13 жыл бұрынғы сценарий және 3 жарым сағаттық лента. «Қажымұқан» фильмі туралы не белгілі?

1740
Adyrna.kz Telegram

Таяуда прокатқа шығарылған «Қажымұқан» фильмін түсірген топ жетекшісі картинаның қалай әзірленіп, түсірілгені және қиындықтары жайында ой бөлісті.

"Қажымұқан" фильмі – Қанағат Мұстафиннің тарихи-өмірбаяндық кинотуындысы. Бұл фильм қазақ халқының атақты балуаны, әлемге танымал спортшы Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмірі мен ерліктеріне арналған. 

Қажымұқан – қазақ халқының спорттық және ұлттық қаһарманы, классикалық күрестен әлем чемпионы болған тұлға.

Көркем фильмде Қажымұқанның балуандық жолы, оның спорттағы жетістіктері, бәсекелестері, сондай-ақ қазақ халқының күрделі әлеуметтік және саяси кезеңдердегі өмірі көрсетіледі. Сонымен қатар, Қажымұқанның қарапайым ауылдан шығып, әлемдік аренада атақты балуанға айналу жолындағы қиындықтары мен табандылығы – басты назарда. Фильм Қажымұқанның ерлігі мен қайсарлығы арқылы ұлттық рухты дәріптейді.

Қазақтың тарихи-мәдени құндылықтарын жаңғыртып, жастарды отансүйгіштікке, табандылыққа және өз халқына деген мақтаныш сезіміне тәрбиелеуге бағытталған кинотуындының режиссері Қанағат Мұстафин фильмнің түсіру барысы мен идеясын айтып, сұхбат берді.

- "Қажымұқан" фильмін түсіруде басты шабыт көзі қандай болды?

- Жалпы идея 2011 жылы келді. Көлікте келе жатып радиодан Қажымұқан Мұңайтпасұлының туған күнін атап өтейін деп жатқанын естідім. Жазушы әкем Құрманғазы Қараманұлының (марқұм) үйде үлкен кітапханасы болатын. Сол кезде әкемде Қажымұқан туралы кітап бар шығар деп үйге бардым. Оған дейін мен Қажымұқан Мұңайтпасұлы туралы мектеп бағдарламасынан ғана білетінмін. Ал әкемнің кітапханасынан балуан туралы екі кітапты тауып алып оқып, аңыз адамды танып, шабыттандым. 

Кеңес кезінде «Знай наших!» деген кино болатын. Соны тауып алып, интернеттен қарадым. Қарасам, ол кинода Қажекеңнің тек екі жыл өмірін көрсетіпті. 

Екінші мәселе, Совет идеологиясында қазақты бірінші планға ешқашан шығармайтын. Сол себепті қолбала сияқты болған екен. Оған режиссердің еш кінәсі жоқ. Ол кезде заман сондай еді. Басты кейіпкерлер орыстар болатын. 

Содан соң Қажымұқанның бүкіл өмірін көрсетіп, кино түсірсем деп армандадым. Сценарий жаза бастап, қосалқы авторды таңдадым. Қажекеңнің бүкіл өмірін көрсетіп, нағыз патриот болғанын көрсеткім келді. Қажымұқан Мұңайтпасұлы Түркияда, Швецияда да жеңімпаз атанған кезде де еліне қайта келген. Сондай патриот кісінің өмірін көрсетсем екен деп ниеттендім. Сол оймен 2011 жылдан бері сценарий жаздық.

- Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолы ауқымды және күрделі екені белгілі. Бұл фильмді түсіруде сізді не ерекше қызықтырды? Фильм қаншалықты тарихи дерек негізінде түсірілді?

- Қажекеңнің өмірін бәрі біледі. Сол себепті тарихтан қатты ауытқуға болмайды. Көркем фильм болғандықтан жылдарды титрмен жазбадық. Себебі оқиғалар өте көп. Бәрін қамту үшін кей жылдардан секіріп кеттік. Негізгі мақсат – жас ұрпаққа рух беру, Қажекеңнің болмысын көрсетіп, әкеге құрметін көрсету.

- Фильмді бастамас бұрын Қажымұқан әулетімен жүздестіңіз бе?

- Иә, әрине, Қажымұқанның әулетімен кездестім. Сценарий жазылып біткен соң Бақытжан Қажымұқановқа (немересі) оқытып, сол кісінің батасын алдық. Қажымұқан Мұңайтпасұлының жерленген жеріне барып, Құран оқып, қой сойдық. 2019 жылы питчингке қатысып, жеңіп шықтық. 

Киноны 2020 жылы түсіре бастадық. Алайда пандемияға тап болдық. Соңынан үш жыл монтаж жасадық. Үш жарым сағат материалдың екі сағатын кесуге тура келгенін де айта кетуім керек. Кесілген материалдың көп жері түсініксіз болып қалды. Сол үшін қайта түсірілім жасау керек болды. Фильмде атасы немересіне Қажымұқан туралы айтып отыратын бөлім бар. Солай ғана материал толықтай жиналып, көңілімізден шықты. Қазір бұл кино прокатқа шығарылды. Көрермен жылы лебізін білдіріп жатыр.

- Сонымен бірге сынап жатқандар да бар. Бұл картинаның ел назарын аударғанын білдіретін шығар. Ал бас кейіпкерді таңдауда қандай критерийлерді басшылыққа алдыңыз?

- Кастинг өте қиын болды. Мен кастинг директорына бойы 1 метр 94 см биік болатын актер керек деп талап қойдық. Қажымұқан Мұңайтпасұлының бойы биік болған. Кәсіби актерлердің ішінде бойы ұзындары аз. Сондықтан спортшылардың арасынан да актер іздедік. Бірақ, актерден спортшы жасауға болады. Ал спортшыдан актер жасау өте қиын. Жүргенов университетінің студенттері арасынан таба алдық. Бас кейіпкердің рөлін сомдаған студент - Ербол Төлепберген. Сол кезде ол 4 курс студенті еді. Оның інісі Диас Төлепберген екеуіне бірнеше кезең жасап, 2000 адамның ішінен екі актер іріктелді. Ерболдың актерлік шеберлігін көтеру үшін кәсіби маман Ержан Түсіпов жұмыс істеді. Себебі Қажекеңнің қарт кезін 8 сағат гриммен жасап, ойнап шығу керек болды. Қажекеңнің соңғы күндерін солай ойнап шықты. 

- Қажымұқан туралы фильмді түсіру кезінде қандай қиындықтар болды? Осындай тарихи фильмдерде декорациялар, костюмдер, сахналарға көп мән беріледі. Көрермен қалай дайындалғанын білмейтін, бірақ экраннан тек нәтижесін көретін сол тұстарын айта кетсеңіз

- Біз басында костюмдерді жалға алатын болып шешкен едік. Бірақ артынша олай болмайтынын түсіндік. Бізге Қытайдың массовкасы керек болды. Сол үшін 600-дей киім тігілді. Оған 100 миллион теңгедей қаражат кетті. Басты кейіпкерлер мен бүкіл костюмді 7 компания тігіп шықты. Бір компания бізден 25 миллион теңге алып, алдап кетті. Кейіннен олармен соттасып, ақшаны алты айдан кейін қайтардық. Бәрін өзіміз қолдан жасадық. Пандемия кезінде қоюшы суретші орнынан тұра алмай сырқаттанып қалды. Өзім суретші болып, декорацияны қолға алып, қиын сәттен осылай шықтық.

- Қажымұқанның тұлғасы бүгінгі көрерменге қандай үлгі бола алады деп ойлайсыз?

- Өз еліңді сүйе білу, ешкімге сатпау, қойған мақсаттарыңа не болса да жету керек. Бұл жастарға рух беретін фильм болды деп ойлаймын. Қазір арзан комедия көбейіп кетті ғой. Жастар бізде кітап оқымайды, тек киноға барады. Кино арқылы осындай бабалардың болғанын біліп, күреске жазылып, әлем чемпиона атанса, негізгі мақсатымыз – сол. 

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер