Аяжан Еділованы өлтірген күдікті кінәсін толық мойындамады

7191
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Аяжан Еділованы айуандықпен өлтірді деп айыпталып отырған 28 жастағы түркістандық өзіне тағылған айыптармен ішінара келіспей отыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі «Астана» арнасына сілтеме жасап.

Кеше атышулы іске қатысты екінші сот отырысы өтті. Процессте айыпталушы өрімдей қызды өлтіргенін мойындаған. Бірақ зорлық көрсеткенін теріске шығарып әлек.

Осы көктемде іс-түзсіз жоғалып, кейін бөлшектелген денесі табылған Аяжанның оқиғасы естіген елдің жағасын ұстатқан еді. Жантүршігерлік қылмысқа қатысты бүгін екінші сот отырысы өтті. Зорлау дерегі болғандықтан процесс жабық режимде, онлайн форматта болды. Бес куәгерден жауап алынды. Олар марқұмның екі туысы мен таныстары.

Жәбірленуші тараптың заңды өкілінің айтуынша, айыпталушы кінәсін толық мойындамаған.

«Сотталушы Төребеков адам өлтіргенін мойындап, зорлағанын жоққа шығарып отыр. Енді қыздың зорланғанын дәлелдеу үшін жұмыс істейміз», - дейді жәбірленуші тараптың заңды өкілі Қадыржан Ғалымжанұлы.

Жәбірленушілер қылмыс жасаған адамды өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет деген пікірде. Оның айыбын дәлелдеу үшін барлық дәйекті ұсынамыз дейді.

Атышулы іс 30 томнан тұрады. Процесті судья Еркін Майшынов қарауда.

Естеріңізге салсақ, қанды қылмыс биыл наурыз айында болды. Жұмыстан шығып, іс-түзсіз жоғалған Аяжанның денесі Нұркент ықшамауданындағы пәтерден табылған еді.

Айыпталушы 28 жастағы Түркістан облысының тумасы. Бұрын-соңды сотталмаған. Оның мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге белгісіз. Келесі сот отырысы 9 желтоқсанға өтеді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер