Ақтөбеде республикалық әдеби форум өтті

588

14-15 қазан күндері Ақтөбе қаласында "Әдебиет. Рух. Қоғам" атты республикалық әдеби форум өтті. Форум біздің өңірде үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді.
Оның жұмысына белгілі ақындар мен жазушылар – Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақын Елена Әбдіхалықова, ақын Бауыржан Жақып, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Мереке Құлкенов, композитор Құрманәлі Қалдыбек, мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері және т.б. қатысты.
"Мен сіздерді Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында, "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған дәстүрлі "Әдебиет. Рух. Қоғам" форумында көргеніме қуаныштымын. "Алаш" қозғалысының көшбасшысы Ахмет Байтұрсыновтың "өз тілінде сөйлейтін және өз әдебиеті бар халық қана дербес өмірге үміткер бола алатынын ешқашан ұмытпауымыз керек" деген сөзін есте ұстасақ, форумның басты мақсаты қазақ әдебиетінде елеулі із қалдырған Ақтөбе өңірінің көрнекті тұлғаларының есімдерін танымал ету. Сондай - ақ жаңа таланттарды анықтау болып табылады", - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин форумның ашылуында.

Өңір басшысы соңғы жылдары Ақтөбе облысында қазақ мәдениеті мен әдебиетін насихаттау және дәріптеу бойынша жүзеге асырылған жобаларға қысқаша тоқталды. Ақтөбеде Алтын Орда дәуірінің қолбасшысы және мемлекет қайраткері Ер Едігенің, ұлы ойшыл Абай Құнанбаевтың ескерткіштері ашылды. Киелі нысандар, оның ішінде Абат Байтақ, Хан моласы, Досжан хазірет кесенелері қалпына келтірілді. Екі жыл бұрын Темір ауданындағы Тасқопа қорымынан табылған Алтын адамның киімдері қалпына келтірілді. Белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді. Ақтөбе облысынан шыққан атақты ақындар мен жазушылардың үздік шығармаларының жинағы шығарылды.

Айта кетейік, екі күндік форум аясында "Едіге деген ер екен" атты республикалық жыршылар байқауы, Табылды Досымов атындағы бард әндерін орындаушылардың республикалық конкурсы және басқа да іс-шаралар өтті.

Сонымен қатар республикалық әдеби байқаудың 10 номинация бойынша жеңімпаздары марапатталды. Оларға Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Өтежан Нұрғалиев, Тобық Жармағамбетов, Қажығали Мұхамбетқалиұлы, Тахауи Ахтанов, Бәкір Тәжібаев, Үмбетбай Уайдин, Қуандық Шаңғытбаев, Ізтай Мәмбетов сияқты шығармалары қазақ әдебиетінің классикасына енген көрнекті ақтөбелік ақындар мен жазушылар атындағы стипендиялар табыс етілді.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

 

Пікірлер
Редакция таңдауы