және 57 гр) аралығында болу керек, жоғары температураға еріп кетпейтін төзімді болуы шарт, соғыстағы әскерлерді еліктіріп жібермес үшін, аздап жағымсыздау иіс шығарып тұруы қажет.
«Tropical Chocolate» деп аталған бұл батончиктер тұтынушылардың көңілін тез тапты. Милтон Хершидің фирмасы 1939 жылы күніне 100 мың батончик шығарып тұрса, соғыстың аяғында аптасына 24 миллион батончик өндірген. 1940-1945 жылдар аралығында 3 миллиардтан астам батончик сатылыпты.
Милтон Херши 1945 жылдың 13-қазанында 88 жасқа қараған шағында өзі тұрғызған қалашықтың ауруханасында көз жұмды.
Түйін
Абраам Линкольннің «Жеңімпаз деп құламайтын адамдарды емес, қанша рет құласа да есін жинап, қайта тұра алатын адамдарды айтамыз» деген көреген нақылы бар. Милтон Херши кәсіпкерлікке арнаған өмірінің алғашқы кезеңдерінде төрт рет банкрот болып, бойын қайта тіктепті. Сондай талпынысына қарағанда әр қайғының бір қуанышы болатынына сенген сияқты.
Асыл Абай
"Адырна" ұлттық порталы