Мәди Ахметов: Жастардың “жұмыс жоқ” дегені өтірік!

4753
Adyrna.kz Telegram
Қазіргі жастардың көбі Абайша айтсақ “еріншек, бекер мал шашпақтың” кебін киюде. Ал бүгінгі біздің кейіпкеріміз небәрі 23 жасында деканның орынбасары қызметіне тағайындалған, "Жас Отан" жастар қанатының төрағасы Мәди Ахметов. Мәди Ахметовтың adyrna.kz ұлттық порталына арнайы берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

 

 – Еңбек жолыңызды неше жасыңызда бастадыңыз?

– Мен ресми түрде еңбек жолымды 1-курста Қазақ Ұлттық университеті “журналистика” факультетінің жанынан құрылған “медиа – сфера” гуманитарлық зертеу орталығында тәлімгер-зерттеуші ретінде бастадым. Кейіннен “қазақ елі” студенттік экспедициясында кафедра меңгерушісімен бірге сауалнамалар жүргізіп, тарихи жерлерге очерктер жазып, оларды картаға түсірумен айналыстым. Жасаған еңбегіміз бойынша үш монография жарық көрді. Жастармен түрлі кездесулер ұйымдастырдық. Сабақ пен жұмысты осылайша бірге алып жүрдім.

–  Жас бола тұра бірталай жетістіктерді бағындырдыңыз. Университет деканының орынбасарына дейін көтеріліп, “Жас Отан” жастар қанатының төрағасы болып отырсыз. Жалпы бәрі қалай басталып еді?

–  Мен Қазақ Ұлттық университетінде журналистика факультетінде грант негізінде білім алдым. Сол уақыт ішінде жарты жылға Түркияға, кейіннен Венгрия Мемлекетіне жолдама алдым. 3-курста белсенді жастармен жұмыс жасап бастадым. 500 ден астам еріктілердің  кординаторы болдым. 4-курста қалалық “Жас Отан” жастар қанатының басшылығы сұхбаттасуға шақырды. Нәтижесінде 2 ай сынақ мерзімінен өтіп, осы қызметке сайландым. Кейіннен магистратураға оқуға түсіп, университетте жұмыс жасағанды жөн көрдім. Осылайша жарты жыл Халықаралық бизнес университетінде баспасөз хатшысы болып қызмет атқардым. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде деканның орынбасарлығына жұмысқа шақырды. Ол жерде де университеттің ішкі, сыртқы дамуына бірталай үлесімді қосып кеттім. Содан соң “жастар жылы” басталды деген мақсатпен, Жас Отанға қайтып келуімді сұрады. Мен де келісімімді бердім. Яғни жас кезімде жастармен тығыз байланыста болғанды жөн көрдім.

–  Қара жұмыспен мүлдем айналысып көрмедіңіз бе?

– Қара жұмыспен әрине айналыстым. Бұрын соңды ешкімге айтпаған едім. 6-сыныпты тәмамдағанша ауылда ата-әжемнің тәрбиесінде өстім. 7-сыныбымнан бастап, ол кісілер мені қалаға ата-анамның қолына әкелді. Сол күннен отбасымнан ақша алмауды мақсат санадым, ешкімге салмақ салмадым. Үйдің үлкені әрі ер-азамат болған соң, ата-анамның зейнетте екенін ескере келе сабақтан кейін жұмыс жасадым. Базарда қол арба сүйремесем де, туыстарымның жеке кәсібінде сатушы кейіннен әкімгер қызметінде болдым.

  –  Үйде нешеусіздер?

Үйде екеуміз. Мен және інім.

–   Мамандығыңыз журналист бола тұра, өз салаңызда жүрген жоқсыз. Болашақта журналистикаға қайта бет бұрасыз ба?

–  Журналистикада оқығанымды білесіз. Әрине, өзіммен бірге бітірген үзеңгілес топтастарым түрлі телеарна мен газеттерде, сайтта қызметте. Кейбіреуі тіпті өз журналын да шығарып жатыр. Меніңше, журналистика мен қоғам мәселесі ұштасып жатқан дүние. Неге десеңіз, кеше ғана журналист Нұртөре Жүсіп ағамыз бен Дана Нұржігіт апайымыз сенат депутаты болып тағайындалды. Журналистің мағандығы төртінші билікке жатады. Сондықтан қазіргі айналысып жүрген жұмысым мамандығыма бір табан жақын. Мен ешқашан журналистикадан алыстамаймын. Қоғамдық тәжірибе жинап, өз орнымды қалыптастырып алғаннан кейін журналистикаға бет бұрмақпын.

