Қай ғасырда болмасын қазақ Наурызда халық болып жиылып, мейрамды салтанатты түрде атап өткен. Халықты дәстүрінен, дінінен, тілінен айыру жолында түрлі қастық жасалса да ұлтымыздың ұлы құндылықтары жойылған жоқ. Ұлттық деген статусы бар қазақтың меншікті байлықтары бүгінгі қоғамда насихатталып, ұмытылуға айналғандары қайтадан жаңғырып жатыр. Ұмыт болған Шөген ойынын қалың қазақ арасында дәріптеу жайын тілге тиек еткен едік, бүгін кешегі қазақ тектілері тек өз арасында ғана ойнаған «Хан дойбы» ойыны жайлы айтпақпыз. Аталған ойын түрiн көп адамдар бiле бермейдi. «Хан Дойбы» ойынының тек бiр ғана ортада қалып қоюының нақты бiр ғана себебi бар. Өйткенi, мемлекет басшыларының халықты басқару саясаты тiкелей осы ойынмен байланысты едi. Егер ол саясаттың астарын қарапайым халық бiлiп қоятын болса, онда ол кезде хандық билiктiң жойылып кету қаупi болатын. Содан болар, дер кезiнде ашық түрде жарияланбай, бұны бiлетiн адамдардың қатары сиреп, «Хан Дойбы» ойынының өрiсi тарылып қалған. Бағзы заманда қазақ дойбыны екіге бөлген, текті және тексіз дойбы деп. Тексізі, бүгінде кең тараған қарапайым дойбы ойыны. Бұл ойын өте қарапайым түрде ойналатындықтан, оның ойын ережесін меңгеру өте оңай. Өзінің тастарын қарсыластың соңғы жолағына жеткізуді көздеп, би болуға асығатын ойыншының делебесін қоздыратын ойын. Ал, аты атап тұрғандай текті дойбы тек қазақ зиялыларының, билік басшыларының арасында ойналған. Себебі, бұл ойында хандықтың демократиялық билік жүйесінің құрылымы суреттелген. Бұл ойында да дәл шахматтағыдай өзіндік маңызы мен қызметі бар бірнеше тас бар. Олар: Хан, би, бек, алаша, тентек, қараша. Төрткөз тортақтаға отырған екі ойыншы екі хандықтың ханы болып ойнайды. Ал, ойыншылардың тақтасы – бұл соғыс алаңы. Кімнің ақыл-айласы, философиялық, математикалық, экономикалық, саяси-техникалық, демократиалық ой өрісі басым, соның хандығы жеңіске жетеді. Хан дойбысының тарихы тым тереңде жатыр. Алматы облысы Есік қаласы маңынан табылған «Алтын адамға» қазба жұмыстарын жүргізу барысында хан дойбысының ойын тастары табылған. Киіз үй пішіндес тастар әртүрлі қазақы ою-өрнектермен нақышталып, пілдің сүйегінен жасалған екен. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде ға¬лымдар бұл тастардың қолданыста болған мерзімін Үйсін мемлекеті дәуірімен сәйкестендіріп отыр. Қазақтың «Хан Дойбысы» 2008 жылдың қаңтар айында ҚР Спорт және туризм министрлiгiнде қазақтың дәстүрлi ойын түрi болып танылды. Мүлдем ұмытылуға айналған ұлттық құндылықтың қазақ арасында қайтадан жандануына мұрындық болған – Әнуар Қабдолдаұлы, Қайрат Жақияұлы атты талдықорғандық азаматтар. Қазіргі кезең – хан дойбысының кемелденіп, қайтадан қазақ ортасына оралған шағы. Қолға қонған алтын құстың қадірін кетірмей, насихаттау жұмысын жүргізіп, төл ойынымыздың өзгенің қоржынында кетуінен сақануымыз керек.
massaget.kz