ЖЫР АРҚАУЫ ТӘУЕЛСІЗДІК БОЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АЙТЫС ӨТТІ

1622
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде ұжымның ұйымдастыруымен "Жыр арқауы - Тәуелсіздік" тақырыбында республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр додасы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Тұңғыш Президент күні мен қоғам қайраткері Ө.Жәнібековтің 90 жылдығына арналды.

Айтысқа Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Өскемен, Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан 12 айтыскер жас ақын қатысты.

Айтысқа Батырбек Өтеп атындағы «Өнер» мектебінің директоры, айтыскер ақын Маржан Есжанова, Кәрима Оралова, «Ақпарат саласының үздігі», ақын Қажымұқан Абзалов, Қазақстан және Өзбекстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Бөрібай Оразымбетов, ОҚМПУ-дың «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейісов қазылық етті.

Айтысты оқу орнының ректоры Гүлжан Сүгірбаева ашып, жастарға ақ жол тіледі. Жыр додасын айтыскер ақыны Біржан Байтуов жүргізді.

Алдымен айтысқа нұр-сұлтандық Дәурен Ысқақ пен бала ақын Аллажар Сапархан шықты. Айта кетерлігі, Аллажар Сапархан «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің 4 сынып оқушысы. Аталмыш жұптың айтысы кезінде бала ақынның айтыс өнеріне көрермен ерекше ықылас білдірді.

Бұдан әрі, ОҚМПУ-дың түлегі, әрі ақындар үйірмесінің жетекшісі Нұрғали Әнәпия мен шығыстың дүлдүлі Айшолпан Тілеутай арасындағы қыз бен жігіт айтысы да көрермендерді бір сілкінтіп тастады. Сонымен бірге, Шымкенттік Мейіржан Жарылқап пен түркістандық Нұрдәулет Өмірбеков, шымкенттік Аян Ниязбек пен елордалық Мұхит Бабақұл, сондай-ақ, сайрамдық Жандос Мырзабеков пен Алматы қаласынан келген Айым Асылбекқызы және шымкенттік Абылай Құлтай мен ақтөбелік Нартай Тілеуқұлдардың айтыстары тартысты, өрнекті болды.

Жұртты желпінтіп, тыңдарманға түйдек-түйдек сөз маржанын тарту еткен айтыс қорытындысы бойынша Нартай Тілеуқұл, Мұхит Бабақұл, Абылай Құлтай, Жандос Мырзабек, Нұрдәулет Өмірбек, Мейіржан Жарылқап, Дәурен Ысқақ Аллажар Сапархан айтыстың ынталандыру сыйлығына ие болды. Сондай-ақ, Аллажар Сапархан ынталандыру сыйлығына қоса қазылар алқасының төрайымы Маржан Есжанованың тағайындаған 5О мың теңгесін олжалады.
Ал Шығыстан келген Айшолпан Төлеутай жүлделі 3-орын алып, екі жүз мың теңгеге, Аян Ниязбек 2-орын алып төрт жүз мың теңгеге ие болды. Алматылық ару Айым Асылбекқызы жүлделі 1-орын алып, жеті жүз мың теңгеге қол жеткізді.
Ал Бас жүлде үшін тігілген бір миллион теңге Нұрғали Әнапияға бұйырды.

Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы

Пікірлер