«Қара батыр» лақап атымен көк туымызды желбіретіп, қазақтың атын айқара асырып жүрген спортшыларымыздың бірі – Мейрамбек Айғалиев.
Құлсары қаласының тумасы Мейрамбек Джиу-джитсудан әлем чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері. «Адырна» ұлттық порталының тілшісі спортшымен тілдесіп, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қазіргі таңда 11 сыныпта оқитын Мейрамбек алдағы білімін де осы спортпен байланыстырғысы келетінін жеткізді.
Ұстазы, жетекшісі әлемнің бірнеше дүркін чемпионы, «Қазақстанның жүз жаңа есіміне» енген, Әскери самбодан Қазақстан Республикасының спорт шебері – Талғат Жұмағалиев.
Алғашқы қадам
-Спорт жолына қызығушылың қай жастан пайда болды?
-Спортқа деген қызығушылығым 9 жасымда басталды. Өзімнің ағам әрі жетекшім, ұстазым Талғат Жұмағалиев менің ширақтығымнан спортқа икемімді байқап, жаттығу залына апарды. Бәрі сол жерден басталған еді. «Осы баладан бірдеңе шығады» деген леппен ұстазымның арқасында қазір жаттығусыз бір күнім де өтпейді.
-Ең алғаш рингке шыққан кезіңде қандай сезімде болдың?
-Ең алғаш рингке 9 жасымда облыс аралық турнирде шықтым. Әрине, сенімнен көрі қорқыныш басым болды. Маған көрсетілген қолдаудың арқасында финалға өттім. Өзімнен біраз жас үлкендермен бақ сынастым. Бірақ, жеңіліс таптым. Одан қанатым қайырылмады. Керісінше, жеңіске қарай қадамым нығая түсті. Жеңілісті мүмкіндік ретінде қабылдаймын. Демек, әлі жеңуге мүмкіндік бар деген сенім күшейеді.
-Өңірде сені көбі “қара батыр” лақап атымен таныс. Бұл атауды кім ұсынды?
-Шешенстан спортшыларымен жарыс болғалы жатты. Қызығы жарыс біздің ауылда өтті. Басқа елдерден көптеген спортшылар біздің ауылға жиналды. Үлкен мәртебе. Рингке шығар алдында лақап ат іздестіре бастадық. Басында «Черный пантера,тигр» деген атауларды қарастырдық. Алайда жетекшім «Қара батыр» атауын ұсынды. Өзіме қатты ұнады. Бір жағынан өзге ұлт өкілдерінің арасында қазақы есіммен шыққанымның өзі рухты көтереді емес пе?
-Болашағыңды спортпен байланыстырасың ба? Алға қойған қандай жоспарларың бар?
-Болашаққа жоспар көп, арман құрулы тұр. Басты мақсат көк туымызды әлемдік аренада желбіретуді тоқтатпау. Өзім де шәкіртпін. Алдағы уақытта менің де шәкірттерім болғанын қатты қалаймын. Ауылымнан шыққан жастарды чемпион қылу ойда жүрген үлкен армандарымның бірі. Болашақта UFC төрінен өзімді көргім келеді. Өзім ол алаңға шықпасам да, шәкірттерім бой көтеретіндей азамат боп өскім келеді.
-Жарақат алған сәттерің болды ма? Денсаулығыңа зиян келген кездер ше?
-Спорт денсаулыққа пайдасын тигізбесе зияны еш тимейді. Үнемі жаттықсақ, сондай-ақ дәрумендер қабылдап жүрсек денсаулық сыр білдірмейді деп ойлаймын. Әзірге еш жарыстан жарақат алмадым. Алмаяқ та қояйын.
-Соңғы барған жарыс сәті қалай болды?
-Уфа қаласында өтті. 2-ші орынды иелендім. Әдеттегідей, аса бір қиынға соқпады. Ендігі мақсат бас жүлдеге таласу, чемпион атану.
Жоспарларың орындалсын! Көп рақмет!
Інжу ӨМІРЗАҚ,
"Адырна" ұлттық порталы