Шымкенттегі Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде республикалық «Күміс қалам» атты поэтикалық дуэль өтіп жатыр. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған жыр мүшәйрасына 20 жазба ақын қатысуда.
Поэтикалық дуэльдің беташар сөзін қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан айтып, жас қаламгерлерге сәттілік тіледі.
Поэзиялық кеш 4 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 20 ақын бір-бір өлеңнен оқиды. Ширек финалдық кезеңге 12 ақын жолдама алады. Яғни, 6 жұп өнер керсетіп, әр ақын 2 өлеңнен оқиды. Жеңімпаздарға жартылай финалға жолдама беріліп, 3 (6 ақын) жұп өнер көрсетеді. Әр ақын 3 өлеңнен оқиды. Жеңімпаз атанған 2 ақын финалда жолығады. Ал қалған 4-еуі әдеби сыйлықтың лауреаты атанады.
Сондай-ақ финалдық кезеңдегі екі ақын 5 өлеңнен оқиды. Финалдың жеңімпазы «Күміс қалам» иесі, ал финалист бір ақын әдеби сыйлықтың лауреаты атанады.
Ал ақындарға өз бағасын беріп, қазылық ететін әділ-қазі алқасы: ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, ақын, ҚР жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр, ақын, аудармашы, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Абай Қалшабек, ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» мүшесі Бекмұрат Анарбаев жеңімпаздарды анықтайтын болады.
Азамат ЖАППАР
ФОТО Серік ҚОСАЕВ