Депрессия, стресс, эмоция: Алаңдаудан арылудың 10 кеңесі

1369

Дейл Карнегидің «Алаңдаудан арылып өмір сүруді қалай бастаймыз» атты кітабының өмірді жақсартуға арналған кеңестерімен "Адырна" ұлттық порталы бөліседі. 

Дейл Карнеги – әлемге әйгілі америкалық психолог, педагог, жазушы. Жанжалсыз қарым-қатынас, тиімді қарым-қатынас қағидалары мен шешендік өнер туралы жазылған еңбектері ерекше мақтауға тұрарлық.

Эмоция, стресс, толқу, алаңдау. Адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған 4 процесс. Қазіргі таңда депрессияға түспейтін, эмоциясын жасыра алатын адамды кездестіру қиын. Күнделікті өміріміз психикалық қысымдарға толы болғанымен, диструктивті көңіл күй қалыпты жағдайға айналуда.

Темір есіктер

Автордың пікірінше, мазасыздықты жою үшін өткен мен болашақты ажырата білу керек. Карнеги олардың арасына «темір есіктер» орнатуды ұсынады. Өткенге өкініп, болашаққа алаңдамау үшін бүгінгі күнмен өмір сүру керек. Өкініш пен үміт-мазасыздықтың басты объектісі.

Сиқырлы формула

Америкалық өнертапқыш Уиллис Карьердің сиқырлы формуласы:

1.«Өмірімде ең жаман жағдай орын алса не істеймін?» деп сұрақ қойыңыз.

2. Қиындықтан шығу жолын ойластырыңыз.

3. Сұрағыңызға жауап ретінде үш нұсқаны қағазға жазып, бірін таңдаңыз.

Memento-mori

Мазасыз адамдар ұзақ өмір сүрмейді. Кез келген нәрсеге алаңдай берсек, денсаулығымыз запа шегеді. Атын атауға қорқатын жаман ауру да (қатерлі ісік) шектен тыс уайымдағаннан пайда болады. Әсіресе бизнесмендер мен іскер адамдардың бойында қобалжу сезімі басым келеді.

Карнеги былай дейді: «Аз алаңдап көп өмір сүр».

Позитивті ойлау

Санамыз негативті ойларға толы. Шырмаудан шығатын жалғыз жол – бақытты сәттеріңді еске түсіру. Позитивке қаншалықты жақын болсақ, негатив бізден қорқады.

Белсенділік

Мазасыздануымыздың басты себебі – назарымызды аудартатын жұмыстың болмауы. Егер адам күні бойы ештеңе істемесе, жадымыз автоматты түрде жайсыз ойларға ерік береді. Интенсивті қабілетімізді арттырып мазасыздықтың алдын алуымыз керек.

Әдетті өзгерту

Мазасыздық әдетке жатады. Жаман әдеттен арылу үшін оны жақсы әдетке алмастыру жетіп жатыр. Кішігірім қиындықтар мен ұсақ-түйекке алаңдауды доғарсаңыз, демек бұл бойыңызда қалыптасып жатқан жаңа әдеттің белгілері.

Ықтималдылық теориясы

Сіз «үлкен сандар заңы» туралы білесіз бе? Естімесеңіз интернеттен оқып шығыңыз. Сандар заңы қиындықтарды жоюға арналған қолайлы әдіс түрі.

Сөзсіз шешім

Қандай да бір жағдайды өзгертуге, түзетуге шамаңыз жетпесе, демек «бұл іс солай болуы керек» деп өзіңіз іштей шешім қабылдаңыз.

Шектеуіш

Уайымымызға бақылау жасау үшін өзіңіздің алаңдаушылық деңгейіңізді реттейтін «шектеуіш» орнатуыңыз керек. Шектеуіш дегеніміз – оқиғаға байланысты қаншалықты уайымдау керектігін анықтау. Оны талапқа айналдыра біліңіз. Уайымыңыз шектен шықпасын.

Қызығушылық

Адам өзіне тым көп көңіл аударғанды жақсы көреді. Мазасыздықтың емі де осы. Оны бейтараптандыру үшін айналаңыздағы адамдарға көбірек қызуғышылық танытыңыз.

Карнегидің кеңестерін қолдану оңай. Себебі бұл айтылған дүниелер жадыңызда бұрыннан бар. Тек керегі ниет.

Інжу ӨМІРЗАҚ,

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket