Қайрош мінер ақбозат

2468
Adyrna.kz Telegram

(Алақандай эссе)

Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз ат» деген әйгілі әңгімесі естеріңізде болар... Біздің де бір Тортайымыз болып еді. Бір класта оқыдық. Парторгтың баласы. Әке-шешесі нағыз зиялы адамдар. Әсіресе, анасы өте мейірімді. Сырттан келген қонақтың бәрі сол үйге түседі. Бір күні баршаға белгілі "Менің атым - Қожаның" авторы Бердібек Соқпақбаевтың өзін осы шаңырақтан көрдік. Ауылға арнайы келген атақты жазушыны күтіп-баптап жатқан үйдің босағасынан сығалап тұрдық. Берекет бар еді бұл отбасында. Үйдің ауласында кесе шөп жатпайды. Сол тап-таза аулада мұнтаздай болып осы бала жүреді. Үсті-басына шаң жұқтырмайды. Иығына асып алатын бауы бар ала шалбарды бүкіл ауылда сол ғана киеді. Ауық-ауық тор көз матадан тігілген шалбардың аспалы резеңке бауын бас бармағымен ырғап-ырғап, тартып-тартып қояды. Бойы бір-ақ тұтам, сонысына қарамай мінезі шақар. Басынан сөз асырмайды. Ал енді қабілеті дегенің ғажап! Кез-келген есепті шемішкідей шағады. Сабақ айтса, имамға ұйығандай елтисің де отырасың. Суретті де келістіріп салады. Енді керемет!

Мұғалімдердің өзі таң қалады. Төртінші класта-ақ көзілдірік киді. Көзі – минус «бес». Бірақ сабақтан ылғи да плюс «бес» алады.
Бір күні апайымыз көктем тақырыбына мазмұндама жаздырды. Ертеңіне мұғалім оның жазғанын жатып кеп мақтады. Мақтайтындай бар, мамыр айындағы Қаратереңнің ойы мен қырын, жазығы мен қыратын көркемдеп тұрып кестелеген. Мадақ естігіміз келіп танауымыз делдиіп отырған бір топ бала лезде шаң қауып қалдық. Бір жағынан қуандым. Өйткені Оралхан ағамыз айтқандай, ол менің «аппақ қардан аққала жасап ойнаған бала күнгі досым» еді. Бәрібір оның есіл-дерті әдебиет емес, есеп-қисап болатын. Техниканың сырын білуге құмарлығы бірден-ақ байқалып тұратын. Біз келешекте оның дүйім жұртты аузына қаратқан майталман маман болатынына титтей де күмәнданбайтын едік.

Сөйтіп, менің досым, біздің кластың алғашқы «очкаригі» Қайрош, Қайыржан Әйпешов сол төртінші класты бітірген жазда құм қойнауындағы Қаратереңнен аудан орталығы – Аралға көшіп кетті. Әкесінің жұмысы ауысыпты. Ара-тұра ауылға келіп тұрды. Бір-екі жылда ыздиған қала баласы болды да шықты. Мектеп бітірді. Әскерге барды. Ресейдің ең беделді оқу орнына түсті. Түрлі себепке байланысты оқуын аяқтамады. Ескі досымыздың ескі жарасын тырнамау үшін қай оқу орны екенін айтпай-ақ қояйық. Егер оны бітіргенде энергетика саласындағы теңдессіз маман болатынына дау жоқ-ты.

Біз арман қуып, арман бізді қуып, Алматыға аттандық. Ол атақты Арал балық комбинатында жұмыс істеді. Кәдімгі қарапайым жұмысшы. Еңбек озаты. Өйткені ол қай шаруаны да жүрдім-бардым атқарып көрген емес. Одан Алматыға кетті. Қиыннан қиыстырып түрлі бұйымдар жасайтын зауыттарда, ғылыми-зерттеу институттарында тынбай тер төкті. Мұнда жүргенде техника саласындағы болашақ ғылым кандидаттары мен ғылым докторларының диссертациясына қажетті сан алуан эксперименттерді әзірлеуге өлшеусіз үлес қосты. Қысқасы, олардың жұмысын жасап берді. Ақысыз-пұлсыз. Жақсылап бір қолын қысса, жетіп жатыр. Біреуге жақсылық жасағаннан ләззат алады. «Мәскеу көз жасыңа сенбейді» деген фильмде бір ғылым докторы «Диссертациямның материалдарын дайындап бергені үшін Гошаға қарыздармын» демеуші ме еді... Бұл да сол бір институттың алтын қолды Гошасы болатын.

Оқу түс деп қанша қолқаласақ та, көнбеді. «Біздің маңдайға екі қолымызбен адал еңбек ету жазылған сияқты» дейтін де қоятын. Бір күні келді. Мен оқығысы келетінін айтар деп қуанғанмын. Сөйтсем, «Дәуір» баспасының газет басушысы болғым келеді, көмектесіңдерші» дегені... Таяқ тастам жердегі «Дәуірдің» басшылары бейтаныс жігіттен әрі-бері сыр тартып көрді де, тиянақтылығын байқап, бірден жұмысқа алды. Содан талай жыл алпауыт баспахананың отымен кіріп, күлімен шықты.
Кейін күн сәулелі, көк майсалы Шымкентке қоныс аударды. Қазір жиырма жылға жуықтады, ақпарат нарығында өзіндік орны бар «Айғақ» газетінің бас маманы. Маманы ғана емес, алтын қолды алыбы. Баспахананы да басқарады, газетті де басады, электр желісін де іске қосады, тетіктерін де жөндейді. Бір сөзбен айтқанда, бір өзі – бір баспахана. Оңтүстік өңірдің ардақты азаматы, білікті басшы, мықты медиамайталман Дулат Әбіштің егеулі найзасы, қайраулы қылышы.

Сол баяғы арманшыл Тортайды тағы да еске алар болсақ, Қайрош мінер ақбозат әлі иесін тапқан жоқ. Қазақтың боз даласында құрық ұстаған жылқышыдан жалтарып әлі күнге дейін шауып жүр деседі...

Табылар сенің иең, ақбозат! Бәлкім, саған Қайрош досымның не ұлының, не бір немересінің тақымы тиер. Лайым, соған жазсын!

* * *

Бүгін сол Қайроштың туған күні! Ақырын-ақырын жылжып отырып алпысқа келді...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

Пікірлер