Белгілі актрисаны келемеждеген Қабатов елдің ашуын тудырды (ВИДЕО)

2998
Adyrna.kz Telegram

Танымал шоумен Тұрсынбек Қабатов "Әзіл әлемі" театрының мерекелік кешінде Канн фестивалінде үздік актриса атанған тұңғыш қазақ қызы Самал Еслямованы асүйде бауырсақ пісіріп келген әйелге теңеді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Экспресс К" сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандықтар шоуменнің кешін көрермен назарына ұсынған ұлттық арна актрисадан кешірім сұрауы керек екенін алға тартты.

Тұрсынбек Қабатов өзі жетекшілік ететін театрдың мерекелік кешінде бүкіл әлемге танылған актриса Самал Еслямова сахнаға шақырады. Сол сәтте талантты қазақ қызымен әзілдеймін деп, көптің ашуын тудырды. Актрисадан Канн фестивалінде қызыл кілеммен жүріп өткендегі сезімін сұрайды. Самал Еслямова бұл фестивальге екінші рет барғанын, сондықтан қобалжу болмағанын айтады.

"Қазақ елінен келген әртіс деп басымды көтеріп өттім"— дейді актриса. Осы сәтте шоумен Самал Еслямованың сыртқы келбетіне қатысты әзілдейді.

"Актрисалар бөлек болады ғой, түрінен көрініп тұрады актриса екені. Сізге қарасам, жаңа ғана "кухнядан" шығып бауырсақ пісіріп, сосын нан салып, концерт біткен соң келіп жеймін деп кеткен адам секілдісіз. Өте қарапайым... Мен Канн фестивалін жеңіп келсем, бүйтіп тұрмас едім бар ғой. Мен мүмкін бұл жерге келмейтін де шығармын. Zoom арқылы тікелей эфирге шығып, "амансыздар ма?" деп қойып үйде отырар ма едім", — дейді Тұрсынбек Қабатов.

Мұнан соң шоумен актрисаға келгені үшін рахмет айтып, сахнадан шығарып салады да, әзілін тағы жалғастырады.

"Анджелина Джоли сияқты үйреніп алсаңызшы солардан... Мына жері ашық көйлек... Ой, қалжыңдаймын. Керек емес. Сізден ондай шықпайды. Сіз қарапайым, сол бауырсағыңызды пісіріп жүре беріңіз...", — дейді шоумен.

Бұл мерекелік кеш ұлттық арнадан көрермен назарына ұсынылған. Жаңажылдық кешті көрген қазақстандықтар Тұрсынбек Қабатовты сөгіп тастады.

Әлеуметтік желілерде шоуменнің әрекеті қызу талқыланып жатыр. Көбі оның әзілін орынсыз деп, көргенсіздік танытты дейді.

Facebook қолданушысы Алмагүл Исина шоумен дүйім жұрттың көзінше әлем таныған актрисаны мазақ қылды деп айыптады. Танымал журналист Гүлбану Әбенова да шоуменнің қылығын әбестік деп атап, түк көрмегендікке балады. Ол бұл туралы ойын Facebookпарақшасында жазды.

"Мүмкін Самал Еслямоваға брендті киімдер қолжетімсіз шығар? Бірақ бұл елдің көзінше олай қорлауға болады деген сөз емес... Ұлттық арнада эфирге ұсынбас бұрын оның сөзін қырқап тастайтын редактор табылмады ма? Республикалық арна мен шоуменнің өзі актриса және көрермендерден кешірім сұрауы тиіс деп санаймын", — деп жазды журналист.

Сондай-ақ "Байтақ болашақ" экоальянсының төрағасы Азаматхан Әміртай да Тұрсынбек Қабатов актрисаны мазақ етті деп отыр.

Айта кету керек,  Самал Еслямова 71-ші Канн кинофестивалінде "Айка" фильміндегі рөлі үшін үздік актриса атанған болатын.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер