Ақмолада ер адам әйелі мен баласын өлтіріп қашып кеткен

5240
Adyrna.kz Telegram

Ақмола облысында Ресей азаматы әйелі мен баласын өлтіріп, жасырынып қалған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы "Astana" арнасына сілтеме жасап. 

Роксана Халдееваның айтуынша, өткен жылдың қазан айында өгей әкесі мен анасы Атбасарға балаларын көріп келу үшін аттанған. Алайда бір тәуліктен кейін ер адам қайта оралып, анасының баламен тағы біраз болатынын айтқан. Дәл сол күні кешке полиция қызметкерлері Роксанаға анасы Елена Холдееваның қаза тапқанын хабарлаған. Қыз анасының өліміне өгей әкесі кінәлі деп санайды.

"Бала ашуланып, ешқайда барғысы келмей жылаған екен. Анам Атбасарда сіңілімді көндіру үшін қалыпты. Әкесі Ресейге іссапарға баратынын айтып, қайта келді де, бірнеше күртешесін алып кетті. Сол күні түнгі 23:00 шамасында Атбасар аудандық ішкі істер бөлімі қызметкерлері анамның қайтыс болғанын айтты", - дейді Роксана Холдеева.

Роксана сіңілісінің бұдан екі жыл бұрын қаза тапқанын полиция қызметкерлерінен естіген. Баланың мәйітін 2018 жылы Атбасарда кәріз люгінен тапқан. Роксана сіңілісі мен анасын өгей әкесі өлтіргеніне сенімді екенін айтады. 

"Сараптама нәтижесі баланың менің сіңілім екенін көрсетті. Елена Халдеева – 2018 жылы қайтыс болған баланың анасы. Бірақ бұл туралы ешкім білмеген. Кейін екі қылмыстық істі біріктіріп, Русланға халықаралық іздеу жарияланды", - деп қосты Роксана. 

Күдікті Руслан Назмиев 7 қазанда Ресейдің Қазан қаласында тұтқындалған. Бірақ Ақмола облысы полиция қызметкерлері халықаралық келісім бойынша Ресей азаматын Қазақстанға экстрадиция жасауға болмайтынын айтады. 

"Қылмыстық істің материалдары Ресей Федерациясының құзіретті органдарына жіберіліп, қылмыстық істі жалғастыру сұрағын шешу үшін Қазақстан Республикасы Бас Прокурорына жіберу жоспарланып отыр", - деді Ақмола облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Гүлнар Пинчук. 

Елена Халдееваның қаза тапқанына 1 жыл болған. Марқұмның қызының айтуынша, құқық қорғау органдарының баяулығы кесірінен күдікті Ресейде бостандыққа шығып кетуі мүмкін. 

 

Пікірлер