Елордада «Балуан тас» атты екі томдық кітаптың тұсаукесері өтеді

7896
Adyrna.kz Telegram

22 желтоқсанда ҚР Ұлттық музейі Ғылыми кітапханасында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына арналған мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаровтың «Балуан тас. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық авторлық-жинақ кітабының тұсаукесері өтеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Кітапқа қазақ халқының балуандары мен күрес өнеріне қатысты аңыз-әфсаналары, қисса-дастандары, ел аузындағы әңгімелер, кейбір жекелеген тарихи деректер енгізілген. Басты мазмұнды аты аңызға айналған алапат күш иелері мен олардың балуандық жолындағы тосын хикаялары мен оқиғалары, шешендік сөздерінің шоғыры құрайды. Мұнда қазақша күрес пен жекпе-жек дәстүрі көшпенді қоғамның азаматтық құндылықтары тұрғысынан қарастырылған.

Кітап жаңалығы – ұлттық спорт пен дегдарлық мәдениет туралы жаңа көзқарас қалыптастырады. Сонымен қатар баяндалған оқиғалардың танымдық-патриоттық тұрғыда маңызы аса зор.

Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, Қазақстан барысы Ержан Шынкеев және басқа да танымал тұлғалар мен эстрада жұлдыздары, білім-ғылым, БАҚ және спорт саласы өкілдері қатысады деп күтілуде.

Кітап түркістандық «Балауса» шаруақожалығының басшылары Мамырайхан Қалназаров пен Мейірхан Қалназаровтың демеушілігімен жарық көріп отыр.

Мекен-жайы: Нұр-Сұлтан,  ҚР Ұлттық музейі Ғылыми кітапханасы залы, Тәуелсіздік даңғылы, 54

Мерзімі: 2021 жылдың 22 желтоқсаны, сағат: 15.00

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер