Нұр-Сұлтанда бір топ әйел митингіге шықты

4358
Adyrna.kz Telegram

Нұр-Сұлтанда 50 жастан асқан бір топ әйел Еңбек министрлігінің алдында митингке шықты. Қолдарына «Зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтаруды талап етеміз» деп жазылған плакат алып шыққан олар өздері жазған гимнді орындап, «билік зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтарсын» деп талап қойды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "31 арнаға" сілтеме жасап.

Еңбек министрілігі ғимаратының алдына жиналған, басына ақ орамал таққан әйелдер қолдарына «Зейнетке шығу жасын 58 жасқа қайтаруды талап етеміз» деген плакатты ұстап шыққан. Олар биліктің назарын аударатын басқа амал қалмағанын айтады. Өйткені, бұған дейін «Нұр Отан» партиясына, Президентке және басқа да құзырлы органдарға жазған хаттарына жауап алмапты.

– 50 жастан кейін денсаулық нашарлайды, жұмыс та табыла бермейді. Зейнетке шығу жасын ұлғайтқанда адамдардың өмір сүру жағдайын ескермеген. Бізді естісін деп әдейі Қарттар күнінде осылай митингіге шықтық. Әйелдердің зейнетке шығу жасы бұрынғыдай 58 жас болуын талап етеміз, — дейді Майкен Бигарыстанова.

Ал Кенже Сембаеваның айтуынша, 50 жастан кейін әйел болсын, еркек болсын, ауырады, еңбекке қабілеттілігі төмендейді.

—  Елімізде әйелдердің бәрі кабинетте ручка ұстап, компьютердің алдында отырмайды. Көп әйелдер еден жуады, көше сыпырады, ауыр жұмыс жасайды. Оларға өте қиын 63-ке дейін жету. Зейнетке шығу жасын біздің үкімет Еуропаға қарап бекітті.  Ал біздің өмір сүру жағдайымыз Еуропағыдан алыс, — дейді ол.

Министрлік алдында әндетіп тұрған әйелдерді полиция қызметкерлері бақылап тұрған. Біраздан кейін оларды министрлік қызметкерлері ғимаратқа кіргізген соң, бір топ әйелдің талабы ұзақ дискуссияға айналды.

 – Біз мәселеден қашпаймыз. Сіздердің талабыңыз бойынша вице-министр Ақмади Сарбасов жұмыс істеп жатыр. Ол қазір іссапарда жүр. Талабыңыз ескерусіз қалмайды, —  деді жиналғандарға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақымен қамтамасыз ету департаментінің директоры Виктория Шегай.

Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Шыңғысбек Сұлтанбеков әйелдердің талабын министрге жеткіземін деп уәде етті. Десе де, заңды өзгерту үшін 3-4 ай уақыт кететінін ескертті.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер