Жалпы, соңғы кезде біз өнер жұлдыздарын қатты қысып жібердік. "Димаш құрлы жоқсыңдар" дедік, "той бизнес өкілдері" дедік... Қоғамда оларға қарсы кәдімгідей негатив қалыптасты.
Дегенмен, бұны айтпасақ оларға қиянат болады, біздің өнер жұлдыздары "ютубты" меңгере бастаған екен.
Ерке Есмахан, "Алло" әні - 38 млн көрілім.
Әлия Әбікен мен Қанат Үмбетов - "Жанымда бол" - 32 млн көрілім.
Ал осы Еркенің "Қайдасың" - 90 млн көрілімге ие болып, тіпті тыңдарман аудиториясы көп Ресей әншілерін де шаң қаптырып кеткен екен. Бұл әзірше біздің рекорд.
Енді, соңғы кезде "Опмай Опмай" әні ютубте жарылған бомба боп шығып, оның көрілімі апта санап миллиондар қосып келеді. Бүгінде оның көрілімі 30 миллионнан асыпты. Хит па, Хит. Бір көрілім деген тек бір ғана ай пи нөмірмен саналады, "телефонмен қайта қайта кіріп көрілім өсіру" деген жоқ, сіздер шатаспаңыздар. Яғни, Еркенің "қайдасын" әлемде 90 млн адам көрген.
"Ойпырай, Қазақстанда сонша халық жоқ, бұларды кім тыңдайды сонда" деп осы клиптердің астына үңілсем, алдымен көретінім - жанымыздағы қырғыздар. Қырғыз боордаштарды қазақтың хит әндерінің астына шегелеп қойған тәрізді. Анау Әлия Әбікеннің "Жанымда бол" әнінің асты кілең қырғыздардың комменттері ғой, арасынан қазақ таппадым. Қырғыздар жалпы қазақ өнерін сүйіп қарайды екен, біздің клиптер мен кинолардың маңы солар жүреді.
Одан, бұл клиптердің астында тағы өзбек, татар, әзірбайжан, түрік, башқұрт ...жалпы, заты түркі халықтарының өкілдері қаптап жүр.
Егер қазақ өнері осы бетінен таймаса, біздің мәдени, тілдік, руһани аямыз біраз кеңіп қалайын деп тұр.
Бұндай құбылысты көргенде біз сияқты қиялилардың империялық амбициялары оянады екен. Рас, ютубтегі қазақ әншілерінің аудиториясына қарап кейбір амбицияларым оянып жүр.
Жалпы, шыны керек, біздің қазекең түркі халықтарының арасында асылдың сынығындай болған шоқтығы биік, ерекше халық қой. Біздің жастар халықаралық дәрежеде өздерінің бәсекеге түсе алатынын дәлелдеп келе жатыр.
Димаш - әлемнің алдында таңдай қақтырып қазақтың өлең айта алатынын дәлелдеді.
Самал Еслямова - қазақтың халықаралық деңгейде киноға түсе алатынын көрсетті.
Спорт саңлақтары бұны баяғыдан дәлелдеп келеді.
Енді шіркін бізден келешекте әйгілі экономист, атақты математик, физик, ғылым адамдары, Нобель сыйлығының лауреаттары шығады деп үміттенемін.
Бұйыртса шығады, біз әлі потенциалы ашылмаған халыққа жатамыз. Біздің бүгінгі дарындарымыз - сол заманның алғашқы қарлығаштары.
Олжас Әбіл
"Адырна" ұлттық порталы