Азат Перуашев: "Банктер активтердің 53%-ын экономика мен өндірісті қаржыландырудан гөрі бағалы қағаз түрінде ұстауды жөн көреді"

573

Банктер активтердің 53%-ын (шамамен 18 триллион теңге) экономика мен өндірісті қаржыландырудан гөрі бағалы қағаз түрінде ұстауды жөн көреді. Бұл туралы "Ақ жол" ҚДП төрағасы Азат Перуашев Мәжілістің отырысында мәлімдеп, биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің мәліметтерін келтірді деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

"Бизнес үшін түйткілді мәселенің бірі несие ресурстарының қол жетімсіздігі мен қымбаттығы болып қалуда. Біз осы күнге дейін Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемесін төмендету, екінші деңгейлі банктердің пайызын төмендету және бизнесті қолжетімді қаржыландыру қажеттілігін талап етіп келеміз, – деді демократтар фракциясының жетекшісі. — Біздің фракция депутаттары базалық мөлшерлеменің көтерілуі Қазақстанның өз өндірісінің тиімсіздігіне, импортқа тәуелділікке және инфляциялық процестердің ұлғаюына алып келетінін талай мәрте айтқан еді, осы жағдайды біз бүгінде байқап отырмыз. Жауап ретінде бізге депозиттер иелерінің мүдделеріне қысым жасалғаны туралы мәлімдеуде. Бірақ шын мәнінде, бүгінде банктер нарықтан түскен қаражатқа емес, мемлекеттік ақшаға немесе квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаражатына билік етеді".

А.Перуашевтың айтуынша, жоғары пайыздардың салдарынан несие бойынша қарыз сомасы ақылға қонымды мөлшерден асып кетіп, кәсіпорындарды рейдерлік басып алуға әкеледі, ал нәтижесінде отбасылар балаларымен бірге жалғыз баспаналарынан қуылып жатады.

Сонымен қатар, кәсіпкерлер арасында қарыз алушылардың төлем қабілеттілігіне нұқсан келуде. Бүгінде банктер экономиканың нақты секторын кредиттеуден гөрі, импортты кредиттеп, инфляцияны ілгерілете отырып, тұтынушылық кредиттерге көшуі кездейсоқ емес. Өйткені, елде ауыртпалықсыз мүлкі бар және қарызды өтеуде проблемалары жоқ бизнес күннен-күнге азайып жатыр.

Мәжіліп депутатының пікірінше, қаржы нарығын реттеу агенттігінің деректері бойынша, биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша заңды тұлғаларға, яғни экономикаға кредиттерге 20,6 % (немесе 7,2 трлн теңге) бағытталды, жеке тұлғаларға берілетін кредиттерге - 26,3% (9,2 трлн тг) ал банк активтерінің 53%-ы бағалы қағаздар түрінде орналастырылған және экономикаға жұмыс істемейді.

"Міне, Ұлттық банк саясатының нәтижесі, банктерге экономика мен өндірісті қаржыландырудан гөрі активтердің жартысынан көбін қалыпты деңгейде ұстау тиімдірек болады", - деді А. Перуашев.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер
Редакция таңдауы