Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының 9 айда атқарылған есебін қабылдады. Басқарма басшысының міндетін атқарушы М. Шотанов қалада жастар саясатын жүргізуде атқарылған жұмыстарды баяндады.
Басқарма бүгінде 5 бағыт бойынша жұмыс атқарса, соның бір бағыты – жастар саясаты. Шымкентте қазір 14-29 аралығындағы 239 986 жас бар, олар қала халқының 22,3% құрайды. Есепті кезең бойынша 10 215 жас жұмыспен қамтылған. Оның ішінде уақытша жұмысқа – 4 362, бос жұмыс орындарына –3 315, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға –1 132, кәсіптік оқуға –1 094, мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде – 214, Жол карта аясында – 98 жас буын жолданған.
Бүгінде қалада жұмыс істеу мен ізденуге ниеті жоқ, яғни NEET бағытындағы жастар 7,3 (16 207) пайызды құрайды. Жыл соңына дейін көрсеткішті төмендету үшін 1 332 жаспен жұмыс жүргізу көзделіп отыр.
Волонтерлікті қолдау мақсатында Meyirim.kz электрондық қайырымдылық порталы іске қосылған. Қазір онда 31 қайырымдылық қоры, 19 заңды тұлға, 4 әлеуметтік дүкен, 73 ерікті тіркелген. Бүгінге дейін портал арқылы 3 773 мұқтаж отбасыға көмек көрсетілген.
Қаладағы волонтерлік ұйымдар бүгінге дейін әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен қарияларға 7000-ға жуық азық-түлік себетін таратқан.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.