Шымкент: "1-М-1" қосалқы станциясы іске қосылды

342

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында үшінші мегаполисте кезекті электр станциясы іске қосылды. Қаланың инфрақұрылымы үшін маңызды стратегиялық нысанның ресми ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков және жауапты мамандар мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бүгінгі таңда Шымкент қаласын сапалы электр қуатымен қамту жоспары іске асырылуда.

– Шымкент қаласын сапалы электр қуатымен қамту – маңызды міндет. Қаланың энергетика саласын кешенді түрде жаңғырту бастамасы қолға алынды. Бес жылда 10 қосалқы электр станциясы салынады. Биыл «Бозарық» қосалқы станциясы іске қосылды. Бүгін «1-М-1» станциясы жұмысын бастап отыр. Бұл жоба 4 елдімекеннің 70 мыңға жуық тұрғынын сапалы электр қуатымен қамтуға мүмкіндік береді, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Құрылысы 2019 жылы басталған "1-М-1" қосалқы электр станциясының қуаты қаланың Асар-2, Солтүстік саяжай, Қайнарбұлақ және Достық шағынаудандарының тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл кешен 110 кВ желі арқылы «Бозарық» станциясынан қуат алады.

Құрылысын «Электромонтаж» АҚ жүргізген кешен заманауи электр құралдарымен жабдықталған. Қосалқы электр станциясының іске қосылуымен Асар-2 шағынауданындағы 2765 абонентке сапалы электр қуаты берілді. Ал Солтүстік саяжай, Қайнарбұлақ, Достық елдімекендеріне сапалы электр энергиясы ішкі орамдық желілер құрылысы аяқталғаннан кейін беріледі.

Пікірлер
Редакция таңдауы