Кентауда жасөспірім қыздар төбелесіп, біреуі ауруханаға түсті

2444
Adyrna.kz Telegram

Кентауда жасөспірім қыздар төбелесіп, біреуі ауруханаға түсті. Бұл оқиға видеоға түсіп қалған. Кадрда бір қыздың екіншісінің шашынан жұлып, басынан ұрғылап жатқанын көруге болады. Ал видеоны түсіріп тұрғандар ажыратудың орнына төбелестің көрігін қыздырып тұр, деп хабарлайды жергілікті Отырар сайты. 

Аталған факт бойынша 17 желтоқсанда Кентау полициясына жәбір көрген қыздың анасы шағымданды. Оның айтуынша, қызы көптеген дене жарақатын алған.

Мәлім болғандай, жоғары сыныпта оқитын екі қыз сөзге келіспей қалған. Арты жанжалға ұласып, олар мектеп ауласында жаға жыртысқан.

Оқиғадан кейін бір қыз ауруханаға жеткізілді.

Полиция екі жасөспірімнің ата-анасымен және мектеп әкімшілігімен түсіндіру жұмыстарын өткізді.

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Төбелестің кадры заңгер Айгүл Орынбектің Facebook-тегі парақшасында жарияланды.

"Жасөспірімдер арасындағы бұзақылықты алдын алмасақ, болашақта түрмелер ел бұзарларға толады! Ерлан Тұрғымбаев мырза жергілікті полиция инспекторлары мектептерді аралап "жастар арасындағы қылмысты алдын алу бағытында" түсіндірме жұмыстарын өткізу керек деп ойлаймын", - деп жазды ол.

Заңгердің айтуынша, Түркістан облысы, Кентау қаласы №1 -ші мектептің 8-ші сынып оқушысы жәбірленушіні бірнеше қыз болып аса қатыгездікпен сабаған.

"Барлығын видеоға түсіріп тұрған. Оқиға болған орын Кентау қаласы 22-ші мектептің территориясы. Қазіргі уақытта таяқ жеген 14 жастағы оқушы қыз Кентау қалалық ауруханасының травматология бөлімінде жатыр. Қыздың анасының айтуынша, дәрігерлер тиісті медициналық сараптамаларды бермей отыр. Учаскелік полиция келіп шағым алғаннан әрі іс қозғалмай тұр. Істі жылы жапқылары келеді дейді. Мектеп әкімшілігі тарапы үнсіз. Қыз мектепке барудан бас тартып жатыр дейді анасы. Жақындары қыздың психикалық жағдайы алаңдатып отырғанын айтады", - деп жазды ол.

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер