Құрылыс маманы су қоймаларын тексеру керегін айтады

4161
Adyrna.kz Telegram

Соңғы аптадағы су тасқыны аталған салада көп кемшілік бар екенін аңғартты. Су қоймалары мен бөгет, тоғандардың тозуы және жөнсіз құрылыс салдарынан адамдар көп зардап шекті. Құрылыс инженері кемшіліктерді уақтылы жөндегенде қазіргідей апат болмас еді деп есептейді.  

Ербол Сүлейменов – құрылыс инженері. Ол Қазақстан Жапония мен Оңтүстік Корея секілді теңіздің жанында орналаспаса да қауіппен бетпе бет келіп отырғанын айтады. Оның себебін ол былай деп тарқатқан.

«ҚҰЛСАРЫНЫҢ ТӨМЕНГІ ЖАҒЫНАН ҮЙ САЛЫНБАУ КЕРЕК ЕДІ»

Ербол Сүлейменов су тасқынының негізгі үш себебін атады.

– Біріншіден, су тасқыны қар мен жаңбыр суының бір жерде жиналуынан туындауы мүмкін. Қазіргі көріп отырғанымыз – осы. Мәселен, Атбасардағы бір ауылды су алып кету оқиғасы осыдан туындаған. Екіншіден, өзеннің тасуы немесе каналдың жарылуынан болатын су тасқыны бар. Үшінші бір себеп – елдегі гидроқұрылыстардың дені 50-60 жыл бұрын салынғандықтан әбден ескірген. Қазір билік «Апат айтып келмейді» деп ақталып жатыр. Әйтсе де мамандар жаңағындай себебін жіліктеп бере алатын еді. Яғни, бұл айтпай келген апат емес. Осыдан жиырма жыл бұрын кешенді түрде гидронысандарды жөндеуден өткізіп, әрекет еткенде бүгінгі жағдай болмас еді, - дейді маман.

Ол осы аралықта мынандай жайларды байқағанын айтады.

- Осы жиырма жылда байқағанымыз мынау. Су тасқынындағы ең басты қателік тұрғын үй салуға берілген жер телімін оңды-солды таратып беруде жатыр. Мысалы Құлсарыда су тасқынына тап болған жерлер жаңадан салынған үйлер болып шықты. Негізі аталған қаланың төмен орналасқан жерінде тұрғын жай салынбауы керек еді. Мысалы, барлық қала мен елдімекен белгілі бір өзеннің жағасына салынады және оның су қоймасы болады. Қазір кейбір өзендер ағып келіп, үш-төрт бөлікке бөлініп кетіп, қайтадан бір арнаға қосылып жатыр. Ал осыдан 100 жыл бұрын бұл есеп қалай болды? Елдімекендерді орналастырған кезде судың қай жақтан келетіні ескерілетін еді, - дейді ол.

«СУ БАСҚАН АУЫЛДАРДЫ БИІК ЖЕРГЕ КӨШІРУ КЕРЕК»

Инженер өзендердің оң жағалуы биік, сол жағалауы төмен болатынын айтады. Бірақ бұл мәселені кейінгі кезде жергілікті билік ескермеген көрінеді.

– Бір қызығы Совет үкіметі кезінде қазақы ауылдар өзеннің сол жағалауында қалғанын байқайсыз. Мысалы, Астананың маңайындағы Александровка, Малотимофеевка деген ауылдарды су алып кетіпті дегенді естімейсіз. Есесіне Қосшы, Тайтөбе, Қажымұхан, Талапкер, Қоянды ауылдарын жылда су алып кетеді. Себебі аталған ауылдар өзеннің сол жағында орналасқан, - дейді маман өз топшылауын түсіндіріп.

- Дәл қазір бізге су баспаған ауылдарды аман сақтауға көңіл бөлу керек. Мысалы, 10 ауылдың бесеуін су шаймаса, демек ол биік жерде орналасқан деген сөз. Ал су басқан ауылдарды биік жерге көшіру керек. Сонымен қатар жаңадан құрылатын ауылдарды сайға емес, биік жерге орналастыру керек. Жергілікті билік осы су тасқынынан сабақ алмаса, онысы таза ақымақтық болады, - дейді ол.

«ТАРАЗ БЕН ЖЕТІСАЙ ҚАУІПТІ ЖЕРДЕ ТҰР»

Инженер ел оңтүстігіндегі көршілес елдермен іргелес аймақта жатқан Тараз қаласы мен Жетісай қаласы су тасқынына тап болуы мүмкін екенін айтады. Себебі аталған қалаларға Қырғызстан мен Өзбекстаннан қауіп төнуі мүмкін.

– Өз басым Тараздың түбінде тұрған Қырғызстандағы Киров су қоймасынан қатты қауіптенемін. Егер ол жарылатын болса, адамдар көзді ашып жұмғанша судың астында қалады. Нағыз катастрофа сол кезде болады! Себебі су қоймасы мен Тараз қаласының арасы тым жақын. Су тасқыны болмау үшін қосымша бөгет жасап, қала мен су қоймасының арасында қосымша бассейндер жасау керек. Яғни, су тасқыны бола қалса, кептеліс болмас үшін қаланың айналып өтетін 4-5 арна жасау керек. Бұл суды егістік жерге емес, жайылым жерге жіберуге тырысу керек. Себебі үлкен су егін егетін жермен өтетін болса, ол жер егін егуге жарамай қалады, - дейді Ербол Сүлейменов.

Құрылыс инженері Жетісайға төнуі мүмкін қатер жайында мынаны айтады.

- Тараз қаласынан кейінгі қауіпті аймақ Жетісай болып отыр. Түркістан қаласы теңіз деңгейінен 200 метр биікте орналасса, Шымкент қаласы 490 метр биік жерде орналасқан. Демек, Шымкент Түркістаннан 290 метрге биік орналасқан деген сөз. Ал Жетісай теңіз деңгейінен 200-240 метр биікте болғанымен аталған қаланың жоғарғы жағында Өзбекстанның он шақты су қоймасы тұр. Бұл су қоймаларының бірі жарылса, ондағы су Жетісайға әп-сәтте жетіп келеді, - деген маман Сардоба апатын да еске салды.

- 2020 жылы Сардоба су қоймасы жарылған кезде оның зардабы Қазақстанға тиді. Дегенмен мына жайды айтпай кетпеуге болмайды. Сол апат кезінде  оңтүстікте келген топан суды өзге арнаға бұрып жіберуге тырыстық. Сол арқылы біраз суды Арнасай көліне қарай өткізіп жіберді. Біз Совет үкіметін жатпай, тұрмай жамандаймыз ғой. Бірақ кезінде  салынған каналдар болмағанда сол апат кезінде Қазақстан жағынан 30-40 мың адамды су шайып кетууі мүмкін еді. Суды басқа жаққа ағызып жіберудің арқасында негізгі топан су төменге қарай ағып кетті, – дейді ол.

Ербол Сүлейменов осындай жағдайда ел ішіндегі су қоймаларымен қоса, шекаралас елдерде жоғарыда орналасқан су қоймаларын зерттеп, тексеру жөн болатынын айтады. Айтуынша, бұл жұмыстар мемлекетаралық келісімдерде нақтыланған.

Бұдан алдын “Adal adam” ютуб каналына берген сұхбатында Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев Шардара су қоймасының берік екенін айтқан.

– Өзім басшы болған кезде, Шардараның дамбасы ойылып, түсіп кеткен болатын. Осыдан кейін терең зерттеу жұмыстарын жасадық. Дамбаның араларында қуыс пайда бола бастаған екен. Соны тыңғылықты қарап, жөндеп шықтық. Оған арнайы бөлінген қаржы болмаса да, қордағы бар қаржыны үнемдей отырып жақсылап жөндедік. Содан соң қайтадан құжат дайындап, 7-8 бал жер сілкінісіне лайықтап жасадық. Сол себепті оның сенімділігін жақсы деп айтуға болады. Бірақ бір мәселе бар, 1969 жылы өте көп су келген болатын. Инженерлер осындай үлкен су қоймаларын жоспарлағанда 100 немесе 500 тіпті, 1000 жылда бір қайталануы мүмкін апаттарға қарсы жоспарлайды. Сол кезде Шардара су қоймасына қатты көп су келгенде қандай жағдай болады деп Арнасайға секундына 2 600 кубометр су ағатын канал жүргізген. Қысқасы, 1969 жылы наурыз айынан бастап өте көп су келді. Ал енді негізі Шардара күзде, қыста, көктемде суды жинап, жаз бойы суды егіске беру үшін салынған. Яғни, наурыздың аяғында Шардара су қоймасында 5 миллиард кубометр су болады. Бірақ 1969 жылы 40 миллиардқа жуық су келді, – деген Ислам Әбішев.

 

Шынар Ақжанқызы

 

 

Пікірлер