–   10 жылдан кейінгі Мәди Ахметовты қалай елестетесіз?

– 10 жылдан кейінгі Мәдиді қатарластарым мен бір командада жұмыс жасап жүргендер айта алатын шығар. Дегенмен кез-келген адам өзің жоғарыдан көргісі келеді. 10 жылдан кейінгі Мәдиді дәл осы мінезде, сәлемі түзу, надандықтан ада, адамдығы жойылмаған, елдің көзіне түзу қарай алатын, жасаған іс-әрекеті үшін ешқашан ұялмайтын адам ретінде елестетемін. Ал қызметтік тұрғыдан биіктікті жақсы көргеніммен, аса бір құлшынып қол созбаймын.  Онсызда қызметтегі адамның шашбауын көтеретін маңайында үйілген адамдар көп. Ал қызметінен айрылды дегенді естісе, солардың бәрі теріс айналып шыға келеді. Сондықтан қызметке өтпелі дүние ретінде қараймын.

–  Отбасылық тұрғыдан ше?!

–  Қазақстанда бір жігіттің басына сегіз қыздан болғандықтан, болашақ жарды табу қатты қиындық туғызады деп ойламаймын. Ең бастысы ибалы, инабатты, иманды, ата-анамды сыйлайтын бір жақсы жар жолықса екен, артымда ұрпағым қалса екен деген тілегім бар. Бірақ ол үшін материалдық жағдай болу керек. Бала жақсы жағдайда, дұрыс ортада қалыптасу қажет.

–  Жеке пәтеріңіз, көлігіңіз бар шығар?!

–  Жеке пәтерім жоқ, автокөлікке мүлдем қызықпаймын. Электрсамакатым мен велосипедім бар. Солармен жұмысқа барып-келемін. Оның үстіне жұмыстан кейін жаяулатып жүріп қайтқанды ұнатамын. Бәлкім отбасылы болғанда “жаяу жүргім келмейді” деп әйелім, бала-шағам айтып жатса, ойланып көрермін.

–  Ұраныңыз қандай?

–  Кез келген адамның өмірде үлгі алатын тұлғасы бар. Мен үшін өз атам да үлкен бір тұлға. Ол кісі Социолистік еңбек ері, 40 жылдан астам Райымбек ауданынды қызмет жасаған. Нашар деңгейдегі совхоз, колхоздарды қалыпқа келтірген жан. Сондықтан атамның жүрген жолымен жүруді мақсат етемін. Кейіннен Алматы қаласына келгеннен кейін Бауыржан Момышұлы атындағы мектепте білім алдым. Сол жерде мірдің оғындай қанатты сөздерін, нақылдарын, кітаптарын оқып өстім. Ер азаматқа қажет дейтін мінездің бәрін рухани тұрғыда Бауыржан Момышұлыдан алдым. Ұраным: Ақырын жүріп анық бас, еңбегін кетпес далаға. Яғни сүйкіміңді кетіріп, тыраштанып, көзге түсіп, әлденеге ұмтылудың еш қажеті жоқ. Қаншалықты еңбек етсең, соншалықты жемісің жейсің.

– Бір адамның бір күні екінші адамнан ерекшеленіп тұратыны белгілі. Сіздің бір күндік өміріңізді жастар жағы оқып, білсе бәлкім сізден үлгі алар. Мәди Ахметовтің бір күні қалай өтеді?

–  Мәдидің бір күні жұмыспен бірге өтеді. Мәселен, кеше жұмыстан түнгі екі жарымда шықтым. Түрлі жобалар, хат жазу, команданың жұмысын бақылау, жасаған жұмыстың есебін берумен уақыттың қалай өтетінін аңдамай да қаламын. Әрі кешке жұмыс жасағанды жаным сүйеді. Үйге кеш барамын. Үйде “пәтер жалдаушымын” десем де болады. Бір күнім таңғы оянумен басталады. Метромен жұмысқа келемін. Жиналысқа қатысамын. Жиналыста берілген тапсырмаларды орындауға кірісемін. Осылай бір күнім өте шығады. Тіпті соңғы сенбі, жексенбім “таза қала” акциясымен өтті.

–  Жас Отанның соңғы уақытта жасап жатқан ауқымды жұмыстарын айтып берсеңіз…

–  Нұр-Сұлтандағы бес сәбидің өлімінен кейін Алматыда “қамқоршы” деген үлкен жобаны қолға алдық. Атының өз-ақ айтып тұрғандай, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерді жұма, сенбі, жексенбі күндері уақыттарын тиімді өткізуге баулимыз. 2-3 айдың ішінде 2000-ға жуық балаларды қамтыдық. Оларды кинотеатрға, циркке, боулинг ойнауға, делфинотерапияға, музейлерге, Түрген сарқырамасына, Есік өзеніне барлығын тегін қыдыртып қайттық. Әрине, бұл көпбалалы отбасыға кішігірім болса да көмек деп ойлаймын. Сонымен қатар Арыс апатына қатысты Жас Отаннан үлкен бір штаб аштық. Бір күннің ішінде 7 тонна гуманитарлық көмек жинадық. 1 миллион теңге қаржылай көмек көрсеттік. Кейіннен еріктілерді Арысқа апарып, халыққа қолдан келген көмегімізді көрсеттік.

–  Түнгі 2-ге дейін жұмыс жасаймын деп айтып қалдыңыз. Жұмысқа деген шабытты қайдан аласыз?

–  Жұмыстан қатты шаршайтын кездерім болады. Бірақ шаршадым деген сөзді ұнатпаймын. Мәселен, бүгін Әмина апаның үйіне барып, тәрбиеленуші балаларды құшақтап, солармен тілдескен сәтте, балақайларды ойнатқан кезде көңіл-күйім көтеріліп, шаршағаным су сепкендей басылды десем де болады. Одан бөлек қазақ тілді, классикалық әуендерді, күйлерді тыңдағаннан шалқар шабыт аламын.

–  Сіздің “Елбасыға ескерткіш қояйық” деген ұсынысыңызға халықтың басым көпшілігі наразы болып, ренжіп, тіпті сізді қаралап жатты. Бұндай сынды қалай қабылдадыңыз?

–  Әрине, әркімнің өз ойы бар. Қазір ақпараттық ағымның өршіп тұрған шағы. Мысалы, фейсбук дамыған Мемлекеттерде отбасылық әлеуметтік желі. Ал дамушы, біздің елде саяси желіге айналып кеткен. Бір-бірін даттау, жамандауға келгенде алдына жан салмайтын дивандағы батырлар бізде жетерлік. Мен ешқайсысына ренжімеймін. Қараңызшы, Елбасы 30 жыл бойы елді жаманды-жақсылы басқарды. 30 күн бойы бір отбасын асырай алмай ажырасып жатқан азаматтар бар. Бұл жасырын емес. 18 миллион адам емес, 3 адамның басын біріктіре алмай, өз сөзің өткізе алмай отырғандар қаншама?! Оған қарағанда Елбасы 18 миллион халықты басқарды, шекараны бекітті, екі алпауыттың ортасында ешкімді жем қылмай атымызды шығарды, қазақты танытты. Сол тараптан ғана ол кісіге ескерткіш қояйық деген ұсыныс тастаған едім. Адами тұрғыдан ойланып қарасаң, 30 жыл бойы ел назарында болып, отбасына толыққанды көңіл бөле алмай, балаларының тәрбиесіне дұрыс қатыса алмай, адамға қажетті дүниелерден бастартты. Мемлекет мүддесін көздеп, халықтың жағдайын ойлады. Осы үшін де ескерткішке лайық санадым. Әрі ақпарат тарағанда бұрмалануда болды. Мен бүкіл халыққа емес, залда отырған 70-80 жасқа қана айттым. Мемлекет ақшасына ескерткіш қояйық немесе көп балалы отбасылардың ақшасын Елбасыға арнайық деген жоқпын. Біздің қоғамда түймедейді түйедейге айналдыру, хайп жасау трендке айналып бара жатыр. Міне, соның нәтижесі.

–  Өзіңіз секілді жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?

–  Біріншіден, кез келген жұмыстан қашпай жұмыс жасаңыздар, жастар! Жұмыс жоқ деген өтірік сылтау. Жұмыс бар! Бірақ сол жұмысты істейтін лайықты кадр жоқ. Екінші тек қана әлеуметтік желімен өмір сүрмеу. Үшіншіден, адами қасиеттерді ұмытпау. Төртіншіден, маған беріңдер, жоқ деудің орнына өз бизнесіңді ашуға, жұмыс табуға, пәтер алуға ынталану, оқу, ерінбеу. Төртіншіден, өз құқықтарыңды сауатты пайдалану. Мемлекеттің беріп отырған мүмкіндіктерінен қапы қалмау. Бесіншіден, он екі мүшең сау болып, алпыс екі тамырың жұмыс жасап тұрған кезде қол қусырып, алпыстағы анаңа масыл болып, зейнетақыны күтпей, білекті сыбанып малдың артын тазаласаң да, адал еңбек етіп, ақша табу.

 

 

Сұхбаттасқан: Ақгүл АЙДАРБЕКОВА

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер