Сабыр Қасымов: Желтоқсаншыларға «Бостандық үшін күрескен қаһармандар» деген арнайы мәртебе беру керек

2002
Adyrna.kz Telegram

Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға «Бостандық үшін күрескен қаһармандар» дейтін арнайы мәртебе беру керек. Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Желтоқсан. 1986. Декабрь. Документальная хроника» атты кітаптың таныстырылымы кезінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Сабыр Қасымов осындай ұсыныс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Желтоқсан кезінде зардап шеккендердің санын тұрақтандыруымыз керек. Біз қазір Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның тарапынан осы күнге дейін Желтоқсан бойынша істі болған жастардың нешеуі ақталғанын сұратып жатырмыз.

Ақталды дегенде, сотталғандар мен қамауға алынғандарды айтып отырмыз. Оның өзінде сол кездегі милицияның тізіміне түскендер ғана ақталған. Ал қанша жастарды алдын ала қамау камераларына, арнайы жабдықталмаған қосымша орындарға апарып қамай берді?! Солардың санын әлі ешкім тұрақтандырған жоқ», - дейді «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті.

Заңгер ғалым Желтоқсанға қатысқаны үшін сотталғандардың арасында белгілі бір себептермен ақталмай қалғандары да бар екенін айтады.

«Сотталғандардың нақты саны 103 деп жүрміз. Олардың көбі ақталды. Милицияға қарсылық көрсеткені үшін ақталмаған Мырзағұл Әбдіқұлов сияқты бірен-сараны ақталған жоқ. Ол да өзіне шабуыл жасалғанда пышақпен қорғанғанын білесіздер», - деді Сабыр Қасымов.

Мемлекеттік комиссия мүшесі Желтоқсан батырларына арнайы мәртебе беру не үшін қажет екенін де айтты.

«Біз Желтоқсанға қатысқан отандастарымызға «Бостандық үшін күрескен қаһармандар» деген мәртебе беруіміз керек. Сондай статус берілсе, оларды ақтау, әлеуметтік жағынан қорғау, тарихи әділдікті қалпына келтіру сияқты көптеген мәселенің түйіні өздігінен шешімін табады. Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жазалау, қуғындау шараларынан зардап шеккендердің де саны есептелуі керек. Оқиға ең бір шиеленіскен тұста Алматыдан өзге өңірлерде де жастар шықты. Толық сан ешкімде жоқ. Солардың қаншасы ақталды? Алматыда 600-ден астамы ақталды. Ал облыстарда қаншасы ескерусіз кетті. Солардың бәрін нақтылау міндеті тұр алдымызда», - деді ол.

 

Пікірлер