Атыраулық дәрігерлер рақымшылықтың арқасында түрмеде отырудан құтылды

450

Атырауда iPad-тың магнитін жұтып, ауруханада көз жұмған бір жасар баланың өліміне қатысты облыстық балалар ауруханасының дәрігерлеріне сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

№2 соттың баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабының 3-бөлігімен (Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, адам өліміне әкеп соқтыруы) қылмыстық іс қозғалды. Сотта анықталғандай, сол күні кезекшілікте болған хирургтер Тілеуғалиев, Зулқашев, Адрисов, педиатр Тәжғалиева балаға тиісті медициналық көмек көрсетпегендіктен, ол қайтыс болды.

Сотталушылардың кінәсі нәрестенің туыстары мен куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен расталды. Атап айтқанда, баланың әжесі Денсаулық сақтау министрлігіне жазған өтінішінде дәрігерлердің бөтен заттың денеден табиғи жолмен кететінін айтып, ота жасаудан бас тартқанын айтқан.

Төрт айыпталушыға да 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Негізгі жазаға қосымша жаза тағайындалды: Зұлқашевқа 3 жыл, қалғанына 2 жыл медициналық қызметпен айналысуға тыйым салынды. Сонымен бірге олардың барлығы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа сәйкес, "бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылды, өйткені олардың іс-әрекеттері ауыр емес қылмысқа жатады".

Еске салайық, 2019 жылдың желтоқсанында 11 айлық нәресте батарея жұтып, қайтыс болған.

 

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket