Мамин "Сбер келісімі" туралы: Бұл қажеттілік

4561
Adyrna.kz Telegram

Премьер-министр Асқар Мамин Үкімет пен ресейлік "Сбер" арасындағы меморандумды  қажеттілік деп санайды. Бұл туралы ол БАҚ редакторларымен кездесуде мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

- Тек "Сбер"платформасы бізге кодтарды алуға және ақпараттық қауіпсіздік органдарында кодтарды сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, шын мәнінде, біз жеке деректердің қорғалуына кепілдік береміз. Қазақстанда 400-ге жуық ақпараттық жүйе бар, олардың барлығы бір-бірімен нашар әрекеттесетінін айта кету керек. Деректерде айырмашылықтар бар және бұл әрқашан тиімді бола бермейді. Платформа арқылы біз бұл мәселені шеше аламыз деп үміттенеміз. Жұмысқа жергілікті қазақстандық IT секторы тартылатын болады. Сондықтан, біздің азаматтар цифрлық егемендіктің жоғалуы немесе жеке деректердің жойылып кетуі туралы алаңдамауы керек. Бұған үкімет жауапты, - деді Мамин сұраққа жауап бере отырып.

Ол әрі қарай цифрлық трансформация тұрғысынан бұл жай ғана қажеттілік екенін атап өтті.

- Тағы да айтамын, Цифрлық даму министрлігі келіссөздер жүргізуде және біз ешкімде ешқандай сұрақтар туындамауы үшін біздің қоғамды хабардар ететін боламыз, – деп қосты Мамин.

Еске сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында Премьер-министр Асқар Мамин мен "Сбер" компания тобының басшысы Герман Греф Қазақстанның цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды іске асыру саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Кейінірек әлеуметтік желілерде Қазақстан Үкіметінің сервистерін цифрландыру үшін ресейлік компаниялар тобының тартылуына байланысты жанжал туындаған болатын.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер