Біз салафит ақындарды айтысқа қатыстырмаймыз

4151
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте 23 наурыз күні «Наурыз көктем – Шымқала» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Алайда биыл 12-ші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі айтысқа қарапайым халық қызығушылық танытпаған көрінеді. Мұның себебін Сара Тоқтамысова «айтыстың жарнамасы аз болған соң, халық аз жиналды» деп түсіндірген екен. Шын мәнісінде айтысқа көпшіліктің қызықпауының астарында өзара дау жатса керек. Өйткені бұған дейін айтыстың негізін қалаған Жүрсін Ерман «Айтыста радикал ақындар пайда болды» деп сұхбат берген болатын.

Бір қызығы, Шымкентте өткен айтысқа Жүкеңнен бөлініп кеткен «радикал ақындар» қатысқан. Біз айтыстың айналасында болып жатқан дау-дамайға байланысты Жүрсін Ерман мен Айбек Қалиевтен сұхбат алғымыз келген. Алайда неге екені белгісіз, президентке дат айтқан ақын біздің сұрақтарға жауап бергісі келмеді. Сондықтан Матрица.kz ақын Жүрсін Ерманмен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынады. 

– Шымкентте өткен айтысқа қарапайым халық аз жиналғанын БАҚ-тан оқып, біліп отырмыз. Бұл айтыстың беделінің түсіп кеткенінің белгісі ме, жоқ әлде мұның басқа да бір себебі бар ма?

– Өзім ұйымдастырған Атырау, Тараз, Қызылорда, Қызылжарда өткен айтыста халық залда лық толып отырды. Ал Шымкентте жыл сайын сирақтан бүйрек шығарып өздері айтыс ұйымдастырып жатады. Оның үстіне, ол айтыстың жүлдесі жоқ және танымал ақындардың бір де біреуі қатыспаған деп естідім.

Осындай болғаннан кейін халық қайдан айтысқа барып, көрермен болады? Бір қызығы, кейбіреулер айтыс ұйымдастыру оңай деп ойлайды. «Шымшық сойса да, қасапшысы сойсын» деген қазақтың әдемі сөзі бар. Сырттай жеңіл көрінгенімен, айтыс ұйымдастыру оңай шаруа емес.

Негізі Әділет министрлігінен ресми тіркеуден өткен айтыс ақындарының одағы бар. Аталған одақ биылғы жылдан бастап еліміздің әр аймағында төрт айтыс ұйымдастырды.

Алдағы уақытта Астананың 20 жылдығына орай Ақтөбеге, Елбасының бес әлеуметтік бастамаларына байланысты Астанада айтыс ұйымдастыруға шақырып отыр. Сондай-ақ, «Қазақмыс» корпорациясының 90 жылдығына орай Жезқазғанда және Түркістан қаласында айтыс өтеді деп жоспарлануда.

Осындай жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп жатқан одақтың қызметіне көлденеңнен әлдекімдердің не себепті араласатынын түсінбеймін. Жұмысын жүргізе алмай отырған Мәдениет басқармасының өкілдері айтыс өткізіп, абырой жинағысы келетін тәрізді.

Қазіргі таңда, құдайға шүкір, айтыскерлер телеарнаға шығып, өз өнерін көпшілікке ұсынып жатыр. Мысалы «Қазақстан» ұлттық арнасы 6 айға созылатын «Жүрсіннің жүйріктері» жобасын халыққа көрсетуде.

– Өзіңіз БАҚ-қа берген сұхбатыңызда айтыскерлердің ішінде радикал ақындар бар деп ашық айттыңыз. Сіздің радикал ақындар деп отырған ақындарыңыз салафизм иделогиясына шарпылған айтыскерлер екенін көпшілік жақсы біледі. Бір қызығы, салафиттік бағыт ұстанатын әріптестері туралы ақындар неге сахнада айтпайды?

– Біріншіден, біз, салафит ақындарды айтысқа қатыстырмаймыз. Екіншіден, бұл мәселе айтыстың төңірегіндегі ғана мәселе емес. Салафизм – қазақ қоғамындағы ең қатерлі құбылыс. Өкінішке қарай, аталған идеология қазақ қоғамын екіге бөліп отыр.

Егер ақындар салафизмді айыптаймыз десе, қай айтыскердің аузын байлап отырмыз? Қоғам қандай болса, айтыс та сондай. Бірақ та салафизмнің жетегінде көп ақын кетіп қалған жоқ қой. Олардың арасында ары кетсе, миы айналып қалған 5-6 ақын ғана жүр.

Есін жиғандары арамызға қайта оралып, Атырауда өткен айтысқа қатысамыз деп жатыр. Райдан қайтып, түзу жолға түскен ақындарды маңдайынан шертіп жатқанымыз жоқ. Керісінше, арқасынан қағып, халықтың алдына шығарып жатырмыз.

Біздің көп ақындар сахнада халыққа көсемсіп ақыл айтуға шебер. Өкінішке қарай, олардың бойында күрескерлік рух жоқ. Өздерінің позициясын өздері қорғай алмайды. Сахнаға шығып, билікке тиіскен сыңай танытып, халыққа жақсы атты болғысы келеді.

Шын мәнісінде өз араларында болып жатқан нақты мәселені көтеріп, неге соны айтыста айтпайды? Бізде масыл ақындар өте көп. Сахнада тәтті сөзді айтқанымен, бойында күрескерлік рух жоқ, ондай ақындарға өзімнің де қарным ашады.

Былтыр біз Елбасының тапсырмасы бойынша еліміздің 16 аймағында айтыс өткіздік. Аталған айтыста жеңімпаз болған ақындар «Алтын домбыра» додасына қатысып, өз өнерлерін ортаға салуы керек болатын.

Алайда министр бүйректен сирақ шығарып, бірде бір айтысқа қатыспаған ақындарды жинап, «Алтын домбыраны» ұйымдастырды. Сөйтіп, өздері жасаған ережені өздері бұзды. Ал министр «Жыл бойы ұйымдастырылған айтыстың жеңімпаздарының арасында Ақтөбеде «Алтын домыра» өткіздік» деп өтірік айтып отыр. Балық басынан шіриді деген осы емес пе?

Содан кейін министр өзі хабарласып, Айтыскерлер одағымен бірлесіп жұмыс жасаймыз деп уәде берген болатын. Алайда ол жоспардың қашан жүзеге асатынын бір құдай біледі. Әзірге одақ өз күнін өзі көріп, жұмыс жүргізіп келе жатыр.

– Ақтөбеде өткен «Алтын домбыра» байқауына барар кезде бір топ ақынды Мәдениет және спорт министрі қабылдап, шәй берген екен. Кейбір ақындар «Министр айтыскер ақындарды бірінші рет қабылдады» деп ағынан жарылғанын әлеуметтік желіден байқадық. Егер бір ақын «Айтыстың негізін қалаған Жүрсін ағамыз болатын. Сондықтан да Жүрсінсіз айтысқа қатыспаймын» дегенде, көпшілік халық оларға риза болатын еді. Алайда өзіңіз тәрбиелеген айтыскерлер министрдің бір кесе шайы үшін сізді сатып кеткен тәрізді. Жалпы айтыскер ақындар неге бөлініп кетті?

– Қазіргі кезде Балғынбек пен Жандарбек сынды ақындарды айтысқа шақырып келтіре алмайтын болдық. Тіпті Жандарбекті арнайы үйге шақырып, «Шырағым, талантың тасып тұрған шақта өз өнеріңді ортаға салмайсың ба?» деп айттым. Не себептен оның бізден теріс айналғанын түсінбеймін.

Былтыр Қарағандыда Қазыбек бидің 300 жылдығына орай өткен айтыста Сара Тоқтамысова қазылар алқасының шешімі бойынша жүлдеге ілінбей қалды. Қазылар да сөз танитын қазақтың марқасқа азаматтары ғой, бәлкім айтысы төмен болғаннан кейін өзіне сай бағасын берген шығар.

Сол кезде «Айналайын, үнемі жүлдеге ие болу мүмкін емес қой. Оның үстіне қазіргі кезде «сен тұр мен атайын дейтін» небір мықты айтыс ақындары шығып жатыр. Алдағы уақытта Қызылордада өтетін айтысқа келші» деп айттым.

Алайда ол «Мен сіздің айтыста жүлдеге іліне алмайды екенмін» деді де, радикалдарға қосылып кетті. Осындай да бола ма? Кейде ақындардың әрекетіне қарап отырып, қарның ашады. Бірақ оларға қарап қалған қазақтың айтысы жоқ.

Қазіргі таңда кәсіби айтыскерлер одағынан 200-ге жуық ақын мүше болып отыр. Жуырда Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің 90-жылдығына орай өткен студенттердің республикалық айтысына 54 ақын қатысты.

Айтыстан кейінгі қорытынды сөзімде «Осында келіп отырған 40 ақынды үлкен айтысқа шақыруға болады» деп айттым. Бір қуантарлығы, жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай небір мықты жас ақындар өсіп келе жатыр.


– Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Серік ҚОЖАГЕЛДІ

matritca.k

Пікірлер