Бауыржан Омарұлы. Таусыз тағдыр

5622
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Құлтөлеу Мұқаштың парақшасынан
Сурет: Құлтөлеу Мұқаштың парақшасынан

(Бард ақын Табыл Досымовтың арман-аңсарлары хақында)

Табыл бізден бір жыл кейін оқуға түсті. Сидаң қара бала. Құлағынан күн көрінеді. Сол жылдарда жазған болуы керек, «Алматы деген мен үшін, Әубәкір, Боря, Арман-ды...» деп толғайтын өлең жолдары бар еді. Шынында да журфакқа келіп, аяғын апыл-тапыл басқан бала Табылдың бар байлығы осы үшеуі-тін. Бала Табыл дегенді бекер алып отырғанымыз жоқ, албырт та ақкөңіл ақын ініміздің «Ауылын сағынып жүр бала Табыл» деп келетін тағы бір жолы бар-ды. Соған орай «Күш қолдан, қайрат көрсет, каратэ қыл, Бәрібір берілмейді бала Табыл», – деп қалжыңдайтынбыз. (Жұмабай аға /Кулиев Жумабай/, дұрыс па? Қара басып, қателесіп кетсем, жөндеп жіберерсіз).

Сонымен Әубәкір, Боря және Арман... Алдымен алдыңғы екеуін айтайықшы. Әубәкір мен Боря... Екеуі де біздің ініміз. Әубәкір – ірілердің інісі, Боря – інілердің ірісі. Әубәкір дегеніміз – қазақтың аса талантты ақындарының бірі Әбубәкір Смайылов. Боря дегеніміз – инабат пен иманаттың жолынан жаңылып көрмеген жампоз журналист Болатбек Қожан. Ал Арман дегеніміз – қарымды қаламгер, тегеурінді тележурналист, пайымды продюсер Арман Сқабылұлы. Бір дәуірде Табыл өзі жазғандай, тек осы үшеуін ғана білді. Сол үшеуіне өзі қосылып, ару Алматыда төрт құбыласын теңестіріп тұрған сәтін талай көрдік. Ол уақытта Табылдың төңірегінде жұрт толып жүретін кез әлі де қыр астында жатқан-ды. Яғни, бүгінгілердің бірі де жоқ. Тек осы үшеуі ғана. Ақиқатын айтайық-ау, үшеуі де Табылды алақанына салып аялады. Табылдың осыдан қырық жыл бұрынғы коммуникациялық төлқұжаты сол үш мушкетер еді.

Хо-о-ош, Әубәкір әскери салаға кетті. Боря әскери емес салаға кетті. Алдыңғы екеудің қолы тимеген шығар, сол үшеудің ішінен Табылды еске алу кешіне Арман ғана келді. Арманды Табылдың өзі әрі көзі деуге де болар. Ол бард ақынның мұрасын дәріптеуге көп еңбек сіңірді. Газеттер мен журналдарға, түрлі жинақтарға арнайы мақала әзірледі. Мөлдіретіп сырлы сценарий жазып, әсерлі фильм түсірді. Ол фильмді жұрт жаппай көрді. Қысқасы, Арекең тынымсыз шапқылап жүріп, табылтануды таблоид дәрежесіне дейін көтерді. Демек, Табыл досымыз баяғыда осы үшеудің үйлесімі туралы бекер толғанбапты...

Содан Табыл КазГУ-градта алшаң басып біраз жүрді де бір күні армия қатарына аттанды. Сол жылдарда журфактың жатақханасынан ақындар айтысы үзілмейтін. Бірде Табылдың курстасы Ерсайын Жапақпен айтысып отырған Амантай Шәріп қой деймін, ұмытпасам, былай деп қойып қалды:

Сендерді көңілсіздік басып кетті,

Жігері талайлардың жасып кетті.

Баянсыз, бәтуасыз курсыңнан,

Табылдар армияға қашып кетті!

Табыл әскерден келді де шығармашылықпен шындап айналысты. Тынымсыз ізденді. Қабілетін қайрады. Қаламын ұштады. Гитарасының шанағынан саз сауды. Нәтижесі, міне, өздеріңізге белгілі.

Ақын досымыздың мақсат-міндеті мен өсіп-өрлеуінің кілті өз өлеңінде тұр. Оның шығармашылығында «биіктік» ұғымы маңызды роль атқарады. Ол үнемі ғарышқа көз тігеді, зеңгір көкке зер салады. Бала бардтың арманы да («Ұнатады шыңға көңіл шырқауды, Таулары жоқ төбемізден бұлт ауды»), аңсары да («Шыңды армандап төбесі көк сүзгілер, Экраннан Эверестке үздігер»), кесімі де («Қыр баласы тауға қарап өспейді, Қыр баласы қол созады аспанға»), шешімі де («Биіктікті айналайын, туған ел, Қыранының қанатымен өлшеген») – сол биіктік. Табыл игерді сол биіктіктің біразын. Қандай шыңдарды бағындырғанына бүгінгі жұрт куә.

Тағы бір назар аударарлық нәрсе – Табылдың өлеңдеріндегі «тау» түсінігі. Бұл – алдыңғы «биіктік» ұғымымен астасып жатқан дүние. Тау тұлғалы Табыл тауға құмартты. «Обаны адыр, адырларды төбе деп, Төбелерді тау деседі біздің ел», – деп, туған жерінің табиғатын тебірене тәпсірледі. «Тартыспай ақ Ғамзатовтай көкеммен, Тау ұлы емес, қыр ұлы боп өтем мен», – деп өзінің перзенттік парық-пайымын жалпақ жұртқа жариялады. «Осы қырда төбешіктей аналар, Дүниеге таудай ұлдар әкелген», – деп өскен өңірін өбектей түсті. «Ереуіл атқа ерін салған егесте, Махамбеттің өзі бір тау емес пе?», – деп Арман секілді тау ұлдарына шекесінен қарап, алабөтен асқақтық танытты.

Расында да оның әйгілі үш досының екеуі таусыз жерде туып-өскен-ді. Әубәкірдің тауы – өлең, Боряның тауы – иман... Ал Арман титімдейінен тауда ойнаған жас марал еді... Табылдың оған тым жақын болғаны да содан шығар. Бірде Алматыда бір қатарласымыздың үйлену тойы өтіп жатты. Басы тәп-тәуір басталған сияқты еді. Орта тұсына келгенде, не себепті екені қазір есімде жоқ, той иелері Табылға әуелі «сары карточка», сәл кейінірек «қызыл карточка» көрсетті. Сонда Арман тойды қимаса да, өктем күштің әсерінен амалсыз «удалениеге» кетіп бара жатқан Табылға ілесе шықты. Сүт пісірім уақыт өтер-өтпесте сыртқы есіктен басын қылтитып, асабаға жағдай айтып, «Табылды кешіріңдерші, бір жолға кіргізіңдерші!», – деп қиылып тұрғаны үшін Арманды әлі күнге дейін жақсы көрем. Сол кезде бір жапырақ Арманның тұрымтайдай тұлғасы көз алдымызда таудай биіктеп кеткенін жадымыздан әлі өшіре қойған жоқпыз.    

Табылдың да кредосы тау секілді асқақ еді. Тау перзенттерін тынбай жырлайды («Тау ұлдары тауда нағыз сырбаздай, Жүздеріңде шабыт оты жүр маздай»), оларды өзінің теп-тегіс туған жерінің алаңсыз адамдарымен салыстырады («Біздің қырда қыдырса егер бір жаздай, Талай таулық кетер ме екен жыр жазбай»), ақырында таусыз-ақ тірлік етеріне мойынсұнып, сабасына түседі «(Алты алаштың алыптары берсе дем, Таусыз ғұмыр кешеріме мен сенем»). Бәрібір көкейтесті арманын өзі күндіз-түні шимайлайтын ақ параққа мөр ғып басты:

Толағай боп туылмадым, әттең-ай,

Атырауға әкелер ме ем бір тауды...

Бірақ Толағай боп тумаса да түбінде өз топырағына тауды көшіріп алды ол. Бір емес бірнеше тауды апарды. Таудай-таудай тұлғалардың Табылдың көзі тірісінде Атырауға іздеп барғаны, көзі кеткен соң бейітіне құран оқуға келетіні тау көшіргені емей немене?! Айбарлы Атыраудың, дегдар Дендердің тек-табиғатын таулы жерлерден бір кем емес етіп суреттегені Алатаудың ақбас шыңын арқалап әкеп, жазиралы жазық далаға жайғастырғанмен бірдей емес пе?! Тау етегінде жеңіл көлікпен жүйткіп жүргендердің жер түбіндегі Индердің топ-томпақ баласының әндерін рахаттана тыңдап отыратыны өркеш-өркеш таулардың бір-ақ сәтте батысқа қарай жөңкіле жөнелгені тәрізді әсер қалдырмай ма?! Есенқұл ақынның «Өркеш таулар өлең сүйгіш жүректің, Кардиограмма толқындары секілді» деген өлең жолындағыдай, сол тау шіркінді Табылдан аяп жатқан кім бар, а?! Қалай болғанда да, біздің Табылдың ұғымындағы тау Атырауға келді. Келді де тұрақтап қалды. Осылайша оның тағы бір арманы жүзеге асты.

Бард ақынның енді бір тылсым тілегіне назар аударайықшы. Оның «Жалғыздық» деген жаншошырлық өлеңінде көп адам түсіне қоймайтын, тереңіне бойлап болмайтын жалғыз жол бар. Өлеңнің ұйқасына да, құйқасына бағынып тұрған жоқ. Табыл секілді тентек жол.

Сезімім құламай сенделіп,

Қиялым барады жерге еніп.

Қараңғы тып-тымық бөлмеде,

Жарқырап шам тұр тербеліп...

...Біреу келсе екен!...

...Біреу келсе екен!.. Қайда келсе екен? Қайдан келсе екен? Кім ол біреу? Тағы да жұмбақ. Арғы дүние мен бергі дүниенің арасын жалғап тұрған мистикалық мәтін. Пәниден бақиға баратын жолаушы ма, әлде осы жасанды жалғанның тәтті «тамұғынан» жылы «жұмағына» жол тартқан біреу ме, ол да белгісіз. Бірақ қалай болғанда да ақын жалғыз. Өзі айтқандай, «Жалықтым. Жабықтым. Жаңа ұқтым...». «Біреу келсе екен...» – оны жалғыздықтан құтқарар жалқы пендені шақыру күйі. Сол ғана лирикалық кейіпкердің көңілін көтермек. Сол ғана өмірді өзгертпек. Сол ғана...

Ал енді қараңыз, сол біреу Табылдың төңірегіне баяғыда келіп алған сыңайлы. Біреу де емес, біреу-міреу де емес, бірегейлер топталды. Ондап шоғырланды. Жүздеп жиналды. Мыңдап ұлғайды. Кім біледі, келешекте миллиондап ағылатын да шығар. Табылды оқитын, Табылды тыңдайтын, Табылды көретін алапат аудиторияны айтып отырмыз. Демек, оның бұл аңсары да арман күйінде көңілінде қонақтап қалмапты.

Қазақтың Қадырының, Қадыр Мырза Әлінің мынадай бір өлең жолы бар-ды:

Сияқты сол шөгіп жатқан жүкті нар,

Төмпешікке шыққан шөпке шық тұнар.

Бірақ, бірақ бұл адамға дауа жоқ,

Ескерткіш боп тұрып кетер мықтылар!

Табыл да ескерткіш боп тұрып кетті. Демек, оның да мықты болғаны. Индердегі бард ақынның ескерткішіне барған жанның сүйсінбегені жоқ. Кейіпкерін өмірінде көрмеген адамның туындысы осыншама сәтті шыққанына таң қаласың. Таң қаласың да тамсанасың. Ғайыптан тайып Табылдың төбе жағына қарлығаштың мүсіні қойылыпты. Ал сол мүсінші Бақытбек Мұхаметжанов ақын зайыбының есімі Қарлығаш екенін ескерткіш ашылған соң бір-ақ білген... Бұл төңіректе де мыңғырған мистика өріп жүр. Ал енді ескерткіш керемет! Тұлғалы Табыл сенің келгеніңе қуанып, гитарасын қолына алып, әне-міне деп Индербордың көшелерін аралап кеткелі тұрғандай әсер етеді.

Өз басым Дендерді туған жеріммен кем көрмеймін. «Жұмағамдар – бірі тірі, бірі өлі», – деп қара өлеңнің хас шебері Гүлнәр Салықбай айтпақшы, сол Дендерде Мұрат Мөңкеұлы мәңгілік мекенін тапса, Табыл Досымов оқу бітіргеннен бері қызмет істейтін-ді. Біз Дендерге Мұраттың рухымен, Табылдың тұрқымен тілдесуге баратын едік. Қазір екеуі де рухтар ауылының тұрғыны.

Анда-санда осы қарт Дендердің демі ауырлап тұрады. Біз білетін жерде Дендердің демі талантты сазгер, өрелі өнерпаз Зәмзам Дәуітов мезгілсіз өмірден өткен кезде қатты ауырлап кетті. Одан соң Табылды жөнелткенде Дендер тағы бір күңіренді. Көне мұраның жоқтаушысы, арқалы ақын Сансызбай Базарбаев дүние салғанда да Дендердің жүрегі екпіндей соқты. Кеше ғана танымал журналист, жыр жүйрігі Қойшығұл Жылқышиевтың дәм-тұзы таусылғанда Дендердің тынысы тарылды да қалды.

Талантты ұлдарды дүниеге әкелген Дендердің демі енді ауырламасын! Табылдың жырлары жасанып, әндері әуелей берсін!

Пікірлер