Үшінші мегаполисте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік –бабалар аманаты» атты жас ақындар арасындағы өнер додасының екінші күні республикалық «Күміс домбыра» айтысымен жалғасуда.
Қаратау дәстүрлі өнер мектебіндегі сөз додасына еліміздің әр өңірінен жиналған 16 ақын қатысып отыр.
Айтыста сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан айтыскерлерге сәттілік тіледі.
– Шымшаһарда айтыс өнері қайта жаңғырып жатыр. Наурызда аламан айтыс өтсе, жақында ғана ашылған Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұсынысымен «Күміс домбыра» сөз додасын ұйымдастырып отырмыз. Азаттықтың ақ таңы атқалы айтыс өнері ұлттық мәдениетіміздің баға жетпес асыл мұрасы ретінде кеңінен насихатталып келеді. Осы орайда киелі өнердің дамуына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп отырғанын айта кеткеніміз жөн. Бұл айтыс Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында жеткен жетістіктерін насихаттау, жас ақындардың ішкі мүмкіндіктерін ашып, шабыттарына қанат бітіру мақсатында өтіп жатқанын да айтып өткім келеді, - деді ол.
Ал аламан сөз додасында белгілі айтыскер ақындар әділ бағасын беріп, қазылық етуде. Атап өтсек, Б.Шойбеков, М.Есжанова, К.Оралова, М.Ниязов сынды айтыстың жүйріктері мен белгілі журналист, "Шымкент келбеті" "Панорама Шымкента" газеттерінің бас редакторы Б.Тайжан қазылар алқасы құрамынан табылды.
А.ЖӘДІГЕРҰЛЫ
ФОТО Серік Қосаев