Қазақстанда соңғы 12 жылда (2008 жылдан 2020 жылға дейін) құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 есеге (1,7 трлн теңгеден 4,9 трлн теңгеге дейін) ұлғайды.
Құрылыс саласының серпінді дамуының арқасында құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 3,3 есе (176 млрд теңгеден 586 млрд теңгеге дейін) ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі көлемінде (10 трлн теңге) осы сектордың үлесі 6 %-ды құрайды. Құрылыс саласының өсу серпіні Тұрғын үй-коммуналдық дамудың «Нұрлы жер», Индустриялық-инновациялық дамудың «Нұрлы жол», мемлекеттік бағдарламалары, Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ауқымды инвестициялармен және «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі, Универсиада, Астананың 20 жылдығы, Ресей-Қазақстан форумы сияқты ірі әлеуметтік-мәдени іс-шараларды іске асырумен байланысты.
Нәтижесінде, қалалардың, елді мекендердің сәулеті жақсартылды, тарихи-мәдени мұралар жаңғыртылды, көлік магистральдары ретке келтірілді, түрлі өндірістік кешендер, зауыттар, әлеуметтік және тұрғын үй нысандары салынды. Ел тәуелсіздік алғаннан бері барлығы 169 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынды. 1,5 млн адамның тұрғын үй жағдайы жақсарды.
«Ағымдағы жылы 17 млн шаршы метр тұрғын үй (163,1 мың тұрғынжай) салу жоспарланған, биылдың он айында 11,6 млн шаршы метр (+107,9%) тұрғын үй нысандары пайдалануға берілді. Елімізде тұрғын үймен қамтамасыз ету бір тұрғынға шаққанда 22,6 шаршы метрге, оның ішінде қалалық жерлерде – 25 шаршы метрге, ауылдық жерлерде 19,3 шаршы метрге жетті», - деп аталып өткен ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінде.
Тұрғын үй қорын жаңарту және жаңғырту, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және коммуналдық сектор объектілерін қолдау есебінен азаматтардың өмір сүруіне қолайлы орта құруға айтарлықтай мән беріледі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне елімізде халықтың 94,1 пайызы, оның ішінде қала халқының 97,5 пайызы және ауыл халқының 90,1 пайызы қамтамасыз етілді. Биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға әрі реконструкциялауға 151,4 млрд теңге, оның ішінде қалаларда – 77,3 млрд теңге, ауылдарда 74,1 млрд теңге көзделген. 2021 жылдың қорытындысы бойынша республиканың барлық халқының 95 пайызын сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарланған, оның ішінде: қалаларда 98 %, ауылдарда - 91,8 % болады.
"Адырна" ұлттық порталы.