Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2022 – 2024 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасы мақұлданды.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Ұлттық қордан алынатын трансферттер мәселесін көтерді.
– Ұсынылған үш жылдық бюджетте Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер сомасын кезең-кезеңімен төмендету қарастырылған (2 трлн 950 млрд теңгеден 2 трлн 400 млрд теңгеге дейін). Алайда, бюджеттің жыл сайынғы нақтылануы кезінде бұл сома екі есеге дерлік ұлғаяды (мәселен, 2021 жылға нысаналы трансферт мөлшері 850 млрд. теңгеге ұлғайтылды, дегенмен бастапқыда бюджетте 1 трлн. теңге бекітілген). Бұл ретте, Есеп комитетінің тексеріс нәтижелері бойынша 1 трлн теңге бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылғаны анықталды, - деді А. Перуашев.
Депутаттың сөзінше, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында Ұлттық қор шығыстарының көлемі түсімдерден асып түскен.
–2022 жылы Ұлттық қордың жинақтары ЖІӨ-нің 30%-на, төмендемейтін шекті мөлшеріне жақындайды, ал 2023-24 жылдары олар осы шектен де асып кетуі мүмкін деп болжануда, - деген «Ақ жол» партиясының төрағасы Ұлттық қордан алынатын қаржының тиімді жұмсалып, қатаң бақылануы керектігін айтты.
Сондай-ақ ол мемлекеттік қарыз мәселесін де көтерді.
– Мемлекеттік қарыз 2024 жылға қарай бюджет саясаты тұжырымдамасында рұқсат етілген ЖІӨ-нің 27%-ның орнына шамамен 32% мөлшерінде болады күтіледі, - деді депутат.
Оның айтуынша, 2026 жылға қарай үкіметтің қарызы 2020 жылға қарағанда 2 есе көп, яғни, 32 трлн. теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.
– Осыған байланысты, «Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлттық қордың қаражатын басқаруды реттейтін нормативтік құжаттарды, сондай-ақ мемлекеттік қарызды тарту және өтеу тәртібін қайта қарау қажет деп санайды, - деді А. Перуашев.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаты отандық бизнесті қолдау мәселесін ерекше атап өтті.
«Сауда министрлігіне экспортты ілгерілетуге бөлінген 742 млн теңгенің 223 млн теңгесін «кеңес алу» қызметіне жұмсау жоспарлануда. Ұлттық экономика министрлігі МЖӘ (ГЧП) жобаларын консультациялық сүйемелдеуге және ТЭН-ге 1 млрд теңгеден астам қаражат жұмсауды жоспарлап отыр, бұл ретте мұндай 6 жоба бар. Тағы 1,5 млрд-ты осы министрлік 10 зерттеу жұмысы үшін төлегісі келеді, - деді депутат.
Азат Перуашев өз сөзінде Үкіметтен шығыстардың осы баптарын қайта қарауды және оларды өндіріске неғұрлым өзекті мақсаттар мен практикалық көмекке қайта бөлуді талап етті.
«Адырна» ұлттық порталы