Түркістан қаласы әкімдігі және “Серпіліс” қоғамдық қорының қолдауымен 23 – 24 қазан күндері, қала күні қарсаңында, кітапқа деген құштарлықты насихаттауға арналған «ПарақTimes Түркістан төрінде» кітап жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Түркі әлемінің рухани астанасының халқына рухани серпіліс әкелген бұл жобаны авторы журналист Бейсенкул Нарымбетова апай бастап, Ерлан Жүніс, Есболат Айдабосын, Серікбол Хасан секілді Республикамызға белгілі қаламгерлер қадірлі қонақ болып, кітапсүйер қауымның ортақ қуанышына айналды.
Абай Қалшабек, Дәурен Айманбет, Сүндет Сейітов өз кезегінде оқырмандарға сүбелі сөздерін арнап, ПарақTimes-тың жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты.
«Қызмет» баспасынан шыққан Пернебай Сапар мырзаның «Өлейін десем ақшам жоқ», Мадина Сабыр ханымның «Сайрамнан Түркістанға дейін», Салтанат Мадиярқызының «Шахмат», Сейдалы Дүйсебайұлының «Түркістан ғажайыптары» кітаптарының тұсауы шешілді.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларының баспа үйлері, кітап дүкендері, кітапханалары оқырманмен ашық диалог құрып, пікірлесу алаңшасында ақын-жазушылармен және жас қаламгерлермен кездесулер өткізді. «Қазақ энциклопедиясы», «Қызмет», «Отбасы хрестоматиясы», «Шашу», «KHAN COMICS», «Қазбілім», «Шың» «Shugylakitap» баспа үйлері, «KITAPAL», «Qazyna» кітап дүкендері мен Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасы және Фараб кітапханасы кітап әлеміне оқырмандарымен бірге саяхат жасады.
Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты - қоғамның интеллектуалды әлеуеті мен мәдени құндылықтарын, өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік білімін арттыруға, жастардың кітап оқуға, көркем әдебиетке деген құштарлығын оятуға бағытталды.
"Адырна" ұлттық порталы