Көпбалалы аналарға кәсіби кеңес берілді

1116
Adyrna.kz Telegram
Шымкент қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұйымдастыруымен «SHANYRAQ» орталығында көпбалалы аналарға кәсіби кеңес берілді. Жиынға қалалық Тұрғын үй басқармасы, Білім басқармасы, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті және Денсаулық сақтау басқармасының мамандары қатысты.
Мамандар көпбалалы аналардың сұрақтары мен өтініштері бойынша кеңестер беріп, заң аясында шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған әлеуметтік портал және атаулы әлеуметтік көмекке байланысты онлайн құжат тапсырудың тиімділігі мен атаулы әлеуметтік көмек туралы түсіндірме жүргізді.
Айта кету керек, атаулы әлеуметтік көмек - табысы төмен азаматтарға төленетін мемлекеттік қаржылай қолдау. Өтінішке құжат тапсырғаннан кейін арнайы құрылған комиссия өтініш тапсырушының тұрмыстық жағдайын тексеріп шешім қабылдайды.
Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың отбасылық табысы жан басына шаққандағы кедейлік шегі 22 535 теңгеден төмен болған жағдайда тағайындалады. Ал, жұмыссыз жүрген азаматтарға қалалық жұмыспен қамту орталығы тарапынан «Жұмыспен қамтудың» белсенді шараларына қатысу ұсынылуда.
Айта кетейік басқарма тарапынан халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізуге бағытталған кездесулер алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Пікірлер