Жүрсіңдер ме жалған дүниені жалпағынан басып?...

3198
Adyrna.kz Telegram

Жүрсіңдер ме жалған дүниені жалпағынан басып?...
- Ия!...
Жүрсіңдер!...
Тірлік пен тіршіліктің арасын жалғап жүре де берерсіңдер, өлместей болып өмір сүрерсіңдер! Ол анық.
Біз де топырақ үстінде тіршілік етіп көргенбіз.
Ееее, білесіңдер ме, біз сендерге бармаймыз, сендер бізге келесіңдер! Сендер бізді сағынасыңдар, ал біз жәй ғана сендерді күтеміз, соңғы жылдары сендерден бізге келген елшілердің қарасы көп. Соған қарағанда бір кесапаттың болып жатқаны анық. Тура мылтықсыз майдан дерсің! Ашық майданда - алаң жауынгердікі. Жауынгер демекші, жауынгер мен қаламгердің айырмашылығын білесіңдер ме?...
Жауынгер найзасымен сырттан келген жауды түйресе, қаламгер іштен шыққан дұшпаннан да, сырттан шапқан жаудан да қаламын қылыш, қағазын қалқан етіп еліне араша түспек. Біз сол қаламгерлер өкілі едік. Қаламгерді неге айтып отыр дейсіңдер ме? Жоғарыда айтқан кесапат қой. Осындай қиын сәтте елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын қаламгер, халық пен хан арасын жалғайтын алтын көпір болатын. Қане олар?... Кешегі қара ормандай қаптаған, қаламгерлердің сарқытынан қалғандары шамалы-ау деймін... "Әдебиет - ардың ісі". Шындықты айтып шырылдап, шындық отына шыжғырылып жатқан ешкімнің ащы дауысы ести алмадым. Біз біреуге жақпасақ білімсіздіктен емес, мінезімізден жақпаған едік. Біз шындықты айтып, шынайы жазып сөз киесінен қорыққан едік.
Аштықтан, соғыстан, шешек ауруынан, қуғын-сүргіннен қырылғаның аз ба еді қазағым !
Ел аман, жұрт тынышта дәрігердің азынан, дәрінің жоғынан қынадай қырылу деген не масқара? Соғыссыз жарылыс, селсіз су басқаны несі?!..., тіпті, өртке оранған нәрестелерге бір тамшы су бүрки алмауларың не деген сұмдық еді?!... Бәрі үшін сұрау болады, бәрі үшін жауап бересіңдер!... Даралары дүбәрә, тұлғалары тобыр болған қоғам-ай!...
Тірлігімде облыстан облысқа, министрліктен министрлікке түк бітірмей көшіп-қонып жүрген біреулерді көрсем, жайлы жер іздеп көлін тастап ұшып-қонып жүрген үйректерге Сұңқардың;
- "Мына көтендерің аман болса, оны да сасытарсыңдар" деген әпсана есіме жиі оралады.
-Туу, пап. Қойыңызшы, болды... Сізді "Рахымжан аралынан" кезіктірем деп ойлаған жоқ едім. Сізді сағынғаннан ба, бәлкім жабыққаннан ба осы аралдың тұрақты тұрғынына айнала бастағандаймын, одан да
сырласайықшы пап...
-Аралымды иесіз қалдырмай келіп жүргенің жақсы екен, Раяжан. Сен жиі келгеніңмен өзім құрған" Рахымжан патшалығына" өте сирек келетінді шығардым. Бала күнгідей бұл жақта жалғыз емеспін, содан да болар...
- Қоғам қателігін жіпке тізгендей етіп айтудан Сіз, тыңдамаудан қоғам жалықпады, Пап. Айтарыңызды айтып, жазарыңызды жазып кеткен жоқ па едіңіз?! Түсінетін жұрт "Бас" романындағы Махамбеттің емес, тұтас қазақтың басын таппай жүргенін, «Бейбарысыңыздан» ер туған елдің қадірін , «Абай сот», «Жәңгір», «Сырым батыр», «Мұстафа Шоқайыңыздан» қазаққа кімдердің керектігін жетесіне жеткізіп-ақ жазғаныңыздан түсінуі керек еді ғой.
- Тентегім-ау! Тұңғышым- ау! Адам бар жерде арамдық, мемлекет бар жерде мейірімсіздік, ұлт бар жерде ұятсыздық, сатқындық бар бола береді. Мені қоя берші , Абай атаң соңынан ерте алмаған қазақ менің шимайыма ширай қалады деп пе едің? Ауызы барлар емес, ақылы барлар айту керек. Күрескерлік - деген осы. Әттең!...
- Пап, тұтас халық күрескер болып кетсе тәтті өмірді кім сүреді?
Кім ғашық болады?
Кім мақсат қояды?
Кім арман қуады?!...
Әр адамның өз табиғаты, өз жолы, өз тағдыры бар емес пе?...
- Аналарың ашынғаннан алаңға шықса, қыздарың қытығынан айырылғаннан көше жағалап кетсе, ұлдарыңда ұлтшылдық қалмаса қандай от мінезді тұлға, ет жүректі азамат төзімі таусылып, қасқайып қарсы тұруы мүмкін еді, айтшы маған?!
Бөлтірік шешен емес, блогерді, Кенесары емес комиктерді пір тұтып жүрген жастарда қайдан ұлттық мүдде болсын?!
Ғылым жолын үйретем деп шыбын жанын шырқыратып жүрген бір азаматты көрдің бе?...
Бәрі баюдың төте жолын үйретеміз деп дүбәрә болып жүр...
- Ойыңызды білгім келген, қоғамның бейнесін айнытпай айттыңыз, осы аралда жүргенім, бәлкім, сол бір ортадан алыстағым келгені болар, Пап.
- Ееее, несін айтасың! Айтып тауысу, күресіп жеңу мүмкін емес заман орнады, Раяжан!
Қиял биігінде кезігіп те сағыныш шөлін басуға болады екен ғой, ә, есенсің бе, қызым?
- Басымыз аман, Пап. Қыздарыңыз әр әулеттің отын түтетіп отыр. Жиендеріңіз өсіп жатыр. Кішкентай Мәдиімнің өзі Сіздің суретіңізді көрсе "атам ғой",- деп ентелеп тұрады.
​Бірақ, өзіңіздің қолдауыңызға мұқтаж екенмін, сырымды айтатын, өмір салмағын бел қайыса бірге көтеретін, тұйыққа тірелгенде жол көрсетер адам табылмай қиналғанда сол баяғы бала күнгідей Сізді іздеймін, Пап.
- Уақытша, бәрі уақытша, соны ұқ. Мен де сан рет адамдар арасында жүріп адасқанмын. Тірілер ішінде жүріп тіршіліктен безген сәттеріміз қаншама болды!...
- Пап, Сізге қаншама сырымды айтқым келеді, көл-көсір етіп төккім келеді, бірақ осылай қиял кеңістігінде бетпе-бет кезіккенде тілім байланады да тұрады. Неге?
​- Қызым, құсалық деген осы. Құлақ бәрінде бар, бәрі естиді, бірақ жүректен өткізе алмайды, ауыз бәрінде бар, бәрі сөйлейді, бірақ ақыл елегінен өткізе алмайды. Бір сөзімде; -"Өтірігіміз жарасып дос болып едік, ортаға шындық түсті де, ажыратып жіберді",- дегенім есімде, сырымыз жарасып, шер тарқатар едік, өмірімізге өлім араға түсіп, ажыратып жіберді, не амал бар Раяжан?!...
- Пап, аралыңызға жиі келіңізші, жиі сырласайықшы, Сізге айтарым да, Сізден сұрарым да көп. Санамда мазмұнсыз, мәнсіз, жүйесіз сауалдар толып жатыр, тазартқым келеді.
- Мен кеттім....
- Тоқташы, Пап! Сырларым мен жауапсыз жүрген сауалдарым ше?.., Пап, тоқтаңызшы!...
- Сіз қашан қоштасуды үйренесіз?
Осымен үшінші рет қоштаспай кеттіңіз. Ал мен Сізді құттықтап та үлгермедім!...
Әкеме деген сағынышым жанымды қинап, жүрегімді сыздатқанда еріксіз қабырғада ілінген суретіңізге қараймын... Бұл суретті қызыңыз Айнұр (Айчүрегім дейтінсіз) Сіздің дүниеден өткеніңізге 40 күн толған күні қабырғаға іліп еді. Есімде, сол күні бәріміз үнсіз таңырқап, жанарымызға жас толған болатын. Ол қолына қыл қалам ұстап көрмеген, Алланың құдіреті шексіз, қолына қалам алып бір түнде Әкеге деген сағынышын, қайғысын қағаз бетіне түсірген екен. Ол суретші емес, сонда да суретте Сізді сөйлете алғандай ма?... Сізді сағынғанда Сіздің көздеріңізге үнсіз қарайтын болдым. Көздеріңіз кейде мұңайып, кейде уайымдап, кейде ойланып, қейбір күндері қаһарланып, от шашып тұрады... Жоқ әлде бұл сезім менің көңіл-күйіме қарай өзгеріп тұра ма екен?... Ұрланып, тағы да көздеріңізге қараймын. Мені байқамайсыз, басқаша бір терең ойға шомып кеткендейсіз бе?... Сарғайған сағынышым сап-сары жапырақтай үзіліп түсті...Көздеріңіз сөйлеп қоя берді...
Сіздің портіретіңізге қарап іштей осындай күй кештім. Сіз жауап қатқандай болдыңыз, тіпті құлағыма үніңіз естілді. Егер де өмірде жолыққанымызда, көңіліңіз толмаған осы қоғамның қасіретін тура осылай айтып берер едіңіз-ау!... Мен расымен Рахымжан аралының тұрақты, қиялшыл тұрғыны бола бастағандаймын. Құттықтап та үлгермедім.

ТУҒАН КҮНІҢІЗБЕН, ПАП!...

Рая ОТАРБАЕВА,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер