Тоқаев: Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік

2422
Adyrna.kz Telegram

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII Саммиті Ыстанбұл қаласының оңтүстік-шығысында Мәрмәр теңізінде орналасқан Демократия және бостандық аралында өтті. Алқалы жиынға Қазақстан Президентінен басқа Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты. Сондай-ақ Саммитке бақылаушы елдердің басшылары Түрікменстанның Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатынасты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен Ыстанбұл қаласында жүздескеніне және Режеп Тайып Ердоғанға Анадолы жерінде көрсеткен қонақжайлығы үшін шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан халықтарын биылғы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұның тарихи белес екенін атап өтті.

– Біз осы кезеңде іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Мемлекеттеріміздің арасындағы достық қатынасты нығайта түстік. Биылдың өзінде екі рет бас қосып, жоғары деңгейде Саммит өткіздік. Бұл – мызғымас бауырластығымыздың айқын көрінісі. Қазақта «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөз бар. Осы жерде жиналған елдердің жоғары деңгейдегі өкілдерінің ниеті түзу. Біз барлық мемлекеттерді ынтымақтастыққа шақырамыз, сондықтан бүгінгі басқосу тамыры бір, тарихы ортақ елдердің ауызбіршілігін арттыра түсері сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы екі жылдан бері аталған Кеңеске тиімді төрағалық етіп келе жатқан Әзербайжан басшылығына алғыс білдірді. Сондай-ақ олардың Кеңес жұмысын жандандыра түсуге зор үлес қосқанын атап өтіп, әлемді жайлаған індетке қарамастан, түркі кеңістігінде бірқатар жақсы жаңалық болғанын айтты. Түркітілдес мемлекеттер пандемияға қарсы күресте күш біріктіру үшін алғашқылардың бірі болып төтенше саммит өткізді, Түркістан қаласы Түркі әлемінің рухани астанасы атанды, сондай-ақ Таулы Қарабақ мәселесі де Біріккен Ұлттар Ұйымының қарарына сәйкес оң шешімін тапты. Енді Кеңестің төрағалығы Түркия Республикасына өтеді.

– Анадолы елі бұл міндетті абыроймен атқарып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін. Тұтас түркі жұртын тарихи тамырластық пен ортақ мүдде біріктіреді. Біз бір-бірімізге әрдайым тілектеспіз, сыйластығымыз да ерекше. Бүгінгі алқалы жиын – осының айқын дәлелі. Түркі кеңесінің ықпалы мен беделі жыл өткен сайын артып келеді. Біздің құрылымға халықаралық қауымдастық едәуір қызығушылық танытуда. Түркі әлемінің геосаяси әлеуетін тиімді пайдалану керек. Бұл бәріміз үшін маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы жиынның қорытындысы бойынша Түркі кеңесінің үшінші тараппен ынтымақтастығы туралы ережелер қабылданбақ. Қазақстан Президенті мұны уақтылы және заман талабына сай әзірленген құжат деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымның жаһандық деңгейде лайықты орнын алатынына сенім білдірді.

– Менің пікірім бойынша ұйымымыз, ең алдымен, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық ынтымақтастыққа баса мән бергені жөн. Әріптестерім бұл тұжырыммен келіседі деп ойлаймын. Бірлігіміз әрдайым бекем болсын, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі күрделі жағдайда сын-қатерлерді еңсеріп, орнықты даму үшін күш-жігер біріктірудің, жаңа технологияларды игеру саласында ынтымақтастық орнатудың аса маңызды міндет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұйымға мүше мемлекеттер жұмыла отырып, бірлесіп әрекет етуге тиіс бірнеше маңызды бағытты атады.

– Біз жаңартылатын қуат көздерін дамыта береміз. Бұл міндет «Жасыл экономикаға» көшу туралы тұжырымдамада көрініс тапты. Жоспарланған шаралар 2060 жылға қарай көміртегіден арылуға жол ашады. Сондай-ақ, алдағы он жылда парникті газ шығаруды 15 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Осының аясында біз 2025 жылға дейін 500 мың гектар жерге 2 миллиард түп ағаш отырғызуды жоспарлаудамыз. Бұған қоса қазір еліміздегі жаңартылатын қуаттың үлесін 3 пайызға жеткіздік. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттырамыз. Сол мақсатпен Нұр-Сұлтан қаласында «Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобалардың халықаралық орталығын» аштық, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сутегі энергетикасын дамытуды екінші маңызды мәселе ретінде атады. Президент әлемде оны «таза» отынның жаңа түрі деп санайтынын айта келіп, Қазақстанда жасыл сутегінің өнеркәсіптік кластерін құруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті. Оған еліміздің ғылыми әлеуеті де, білікті мамандары да жеткілікті.

– Осы орайда, елдеріміздің басты ғылыми мекемелерін жұмылдырып, Халықаралық консорциум құруды ұсынамын. Бұл құрылым сутегіні өндіретін, оны сақтап, тасымалдайтын жаңа технологияны дамыту үшін қажет. Мұнда ғалымдарымыз бас қосып, өзара тәжірибе алмасуына болады, – деді Қазақстан Президенті.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер