Қураған ағаштан кәдесый жасайтын қария өз үйін көрмеге айналдырған

5524
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбелік қария Хаким Бекмұхамед ағаш тамырынан, діңгегінен, бұтағынан түрлі кәдесый жасайды. Кептірілген, сырланған қолөнер бұйымдарын түгел үйінде сақтайды.

Ақтөбе қаласында тұратын қария Хаким Бекмұхамед су шаруашылығы саласында жұмыс істеген. Мемлекеттік қызметте жүргенімен атадан тараған шеберлігінің арқасында ондаған бұйым жасады. Әрқайсысының өз атауы бар, мән-мағынасы зор. Бірақ оның бұл өнерін табиғатқа жақын адам ғана түсіне алады. Барлығы 40-қа жуық бұйым үйде сақтаулы. Өз үйін көрмеге айналдырған қария бұйымын сатпайды, атадан балаға мирас етіп қалдырады. «Қайың, сексеуіл, қара ағаш, қарағай ағаштары бар. Мұның бәрі әр жылдары жасалған бұйым. Негізі 70-жылдардан бастап ағаш жонып, бұйым жасадым. Соңғы екі жылдан бері жаңа дүние жасауды тоқтаттым. Шикізат, яғни, ағаш табу қиын. Кез келген ағаштан жақсы бұйым шықпайды»,- деді шебер Хаким Бекмұхамед.   Кез келген адам ағаштан жасалған бұйымның мән-мағынасын түсіне алмайды. Ол үшін табиғатты сүйіп, тау-тастың тілін ұғына білу керек. Аңшы, балықшы, орманшы... Сонымен қатар, қолөнер шебері де ағаштағы сиқырды сезінеді. Сондықтан болса керек, қалталы азамат қолөнер бұйымдарының өз бағасын бере алмады. «Ақтөбенің қалталы азаматы «үйіңізді сатыңыз» деп сұрады. Сата алмадым. Кейін қолөнер бұйымдарының жартысын сатып алуға ұсыныс берді.

«Шын көңіліңмен алғың келетін болса, кез келгенін алып, бағасын бер» деп айттым. Оның ұсынысы менің ойымнан шыққан кезде сататын едім. Бірақ бір тоқтамға келе алмай, кетіп қалды. Шынын айтқанда, қалталы азаматтар бірегей туындыларды сатып алуға, шын бағасын беруге дайын емес. АҚШ-та оқитын немерем «ата, сіздің қолыңыздан шыққан дүниенің бағасы қымбат» деп айтады. «Испанияда болсаңыз, миллионер боласыз» деп қызығатындар да бар. Жабық бәссаудаға салуды да сұрады. Бірақ бәрінен бас тарттым. Қартайдым, бірақ балалардың не істейтінін білмеймін. Бәрі ұрпағыма қалады»,- деді шебер.

Дегенмен қария еш мойымады. Ол үшін баға, ақша маңызды емес. Өзге адамдар түсіне ме, жоқ па оған да мән бермейді.

«Ешкім шаңын сүртпейді, ұстамайды. «Менің ағаштарыма қол тигізбеңдер» деп бәріне ескерттім. Кір қолды ағашқа тигізуге болмайды. Бәрін өзім күтіп, ұстаймын. Немерелерім де ойнап жүргенде ұстамайды. Шынымды айтсам, балаларым емес, немерем қызығады. Кітабын беріп, жасалу технологиясын үйретіп жүрмін. Ағаштан жаңа дүние жасап шығару қиын. Ескі ағаш қурайды, құрт жейді, шіриді. Тазартып, екінші өмір сыйлау үшін ой ұшқырлығы керек. Ал ағаш жонуға, кесуге қажетті құрал-жабдықтың басым бөлігін өзім жасадым»,- деді ол. Шебер ұзақ жылдан бері Ақтөбе қаласында өткізілетін көрмеге қатыса алмай жүр. Сондықтан оны ақтөбеліктер танымайды. Алғашында ренжіп, кейін өз туындыларына арнап кітап шығарды. Бар болғаны 50 дана кітап кейінгі ұрпақ үшін өшпес тарту болып тұр. Мұнда әр туынды жеке суретке түсіріліп, оның мән-мағынасы жазылған.


 

Алтынай Сағындықова,

inform.kz

 

 

 

 

 

Пікірлер