Президент өскелең ұрпаққа: Жолдарыңыз кедір-бұдырсыз болмайды

1846
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында өскелең ұрпаққа аға буынның үмітін ақтауы үшін не істеуі керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өскелең ұрпақ аға буынның тәжірибесін пайдаланып, үмітін ақтайды деп сенемін. Жолдарыңыз кедір-бұдырсыз болмайды. Сондықтан, көп білім алып, рухани жағынан байып, нағыз азамат ретінде қалыптасу керек.

Уақыт тынысын дөп басып, заман талабына бейімделе білген жұрт ешқашан ұтылмайды. Кез келген сынаққа дайын тұрады. Біз күш-қуаты мен қарым-қабілеті сай кемел халық болуымыз керек. Күнде өзгеріп жатқан құбылмалы кезеңде бұл мақсатқа жету күрделі екені анық», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымынша, қазір әлемге тұрақсыздық факторлары әсер етіп тұр. «Оның үстіне пандемияға байланысты жаңа сын-қатерлер пайда болуда. Бірақ жұртымыз қиындықтың бәрін еңсере алатынына сенімім зор. Себебі тұғыры мызғымас мықты мемлекетіміз бар.

Даму жолымызды нақты нұсқап тұрған стратегиялық мақсаттарымыз бар. Еліміз өзінің сара жолынан айнымай алға қадам баса береді. Біз үшін Тәуелсіздік бәрінен қымбат. Баға жетпес құндылығымызды қастерлеп, қуатты Қазақстанды дамыту үшін бәріміз жұмылып, бір ел болып аянбай еңбек етейік.

Жалпыұлттық мерейтойымыз құтты болсын! Еліміздің абыройы асқақтап, беделі биіктей берсін! Елбасымыз аман болсын! Қазақстанымыз мәңгі болсын», - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Пікірлер