Ене мен келін арасы неге араз? Қазақ жігіттеріне неге жауапкершілік жетіспейді?

4759
Adyrna.kz Telegram

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбеден Алматыға қатынайтын пойыз ішінде егде тартқан әйел кісілермен әңгімелесіп үзеңгі жолдас болдық. Барлығы да келісіп алғандай келіндерін жарыса жамандап, ал қыздарын жамырай мақтады. Өз келіндері де біреудің қызы екенін, ал керісінше өз қыздары өзге отбасының келіні екенін ой таразысына салған бірі болсашы. Сонда деймін, егер әркім өз қыздарына дұрыс тәрбие берсе, жаман келін қайдан шығады?

Дәстүрлі қазақ қоғамында ер адам мен әйел адамның орны ежелден тұрақталған, орныққан-тұғын. Бұл көшпелі халықтардың ғасырлардан ғасырларға тәжірбие жүзінде толыққан, кемелденген халықтық білімі болатын. Кеңес үкіметі тұсында жалпы қоғамдық қана емес, отбасылық құндылықтар да өзгеріске ұшырады. Орыс отбасында қыздар беделді. Оны білесіздер. Олардың ұлдары емес, көбіне қыздары әке-шешесін қолына алып тұрғызады. Бұл батыстық түсінік қазақ отбасына да ауыса бастады.

Оның үстіне, ер-азаматтардың жаппай араққа салынуы да отбасылық құндылықтардың өзгеше сипат алуына әсер етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс кезінде әйел адамдардың жаппай базарға шығып отбасын асырауға мәжбүр болды. Ер-адамдардың көпшілігі жұмыссыз қалды. Кеңестік үкіметтің тағы бір сыйы «ішімдікке» құмартқандарының қатары тіптен көп еді. Былайша айтқанда, өтпелі кезеңде ер-азаматтар «өмірге бейімсіздік» танытты. Осылайша ер кісілердің өз отбасындағы рөлі төмендей түсті. Осыны көріп өскен қыз бала әкесін сыйламай, керісінше анасын ғана құрметтеді. Шешесі ішкіш әкеге дөрекі сөйлесе, қыздары соны үлгі ретінде қабылдады. Ал ұл баланың жасық болып өсуі де қалыпты жағдайға айналды. «Әке көрген оқ жоңар» деген. Өзге ұлт өкілдерінің әкелері өз балаларына түрлі өнер үйретіп жатқанда қазақ азаматтары «бөтелкемен дос болып», олардың балалары бақылаусыз қалды. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бірақ көп жағдайда осыған ұқсас оқиғалар өрбіді.

Осы күндері қазақ отбасында қыздарына «оқысын, тоқысын», «барған жерінде қиналмасын» деп ерекше көзқараспен қарап, ал ұлдарына «мал бақса да өлмейді», «жаман бәле аман болсыншы» деген немқұрайлы көзқарас байқалады. «Көп оқыма, миың ашып кетеді» деп тыйытын кісілердің кездесетіні де қайран қалдырады. Қайта адамның миы еңбектеніп қозғалған сайын дами түсерін, дене жаттығуы тәрізді миға да жүйелі, тұрақты жаттығу керек екенін қаперге алмайды.

Сосын қыздарына қаратып «бізді асырайтын, бағып-қағатын осы қыздарым болады» деген сөзді күніне мың мәрте қайталап санасына әбден сіңіріп тастайды. Онсыз да жүрегі нәзік, әке-шеше дегенде көңілі алабөтен қыз баланың мұндайда шыбын жаны қалсын ба? Сонда ата-ана өз қыз баласының болашағына балта шауып жатқанын неге түсінбейді? Күйеуі мен ата-енесіне жақпай «төркіншіл» атанып күніне қырық пышақ болып қырлысарын қыз баланың әке-шешесі неге түсінбейді? Отбасының ойран болуына негізгі себепкер «қыз бала асырайды» деген қарғыс атқыр түсініктің кесірі екенін неге ойланбайды? Ал «қызым асырайды» деген сөзді күніне мың еститін ұл бала ертең әке-шешеге қалай қайырлы болсын. Ұл балаға сенім артпаса, тәрбиемен, білім берумен жүйелі айналыспаса, онда одан қалайша ертең жақсы азамат болып қалыптасуына үміт етеді?

Ер-жігіттердің жасық болуына ең бірінші ата-ана кінәлі. Кезінде қазақ дәстүрі бойынша ер баланы ес білгенде ашамайға мінгізіп «ер-жігіт болдың, елге қорған болдың» деп көтермелеп, жақсы ниеттермен той жасап, бүкіл халық болып ақ батасын беретін еді. Ол кішкентай баланың ертең ел қорғаны, отбасының тірегі, мойнында үлкен жауапкершілік бар екенін ақырындап ұқтыра бастайтын тамаша дәстүр-тұғын.

Бүгінде бұл дәстүр көзден бұлбұл ұшты. Ата-бабаларымыз ер баланы отан қорғайтын азамат ретінде өсиет-өнегемен өсірсе, осы күні еркетотай, можантопай ұл балалар қайтіп қолына қару алып ел қорғайды? Күшік күйеу немесе әйелінің табысына жармасатын кержалқаулық ұлды қызша «үкілеп» өсіруден туындаса, қыздан ердің міндетін талап ету де көптеген әлеуметтік мәселелердің орнауына себеп болып отыр. Кержалқау күйеулерді бүгінгі көзі ашық әйелдер қабылдай алмайды. Ата-ана жігіттерді жауапкершіліктен жұрдай етіп тәрбиелеп жатыр. Үйленіп, ұрпақ өрбітуден қиналатын, бүлдіріп алып немесе үйленіп ажырасса да, өз сойынан тараған балаларына жәрдемдесуге дәрменсіз, бір күнін ғана ойлайтын әкелер осындай эгоистік тар деңгейде ойланатын "отбасылық жағдайда" қалыптасатынын ойлануымыз керек.

Жақында бір апамен таныстым. Сегіз ұлының келінінен пана таппай жалғыз қызының қолына барыпты. Апамыз қызына риза. Сол қызына ата-енесі мен күйеуі қандай көзқараста екен?

Ұл баланы қиыншылықтан қорқатын боркемік етіп өсірген соң әрі балалық шақта жеткілікті дәрежеде білім алмаған соң отбасын қамтамасыз ететін дұрыс кәсіп таба алмай сенделетіндер көп. Ондайлар амал жоқ ауыр жұмысқа жегіліп денсаулығын құртады, тіпті өлім-жітімге апаратын әртүрлі қиын жағдайларға тап болады. Ал енді оқу оқыған қыздарымыз өзіне тең қазақ жігітін таппай өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығып жатады. Әй, сонда қыздарымызды өзге ұлтқа беру үшін бәленбай жыл оқытып, тоқытып па едік? Өзге ұлтқа шыққан қыз сол елдің түтінін түтетіп, жат елдің азаматы болады. Қазақ ұлты үшін сапалы, білімді бір кісіден тірідей айрылу деген сол емес пе?

Ұл балаға «сен ертең ел қорғайтын, отбасын асырайтын азаматсың» деп құлағына сіңірсек, қыз балаға «өз отбасыңның ұйытқысың, берекесісің, барған жерінде тастай батып, судай сіңуін керек» деп айтып ата-енесінің алдында қадірін жоғалтпау жағын ойланса игі. Ата-енесін қақсатып, қарғысын алған келіннің ертең өз басына сол жағдай қайталанбасына кім кепіл? Қыз бала өмірден өз орнын тауып бақытты болғанының өзі ата-ана үшін үлкен олжа. Келін жақсы болып ата-енесінің алғысына бөленсе, ол алғыс қызды тәрбиелеп өсірген әке-шешені де көркейтіп, құт-берекеге бөлейді.

Өз-өзіне сенбеген ұлт та, жеке кісі де ешқашан алысқа бармайды. Әсіресе, ұл балаға деген сенім ауадай қажет. Ұлды ұлша, қызды қызша тәрбиелейік.


Арман ӘУБӘКІР,

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің директоры

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікірлер