Елімізде ревакцинация 22 қарашада басталады

3238
Adyrna.kz Telegram

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында баяндама жасады. Ол елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы хабарлады. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі жазды.

«Қазақстанда соңғы екі айда аурушаңдық 3,4 есеге, ал өлім-жітім 4 есеге төмендеді. Республика бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің қамтылу деңгейі 56-дан 30%-ға дейін, реанимациялық төсектердің 45-тен 26%-ға дейін төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар», - деді министр.

Емдеуді жалғастырушылар санының азаюы бойынша оң динамика байқалады, соңғы үш айда науқастар саны 2,3 есеге азайды.

Коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны бойынша «жасыл аймақта» Шымкент қаласы, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Шығыс Қазақстан облыстары, «сары аймақта» - Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары, Ақмола және Қарағанды облыстары орналасқан.

«Қызыл аймақта» Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары қалады.

Бүгінгі таңда 8,5 млн адам бірінші компонентпен, 7,7 млн адам екінші компонентпен егілді.

Балалардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялауға қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 4 млн 230 мың доза сатып алынды, бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді.

«Вакцинациялауға 12-17 жастағы балалар, жүктіліктің 16-37 аптасындағы жүкті әйелдер және босанғаннан кейін 42 күннен кейін бала емізетін әйелдер жатады. 15 қарашаға дейін Comirnaty Pfizer вакцинасының алғашқы партиясын 379 мың доза көлемінде жеткізу жоспарлануда», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі.

Айта кету керек, балалардың КВИ-ге қарсы вакцинациясы білім беру ұйымдарында ата-аналардың немесе кәмелетке толмағандардың, жасөспірімдердің өзге де заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімінен кейін жүзеге асырылады.

Бұл ретте ревакцинация Қазақстанда 22 қарашада басталады және 2 кезеңде жүргізіледі.
Осылайша, ағымдағы жылдың соңына дейін алғашқы вакцинация мерзімдерін ескере отырып, халықтың осал топтары ревакцинацияға жатады деп жоспарлануда. Бұл медициналық-әлеуметтік мекемелердің, жабық балалар мекемелерінің медицина қызметкерлері, педагогтары, қызметкерлері мен контингенті, күш құрылымдарының қызметкерлері.

Белгіленген мерзімдерді есепке алмағанда, ревакцинацияға 60 жастан асқан азаматтар және өз бетінше зерттеуден өткен және КВИ-ға қарсы антиденелерге теріс тест нәтижесі бар адамдар да жіберіледі.

«Сәуір айында жаппай алғашқы вакцинацияның басталуын ескере отырып, алғашқы вакцинацияны аяқтаған барлық азаматтар вакцинацияның толық курсы аяқталғаннан кейін 6-9 айдан кейін 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакцинацияға жатады. Осыған байланысты екінші кезеңде бастапқы вакцинацияны аяқтаған және ревакцинация мерзімі жеткен қалған азаматтар ревакцинацияға жатады», - деп атап өтті Алексей Цой.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер