Нұрмахан Жақыпбек «Күміс домбыра» иегері атанды

2563
Adyrna.kz Telegram

Шымкентте өтіп жатқан жас ақындар арасындағы өнер додасының жеңімпаздары анықталды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырған «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» атты жас ақындар байқауы аясында ұйымдастырылған сөз додасына еліміздің әр өңірінен 16 ақын жиналған болатын.

Он алты ақын отыз жылдық мерейлі тойымызды орамды ой, сүбелі сөзімен сипаттап, майдан қыл суырғандай жырлады. Тыңдаушының құлақ құрышын қандырған сөз бәсекесінде сегіз жұп маңызды айтыстың парызын түсініп, нағыз айтыстың қас үлгісін көрсетті.

Қаратау дәстүрлі өнер мектебіндегі республикалық «Күміс домбыра» айтысында ақмолалық ақын Нұрмахан Жақыпбек бас жүлдеге ие болды.
Шығыс Қазақстан облысының атынан өнер көрсеткен семейлік ару Айшолпан Төлеутай бірінші орынды қанжығасына байлады. Ал екінші орын қызылордалық Бексұлтан Орынбасаровқа бұйырды. Түркістан облысының намысын қорғаған Мейіржан Жақып пен шымкенттік Нұрғали Әнапия үшінші орынды өзара бөлісті.

Ал алматылық Бекжан Базарбек Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Нұр-Сұлтан қаласынан келген Айым Асылбекқызы Әселхан Қалыбекова атындағы сыйлықтың лауреаты атанды. Барлық жеңімпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар табысталды.
Марапаттау рәсімінде сөз алған Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов айтыскерлерді жеңістерімен құттықтап, сәттілік тіледі.

Айта кетейік, аламан сөз додасында белгілі айтыскер ақындар әділ бағасын беріп, қазылық етті. Атап өтсек, Б.Шойбеков, М.Есжанова, К.Оралова, М.Ниязов сынды айтыстың жүйріктері мен белгілі журналист, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Б.Тайжан қазылар алқасы құрамынан табылды.

А.ЖӘДІГЕРҰЛЫ

Пікірлер